Әсет ӘЛИЕВ: Анықтаушыларға жүктелер жүк ауыр

Анықтаушы – әдеп пен ардың адамы. Азаматтың ар-ұяты, құқығы, бостандығы, еркіндігі, яғни бір сөзбен айтқанда, оның тағдыры қылмыстық істер бойынша шығарылатын тергеу қорытындысына тікелей байланысты. Тергеу амалдарын жүргізуде тегеуренділік танытуы тиіс маман иелерінің қыркүйектің 6-сы – кәсіби мерекелері. Анықтаушылар қызметіне биыл – 27 жыл. Осыған орай, біз Астана қаласы Алматы аудандық ІІБ, Алматы аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу істері бойынша орынбасары, полиция майоры Әсет Әлиевпен сұхбаттасқан едік.
Әсет Әлиұлы, Алматы аудандық полиция бөлімінің өткен тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп берсеңіз?
– Біздің Алматы аудандық полиция бөлімі 2015 жылы құрылған. Анықтау бөлімшесі де осы жылы құрылды. Ол кезде бөлімшеде штат саны 13 адам болатын. Былтыр ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге орай штат ұлғайып, қызметкерлер саны 37-ге жетті. Бүгінде анықтаушы бөлімшесінің штатында 31 қызметкер бар. Оның ішінде, Астана қалалық ІІД-ге үлкен істерді тергеуге жіберілген қызметкерлеріміз бар. Анықтаушылардың міндеттеріне аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істерді тергеу кіреді. Аса ауыр емес қылмыс түрлері аса ауыр қылмыстарға қарағанда екі есе көп жасалынады. Негізінен, ұрлық-қарлық, бұзақылық, денсаулыққа жеңіл жарақат келтіру қылмыстары көптеп орын алады. Бұл қылмыстар барлық қылмыстардың 80 пайызын құрайды. Осы санаттағы қылмыстар бойынша анықтаушылар сотқа дейін тергеп-тексеру амалдарын жүргізеді. Бұдан бөлек, олар елорамызда өтетін саяси іс-шараларға да жұмылдырылады.
– Анықтаушылар мен тергеушілердің жұмыстарының айырмашылығы – тергейтін қылмыс түрлерінің күрделілігінде екенін айтып өттіңіз. Анықтаушылар анық-қанығы белгілі болған қылмыстық істерді тергеумен айналыса ма?
– Ең негізгі айырмашылық – тергеуші ешкімнің араласуынсыз, өздігімен шешім шығаратын болса, анықтаушы қылмыстық іс бойынша соңғы шешімін анықтау органының басшылығымен келісе отырып шығарады. Анықтаушы тергеген іс бойынша қаулыны анықтау органдарының басшылығы бекітеді. Яғни, біздің жағдайда бұл шешімге мен немесе аудандық полиция бөлімінің бастығы араласады. Сондай-ақ, анықтаушылар айқын істерді тергеумен айналысады. Ол қандай істер? Айталық, бұл қылмысқа қатысы бар күдікті ұсталған, оның түр тұлғасы анықталған істер бойынша анықтаушы әрі қарай жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу жүргізеді. Күдікті кінәсін мойындап, қылмысқа барғанын жасырмай, айғақты заттар алынған жағдайда анықтаушы заң бойынша 15 күннің ішінде қылмыстық істі сотқа жібереді. Яғни, олар тергеушілер сияқты істі айлап тергемейді.
Дей тұрғанмен, анықтаушыларға да істің анық-қанығын анықтауда қиындық тудыратын қылмыстық істер жоқ емес. Мысалы, сондай істердің бірі – компьютерлік қылмыстар. Бүгінде бұл күрделі мәселе. Қылмыстық кодекске компьютерлік қылмыс туралы тарау 2015 жылы ғана енгізілді. Оған дейін ҚК-де бұл қылмысқа қатысты жеке бап болған жоқ. Сондықтан анықтаушылар біраз қиналды. Оларға түрлі тергеу амалдарын жүргізу үшін прокурордан санкция алуға тура келген еді.
Компьютерлік қылмыстар соңғы жылдары белең алып келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Заманауи технологиялардың көмегімен жасалатын қылмыстардың түрлерін тергеуде қандай қиындықтар кездеседі?
– Компьютерлік қылмыстар айтарлықтай жиі тіркелмейді. Орын алған күннің өзінде барлығы бірдей тіркеле бермейді. Өйткені, адамдардың барлығы бірдей сауатты емес. Көбі әлі күнге дейін әлеуметтік желіде жеке басын қорлау, балағат сөздер жазу қылмыстық жауапкершілік екенін біле бермейді. Көзі ашық азаматтар мұндай фактілер бойынша бірден арызданады. Қазір ғаламды жаулаған ғаламтор жүйесінде инстаграм, вконтакте, фейсбук сияқты кең таралған әлеуметтік желілерде адамдардың бір-бірін балағаттау, ар-намысына тиісу, парақшаларын бұғаттау, жеке бастарына тиісу фактілер жиі орын алады. Біреудің парақшасын бұзып, қорлық сөздер жазып, аккаунт иесінің абыройына нұқсан келтіру мақсатында хабарламалар тарататындарға ҚК-де жауапкершілік қарастырылған.
Мұндай істерді тергеумен тікелей анықтаушылар айналысады. Интернет арқылы жасалған қылмысты анықтау өте қиын. Өйткені, интернет дегеніміздің өзі шеті қиыры жоқ шексіз әлем ғой. Бұл қылмыстар әлемнің басқа нүктесінен жасалынуы мүмкін. Мысалы, біздің іс тәжірибемізде мынадай бір жағдай болды. Әлеуметтік желіде қазақстандық азаматшаның жыныстық қызмет көрсететіні туралы жалған хабарлама тарайды. Мұндай қастандыққа барғандар хабарламаны Астана-опера балет театрының wi-fi-нан кіріп таратқан. Мұны жасағандарды анықтау үшін хабарлама тараған күн мен уақытты, бұл уақытта театрда болған адамдар санын біліп, бүге-шүгесіне дейін зерттеуге тура келді. Анықтаушылардың жұмысы сырт көзге ауыр көрінбеуі мүмкін. Бірақ, шын мәнісінде шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін қиын жұмыс.
Қылмыстық істер орташа алғанда қанша уақытта ашылады?
– Негізінен, анықтаушылар қылмыстық істерді 15 күннен артық тергемейді. Жоғарыда айтқанымдай, олар қарайтын істер бойынша күдікті анықталған, ұсталған, айғақты заттар алынған болса, анықтаушылар 15 күнге дейін істі сотқа жолдайды. Біз қазір оның үстіне жыл басынан бері «Е-қылмыстық істер» қанатқақты жобасын тестілеуден өткізіп жатырмыз. Біз республика бойынша бұл жобаны тестілеуді бастаған бірден-бір бөлімшеміз. Осыған орай, біздің анықтаушылар тиісті техникамен (стилус, картриддер) қамтылды. Осы техникалардың көмегімен анықтаушылар істі электронды түрде жүргізеді. Ол былай болмақ. Арызданушы бізге арыз қалдырады. Біз оны электронды форматқа ауыстырамыз. Ол өзінің электронды қолын қояды және тағысын тағылар. Яғни, барлық тергеу амалдары электронды форматта жүргізіледі. Алматы аудандық ІІБ мен біздің бөлім және Тараз қалалық ІІБ 1-полиция бөлімі бұл жобаны тестілеуден өткізіп көрді. Тестілеу көрсеткендей, бұл біріншіден уақыт үнемдейді. Екіншіден, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Қылмыстық істі жүргізудің электронды форматы енгізілуіне байланысты Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгертулер енгізіліп, онда тергеушілер мен анықтаушалыр қылмыстық істі электронды форматта тергеуге құқылы екені көрсетілді.
Жоғарыда анықтаушылар тобының штаттық саны артқанын айттыңыз. Сәйкесінше, оларға артылар жүктеме де азайған болар. Жалпы, орташа есеппен бір анықтаушының өндірісінде қанша іс жүреді?
– Анықтаушыларға жүктелер жүк ауыр. Әбір анықтаушының мойнында 30-дан 35-ке дейін қылмыстық іс жүреді. Яғни, олар бір уақытта бірнеше қылмысты тергеумен айналысады. Азаматтар оның өндірісінде отыздан астам қылмыстық істің жүретінін түсіне бермейді. Содан да, істі тергеу созылып кеткенін айтып, шағымданып жатады. Біз сондайда анықтаушы біреу, ал оның қарауында іс көп екенін айтып түсіндіруге тырысамыз. Ал әрбір істің артында – адам тағдыры.
Анықтаушыларға тағылар айып та көп. Олар мысалы түнге кезекшілікке түскен күні ертесінде демалады. Олар да адам баласы ғой. Адамдар оның жұмыс орнында болмау себебін түсініп алмай, байбалам салады. Анықтаушы кеңседе қамалып отырмайды, өйткені оның жұмысы отыруға мұрша бермейді. Олар үнемі қозғалыста жүреді. Олар қызмет бабында түрлі жағдайлар, небір оқиғаларға тап болып жатады. Мысалы, көлігін бөгде біреулер айдап кеткенін айтып шығам айтушылар болады. Анықтаушылар істің анық-қанығына көз жеткізу үшін камераларды қарап, істі сотқа дейінгі бірыңғай реестрге тіркейді. Ақыр аяғында, көлікті мініп кеткен арызданушының інісі немесе сіңлісі болып шығады. Мұндай оқиғалар көп кездеседі. Біз адамдарға қылмыстық іс қозғасақ, оны аяғына дейін жеткізуіміз керек екенін түсіндіреміз. Азаматтар болса істі ортасынан тоқтатуымызды талап етіп, айғай-шу шығарады.
Аудандық полиция бөлімінің аумағына қарайтын қаламыздың Оңтүстік-шығыс бөлігінде қандай қылмыстар жиі орын алады?
– Қаламыздың Оңтүстік-шығыс аумағында жеке секторлар шоғырланған. Мұнда тұрып жатқандардың 70 пайызы басқа өңірлерден көшіп келгендер. Бұл аумақта көптеген жатақхана, қонақүйлер орналасқан. Негізінен жалға берілетін жатақхана типіндегі жер үйлер көп. Бұл үйлердің әр бөлмесі жалға беріледі. Астана қалалық ІІД-не келген жаңа басшы осы жатақханаларды бақылауымызға алуды тапсырды. Оның тапсырмасымен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жедел іс-шара өткізіліп, жатақханалар бойынша сипаттама жинап, бақылауды күшейттік. Себебі, бұл жатақханаларда күнделікті ұрлық фактілері орын алатын. Адамдар мұнда ауылда жүргендей баланың велосипеді сияқты құнды заттарын сыртқа қалдырып кетіп, қолды қылады. Немқұрайлылықтың зардабын тартып, арыздарымен біздің алдымызға келеді.
Бұл аумақта орын алатын қылмыстың негізгі бөлігін ұрлық-қарлық құрап отыр. Мысалы, 7 қылмыстық факті тіркелсе, оның 4-і ұрлыққа қатысты. Екінші орында – алаяқтық. Соңғы уақытта интернет-алаяқтық белең алып келеді. Адамдар instagram сияқты әлеуметтік желілерді алаяқтықтың алаңына айналдырып алып жатыр. Осы әлеуметтік желіде техника, тон, қосалқы бөлшектер, киім-кешектер сататын фейк аккаунттар көп. Олардың әрекет ету схемасы белгілі. Сатып алушыдан алдын ала ақша аударуын сұрайды, сосын «қоянның» суретін салып кетеді. Мұндай фактілер соңғы кездері жиілеген. Біз интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін азаматтарға түсіндіріп, оған ұрынбаулары үшін брошюралар таратып бердік. Соған қарамастан тексерілмеген интернет дүкендердің қызметіне жүгінетіндер көп.
Анықтау бөлінісінің жыл басынан бері атқарған жұмыстары жайлы айта отырсаңыз?
– Жыл басынан бері Алматы аудандық полиция бөлімінің Анықтаушылар бөлімшесі 225 қылмыстық істі сотқа дейінгі жедел тіргеу тәртібінде жүргізіп, аяқтады. Тергеу барысында анықтаушылар 28 қылмыскерді ұстады. Оның ішінде, 18-і қамауда ұстау жазасына тартылса, қалғандарына сот үй қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады.
Қылмыс хронологиясына келсек, жыл басынан бері тіркелген қылмыстардың 70 пайызға жуығы – ұрлық фактілері, 20 пайызы – алаяқтық, қалған 10 пайызын бұзақылық фактілері құрайды.
Еңбек жолыңызды қатардағы тергеуші болып бастадыңыз. Қарапайым тергеушіден бүгінгі басшылық лауазымға дейін жүріп өткен жолыңыз жайлы қысқаша баяндап берсеңіз?
– Ішкі істер органдарында қызмет етіп келе жатқаныма 10 жылға таяп қалды. 2009 жылдан бері Ақмола облыстық ІІД, Қостанай облыстық ІІД, Астана қалалық ІІД-де тергеуші, аға тергеуші, аса маңызды істер бойынша аға тергеуші болып қызмет еттім. 2015 жылы Есіл аудандық Ішкі істер басқармасына анықтау бөлімінің бастығы болып бардым. 2015-2017 жылдары аралығында осы лауазымда қызмет еттім. 2017 жылы Алматы аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жұмыстары бойынша орынбасары болып тағайындалдым. Яғни, бұл лауазымда мен анықтау, тергеу және жедел криминалистика бөлімдерінің жұмысына жетекшілік етемін. Бір сөзбен айтқанда, осы үш бөліністің жетекшісімін.
Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра МЫРЗАХМЕТ,
суреттерді түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*