Тағдырлар тоғысқан мекен

Адамның тағдыры ана құрсағында жатқанда-ақ жазылып қояды дейді. Біреуде – тіл үйірген тәтті тағдыр болса, біреудікі – қызыл тіліңді қарып түсер кермек тағдыр. Ешкім де анасынан бақытсыз болып тумайды. Бүгінде қатал тағдырдың сынына ұшыраған қорғансыз қалған аналар мен жүкті әйелдерге пана болған «Ана үйі» қоғамдық қоры жұмыс істеп келе жатқанына бес жылдан астам уақыт болыпты. Азулыға бар, азусызға тар заманда аналарға көмек қолын созып, қаншама тағдырды тоғыстырған Астанадағы «Ана үйінде» болып қайттық.
Жалпы қазіргі заманда «Ана үйлерінің» жұмыс істейтінін біреулер білсе, біреу білмейді. Бұл меценаттардың жеке еркімен әлеуметтік жетімдіктің алдын алу үшін ашылған күйзеліс орталықтар жүйесі болып табылады.
Таңғы сағат 10-да Астанадағы «Ана үйі» қоғамдық қоры аясында ашылған аналарға арналған үйлердің біріне келдік. Сырт қарағанда қаншама ананы паналатып отырған үй деп ойламайсың. Екі қабатты тұрғын үйдің ауласы мен іші тап-таза. Бірінші қабатында ас үй, қонақ бөлмесі және тігін бөлмелері орналасса, екінші қабатта балалар мен аналарға арналған бөлмелер бар.
Бұл үйдің тарихына келер болсақ, ең алғашқы «Ана үйі» 2013 жылы «BI-Group» холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев пен жұбайы Анар Рахымбаеваның бастамасымен ашылған екен. Бүкіл Қазақстан бойынша 3465 жас ана «Ана үйлерінен» көмек алған. Бүгінгі таңда еліміздің 19 қаласында 25 «Ана үйі» жұмыс істейді. Бұл жоба нәтижелігін көрсеткеннен кейін, басқа да кәсіпкерлер осы жобаға қосылып, қолдау көрсете бастаған. Біз таныс болып қайтқан елордамыздың сол жағалауында орналасқан үйде соңғы бес жыл ішінде 198 ана көмек алған екен.
Негізінен «Ана үйі» қоғамдық қоры күйзеліс орталықтарын ашқанда жас аналар үшін үйдегідей жағдай жасауды көздеген. Мұнда көрсетілетін көмек түрлері қатарында тұрғылықты орынмен қамтамасыз ету, психологиялық қолдау көрсету, медициналық көмек, құжаттарды қалпына келтіру, жәрдемақы рәсімдеу, білім беру, жұмысқа орналасуға көмек көрсету, іс-тәжірибеден өту сынды әлеуметтік қолдаулар бар.
Бүгінде елордамызда екі «Ана үйі» жұмыс істейді. Екеуі де 2013 жылы ашылған. Әрқайсында координаторлар бар. Өткен жылы «Ана үйі» қоғамдық қорының меценанттары себепші болып, «Анашым, мені қалдырма…» телехикаясы дүниеге келген болатын. Телехикаяда қиын жағдайға тап болған қыздардың шынайы оқиғалары баяндалады. Онда жанұясы мен қоғам тарапынан қолдау көрмей, күйзеліске түскен қыздар сәбилерін далаға тастап, кейбіреуілері өздеріне қол жұмсап, кешірілмес қадамдарға да барады. Фильмдегі басты кейіпкер Назымның оқиғасымен білімнің таяздығы салдарынан қыздардың қандай қиын әрі қауіпті жағдайларға тап болатынын, «Ана үйінен» қалай қолдау табуға болатынын көрерменге көрсеткісі келеді.
«Астана телефильм» компаниясының шығармашылық тобы «Анашым, мені қалдырма…» жобасына дайындық кезінде Алматыдағы «Ана үйі» қоғамдық қорына қарасты үйлерде болып, сюжеттік желіні өмірдің өзінен алған. Олар тек нақты аты-жөндерін, туған жерлерін өзгертіп, әр түрлі кейіпкерлердің басынан өткен жағдайларды көрсетеді.
Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, «Ана үйіне» орналасқан әйелдердің 80 пайызы кейін отбасыларымен қауышады екен. Себебі, бұл үй оларға психологиялық қолдау көрсетіп, туған-туыстарымен қарым-қатынастарын нығайтумен қатар, жас аналар үшін біліктілікті жоғарылату, жаңа мамандық беру жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. «Ана үйлерінде» 5 жыл ішінде 240 анаға қосымша білім беріліп, 900-ден астамы жұмысқа орналастырылған. Өмірдің қатал сынына ұшыраған 3465 әйел өз отбасын сақтап қала алған. 465 әйелдің құжаттары қалпына келтірілген.
Аналарды аталған үйде орналастыру жағдайларына келер болсақ, 6 айдан бастап 12 айға дейін сонда тұруға мүмкіндіктері бар. Әр әйелдің жағдайы жеке-жеке қарастырылып шешіледі екен. Жалпы 18 айға дейінгі баласымен немесе жүктіліктің 3-ші триместріндегі 30 жасқа дейінгі жас әйелдерге көмек көрсетіледі.
Жас келіншектердің біразы бізбен сөйлесуден бас тартты. Себебі, біреуінің ата-аналары немесе туыстары олардың осындай жағдайда екенінен хабарсыз көрінеді. Әсел есімді жас анамен сөйлескенімізде өзінің елордада 10 жылдан астам уақыттан бері тұрып келе жатқанын айтты. Мектептердің бірінде зертханашы болып жұмыс істепті. Кездесіп жүрген жігіті аяғының ауыр екенін естігенде, «некесіз бала керек емес» деп одан бас тартыпты.
Әсел өзінің аяғы ауыр екенін өте кеш білген. Ғаламтор желісі арқылы «Ана үйі» жайлы мәлімет алып, жүктіліктің 8-ші айында осы үйге келіп орналасыпты. Ауылдағы анасы мен туыстары оның баласы бар екенін білмейді. Бүгінде Әсел баласын дүниеге әкелген. «Ана үйінің» қолдауымен алдағы уақытта баласы жасқа толғаннан кейін, балабақшаға орналастырып, жұмысқа шықсам деген ойы бар.
Ал екінші кейіпкеріміз бұл үйде өткен жылдың күзінен бері тұрып жатыр екен. Баланың әкесі анда-санда хабарласып тұрады дейді. Ал, ата-анасы қыздарының осындай жағдайда екенінен хабарсыз. Жас ананың сөзіне қарағанда, баланың әкесі жауапкершілікті алуға дайын емес.
Түскі ас уақыты келгенде әр ана кесте бойынша кезекшілік етеді. Бірі тағам дайындаса, бірі үйдің тазалығына жауап береді. Одан кейін үйдің тігін шеберханасында болып, қыздардың өз қолдарымен тіккен қолөнерлерімен де таныс болдық.
«Ана үйіндегі» психолог, үйлестіруші, медицина қызметкерлерімен тілдесіп, олардың да пікірін білуді жөн санадық.

Асылжан ИБАТҚЫЗЫ, психолог:
– Ана үйіне жас келіншектер қиын жағдайда, өмірден үміттерін жоғалтып келеді. Олар туған-туыстарынан алыстап, проблемаларын өздері шешкісі келеді. Біз сол қиындықтан өтуге көмектесеміз. Оларды қамқорлыққа алып, психологиялық көмек көрсетіп қана қоймай, баспана береміз. Одан кейін олармен жеке жұмыс жасаймыз. Өздеріне деген сенімдері пайда болғанша жұмыс істейміз.
Психологиялық кеңес әрқашанда оң әсерін тигізіп жатады. Олардың отбасымен қалай сөйлесуі, бастарындағы қиындықты қалай жеңуі, жаңадан дүние есігін ашқан сәбилерінің бақытты болып өсуіне жағдай жасауы үшін баланың әкесімен байланысқа шығуының жолдарын іздейміз.

Гүлнар АХМЕТОВА, мейірбике:
– Мен осы «Ана үйінде» 3 жылдан бері мейірбике болып жұмыс істеймін. Біз жас босанған аналарды нәрестесін қалай күтуді, шомылдыруды, қалай балаға қарауды, уақытымен киімін ауыстыруын, дәрігердің қабылдауына баруын қадағалап отырамыз. Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Дәрігердің берген барлық кеңестерін орындаймыз. Дәріханадан барлық қажетті дәрі-дәрмектерін әкеліп береміз. Аналар ешқандай дәрі сатып алмайды.
Медицина қызметкерлері үшін жүйелі түрде оқыту, тәжірбиесін кеңейту жолында шаралар ұйымдастырылып тұрады. Әртүрлі адам, түрлі мінез бен тәрбие бар. Кейде жас аналар дұрыс емізу сияқты бала күтімінің қыр-сырын білмей жатады. Тағам дайындап көрмеген жас қыздар да болып жатады. Біз оларға барлығын үйретеміз.

Гүлнар НАРЫМБАЙҚЫЗЫ, үйлестіруші:
– Менің осы үйде жұмыс істеп жатқаныма 5 жыл болды. Бұл ғимаратқа көшкенімізге 2 ай болды. Әр бөлмеде 3-4 анадан тұрады. Аяғы ауыр қыздар бөлек, жаңадан босанған әйелдер бөлек, балаларының жасына орай бөліп орналастырамыз.
Қазіргі таңда біздің үйде 14 әйел тұрып жатыр. Тамақтарын өздері дайындап, үйді өздері жинайды. Жиі-жиі түрлі курстар өтіп тұрады. Ағылшын тілі, массаж курстары өтеді, тігінмен айналысады. Үш қызымыз жұмыс істейді. Олардың балаларын басқа қыздар қарап отырады.
Жас аналар мұнда ең көп дегенде бір жыл ғана тұра алады. Осы уақыттың ішінде олардың бар қажетін «Ана үйі» қоры өтеп береді. Тек олардың осы үйден кеткеннен кейінгі жағдайлары бізді алаңдатады. Сондықтан алдағы уақытта тұратын пәтеріне, баланың балабақшасына қажетті қаражатты осы үйде тұрып, кейбір аналар жұмыс істеу арқылы табады.

Ақжан ИБРАГИМОВА, суреттерді түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*