Егіздер

Солтүстік Қазақстан облысының ішкі істер органдарында 32 полицей әулетінің өкілдері қызмет атқарып жүр. Олардың арасында аға ұрпаққа қарап, бірдей кәсіп таңдаған егіздер де бар.
МАИ-дағы қызметке 28 жылын арнап, запастағы майор шенінде зейнетке шыққан әкелерін көрген ағалы-інілі Константин мен Евгений Пахоталар мамандық таңдайтын шешуші кезеңде еш ойланбастан, бірден полиция қызметкері боламыз деп шешіпті. Ағалы-інілі егіздер бірге ойнап, үй тапсырмаларын бірге орындап, әкелері Анатолий Васильевичтің күнделікті қызметі туралы әңгімелерін естіп өскен.
Егіз жігіттер 1995 жылы жол полициясына қызметке келіпті. 1999 жылы екеуі бірге Павлодардағы заң колледжіне құжат тапсырып, 2003 жылы бұл оқу орнын сырттай тәмамдады. Кейін 5 жыл бойы жол үстіндегі тәртіпті қадағалады.
«Бізді әрдайым шатастыратын. Жүргізушілердің бізге ренжіген кездері де болды. «Сен мені жаңа ғана тоқтаттың ғой» дейтін. Олардың ойында түр-әлпеті бірдей жол сақшысы Мамлютка бекетінен Қызылжар бекетіне қалайша өтті деген сұрақ туындайтын», – дейді егіздер. Уақыт өте келе егіздердің жолы екіге бөлінді. Бүгінде полиция капитаны Константин Пахота Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің іздестіру бөлімінде, ал полиция капитаны Евгений Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімінде қызмет атқарып жүр. «Шынымен де, біз екі түрлі адамбыз. Евгений – байсалды, тиянақты адам, ал мен болсам, бір орында отыра алмаймын. Осылайша, әрқайсымыз өзімізге жақын бағытымызды таңдадық. Десе де, аптап ыстықта, сарышұнақ аязда қолымызға ала таяқты ұстап, жұмыс істеген жылдар еш ұмытылмайды», – дейді Константин. – Жол үстінде қызмет атқарған жылдарды ойласақ, 1996 жылы өмірден өткен әкемізді еске аламыз. Біз қызметтен оралғанда үйде отырған сияқты болып көз алдымызға келетін»…
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаевтың айтуынша, полицейлер әулеттерінен өз қызметтеріне шын берілген қызметкерлер шығатын жағдайлар жиі кездеседі. Әкемнің атына кір келтірмейін дегенді ту етіп, қызметін абыроймен атқарып жүрген полицейлеріміз аз емес.
Апалы-сіңлілі егіздер Алтынгүл Арынғазинова мен Бахытгүл Қасенова да отбасыларының алдында берген анттарына адал. Әке жағынан екі туысы учаскелік инспектор болып жұмыс істепті. Аналарының жағынан да погон таққан туыстары бар екен. Алтынгүл мен Бахытгүл де бала күндерінен полиция қатарында қызмет атқарамыз деп шешкен. 2000 жылы ІІМ Қостанай заң институтын аяқтаған егіз қыздар Петропавл қаласына қызметке тұрып, 13 жыл бойы түнімен ұйқы көрмей, тынымсыз, әрі демалыссыз анықтаушы болып жұмыс істеген. Бүгінде Петропавл қалалық ІІБ ювеналды полициясында майор шендерінде қызмет атқаруда. Бір қызығы, дәл осылай екеуі де полицейлерге тұрмысқа шығып, бүгінде жарасымды отбасыларда екі қыз бен бір ер бала өсіп келеді.
Олардың балалары ата-аналарының ізін жалғастыра ма? «Балаларымыз біз секілді тәртіп сақшысы болғысы келеді. Біз қарсы емеспіз. Отбасымызда форма киген адамдарға құрметпен қарау қағидасын көріп өстік. Егер де балаларымыз біздің ізімізді жалғастырса, еңбегіміздің зая кетпегені», – дейді нәзік жандар.
Отбасы күні – егіз офицерлер үшін ғана емес, әкелерінің жолын қуып, дәстүрлерін жалғастырып келе жатқан барлық полиция қызметкерлері үшін ерекше мейрам. Бұл күні олар отбасыларымен жиналып, мерекені барлығы бірге қарсы алады.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*