Отбасына қамқор, қызметке адал жан

Құтқарушы кәсібі – адамдардың өмірін, денсаулығын, материалдық құндылықтар мен мемлекеттік меншікті сақтау мәселелерімен айналысатын ерен еңбектен тұрады. Шешім қабылдағыштық, батылдық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, жауаптылық, тапқырлық қасиеттерін құтқарушылық қасиетіне жатқызу тегін емес. Себебі, олар қорқыныш пен ауырсынуға қарамастан қиын жағдайларда да жұмыс істей білуі қажет.
Осындай ержүрек адамдар қатарына біздің кейіпкеріміз – Батыс Қазақстан облысы ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Талғат Темірғалиевті қоссақ болады.
Талғат Айтжанұлы 1976 жылдың 21 қазанында Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданы, Переметное ауылында дүниеге келген. Өрт күзеті саласындағы еңбек жолын Батыс Қазақстан облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызметте 2003 жылы №1 Өрт бөлімшесі бөлімінің командирі лауазымынан, қатардағы жауынгер ретінде бастады.
Т. Темірғалиевтің айтуынша, өрт сөндіруші жұмысына, тіпті өрт қызметіне қызығушылығы мектеп қабырғасында оянған. «Жасөспірім шағымда жалындаған өрттерді өз көзіммен көрдім. Сол сәттерде өртпен күресушілердің жұмысын бақылап тұрып, мен олардың жұмыстарының қаншалықты қызық әрі қауіпті екенін түсіне бастадым. Сондай-ақ, мектеп бітірер уақытта емтиханнан үйге қайтып келе жатып, бір ауылдасымның үйі мен шаруашылық құрылысының өртеніп жатқанын көрдім. Сол бойда ойланбастан өртті сөндіруге кірісіп кеттім. Өртті сөндіріп болғаннан кейін ғана өзімнің үстімде мектеп бітіру кешіне арналған костюмім бар екені есіме түсті», – деп еске алады Т. Темірғалиев.
Талғат Айтжанұлы қызмет кезеңінде әрқашан өзі өрт сөндіруге қатысып жүрген.
– Бірде біз өрт болған жерге келдік, – дейді Т. Темірғалиев. – Келген бойда өрт жалмаған үйде адам қалғаны анықталды. Бір секундты да жоғалтпастан газ-түтіннен қорғау қызметін басқарып, жанып жатқан үйге кірдік. Түнек басқан қараңғыда біз қарманып зардап шегушіні іздей бастадық. Кейін мен оны тауып сыртқа шығардым. Бағымызға орай, ол тірі, бірақ тек ауыр халде болды».
Өрт бөлімшесіндегі қызметі кезеңінде Талғат Айтжанұлы жарақат, қаза және үлкен материалдық шығын алып келетін өрттер салдарын бақылай және деректерді таразылай келе, «өртті сөндіргеннен оның алдын алған дұрыс» деген қорытындыға келіп, 2005 жылдан бастап Тасқала ауданы Төтенше жағдайлар саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінде қызметін жалғастырды. Себебі, көп жағдайда өрттердің себебі біреу – ол өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу.
2005-2016 жылдардағы Тасқала ауданы ТЖБ-сындағы қызметі кезеңінде Талғат Айтжанұлы өрттердің алдын алу мақсатында өз аумағында орналасқан барлық объектіні аралап, ереже бұзушылықтарды анықтау мен жоюға көмегін тигізді. Ұйым басшылары мен жұмысшылары, соның ішінде мектеп оқушылары арасында өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қызметтік парызы бойынша ол борандар мен бұрқасындарда жоғалған және транспорттық көліктерде қалып қойған адамдарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырды.
Ісіне адалдығы және жұмыстағы табандылығы үшін Талғат Айтжанұлы бірнеше мәрте Батыс Қазақстан облысы әкімінің, департамент басшылығының грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды. Көбінесе жүктелген міндеттерін адал орындағаны, жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» 3 дәрежелі, «ТЖК-ге – 20 жыл», «Қазақстан полициясына – 25 жыл» медальдарымен марапатталды.
Талғат Айтжанұлы «Үздік өрт бақылау қызметкері» облыстық конкурсына қатысты. 12 қатысушы арасындағы конкурс қорытындысы бойынша 1-орын алып, алдағы мансабының өсуіне ықпал етті.
Бүгінде Талғат Айтжанұлы Батыс Қазақстан облысы ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы тобының бас маманы қызметін атқаруда.
Талғат Айтжанұлының айтуынша, бүкіл қызмет жолында оған өз кәсібіне деген сүйіспеншілігі мен отбасына қамқорлығы көмектесіп келген.
Жұмыстағы әріптестері ол кісі туралы тәжірибелі маман және табиғатынан мейірім мен төзім дарыған адам ретінде танитындарын айтады. Бұл қасиеттерін ол әрқашан өз балаларына үйретеді. Үлкен ұлы Дәурен спортқа жақын болса, кіші ұлы Дамир кішкентай кезінен әке жолын қуып, адам өмірін құтқарғысы келеді.
Өрт сөндіруші кәсібі – әлемдегі ең күрделі кәсіптердің бірі. Жылжымалы баспалдаққа өрмелеуге, қою түтінде қозғалуға, жүгіруге, секіруге, ауыр көтеруге дайын. Әрбір сәтте басқаны құтқару үшін өз өмірін қатерге тігуге даяр адамдар әруақытта зор құрметке лайық.

А. ҚАДЫРОВ, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*