«Әйел адам үнемі күліп жүру керек!»

Ләйлә Сұлтанқызы«Балапан» телеарнасының директоры, тележүргізуші Ләйла СҰЛТАНҚЫЗЫ:  «Әйел адам үнемі күліп жүру керек!»
Ләйла Сұлтанқызы–өз кезеңінде қазіргі «Хит ТВ» арнасы арқылы, одан «Super star» жобасында көрермен көзайымына айналған танымал тележүргізуші. Сонымен қатар, продюсерлік қырынан да таныла білді. Бүгінде «Балапан» телеарнасын басқарып, ұрпақ тәрбиесінде өз үлесін қосып жүрген жан.
– «Балапан» телеарнасы дүниеге келгенде бөркімізді аспанға лақтырып қуанған едік. Бүгінгі хал-ахуалы қалай?
– Қыркүйек айында «Балапан» телеарнасына 3 жыл толады. Кешегі орыстың «Ералашын» көрген балалар бүгінде төл телеканалымыздың «Күлегешін» көріп мәз-мейрам болуда. «Санжар мен Қайсар», «Ғажайыпстанға саяхат», «Жолың болсын, балақай!», «Жүзден жүйрік», «Бала тілі бал» секілді бағдарламалар өзінің кішкентай көрермендерінің көңілінен шығуда. Күніне 17 сағат эфирге шығамыз. Соның жартысынан көбін отандық мультфильмдер құрайды. Осы жылдан бастап біз де арнайы басылымдармен қатар отандық мультфильмдеріміздің кейіпкерлерін ойыншық етіп шығармақ ниеттеміз. Сонымен қатар, жаңа түрлі қазақы болмысқа сай бағдарламалар ашамыз. Дәл қазір қызу дайындық үстіндеміз.
– Ғалымдар пікірінше мультсериалдар бала психологиясына кері әсер етеді. Сіздің ойыңызша…?
-Мультсериалдар баланың көріп шыққан оқиғасын ой таразысынан өткізіп, қиялдауына көмектесіп, ойлау қабілетін жақсартады деп ойлаймын. «Балапанда» жасалып барып эфирге шығарылады.
– Шығармашылық жолында жүрген жансыз. Отбасында аяулы жар, ардақты Анасыз. Қызмет пен үй шаруасын үйлестіру қиындық туғызбай ма?
– Үлкен ұлым Сағадат 10 жаста, кішісі Сардар 4 жаста. Кейде қиналып қалатыным рас. Балаларыммен бірге ағылшын тілін оқуға, жаттау жаттауға тура келеді. Демалыс күндері отбасыммен кинотеатрдан мультфильм тамашалап, кейде бассейнге барамыз. Жолдасым – Қайрат мемлекеттік қызметкер. Менің жұмысыма көп жағдайда түсіністікпен қарап, рухани демеушім боп отырады. Мысалы, оңтүстік өңірде өзі туып-өскен Қызылкөл ауылында заманға сай жабдықпен 3 қабатты мектеп пен бүлдіршіндерімізге балабақша салып берді. Шығармашылық жолда жүрмесе де, сауапты іс жасап жүргені көңіліме үлкен демеу екендігін мақтанышпен айта аламын.
ләйлә сұлтан– Отбасыңызда 8-наурыз мереке ретінде аталып өтіле ме?
– Әрине. Әлем тойлап жатқан мейрамды отбасымызбен біз де тойлаймыз. Әр жылы әр түрлі сыйлық алып қуанып жатамыз. Биыл жолдасым «Zepter» фирмасының бір топ ыдыс-аяғын сыйлады. Үйде асхананың «бас аспазы» өзім болғандықтан, қуанып қалдым. Тәтті наны мен гүл шоқтары тағы бар. Балаларым боса, арнайы ашық хат жазыпты. Мерекеге арналған жыр жолдарын жаттап алыпты. Өз отбасымызбен әрбір мерекені осылай атап өтеміз.
– Еліміздегі құқық қорғаушыларға берер бағаңыз?
– Күн сайын таңертең жұмысқа келеміз, кешке үйге қайтамыз. Демалыс күндері балаларымызбен таза ауада серуендейміз. Заманымыз тыныш, бейбіт өмір… Күйбең тіршілік қамымен арлы-берлі ағылған адамдар… Құдды «қылмыскерлердің» біздің қоғамға жат бөлек бір әлемі болатындай… Ғаламтор мен теледидарда ғана…
Осының бәрі құқық қызметкерлерінің адал қызметінің арқасы деп ойлаймын. Расында да тәртіп сақшыларының жұмысы құрмет тұтуға тұратын іс.
DSC_0647– «Әлемді құтқаратын сұлулық» үшін не істейсіз?
– Спортпен тұрақты түрде айналысамын деп айта алмаймын. Жалпы ғаламдық ғалымдар айтқан 8 сағаттық ұйқы мен тамақтану жүйесін қатты сақтаймын. «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды» деген қазақ «Ауру – астан» деп те сақтандырған. Сондықтан да, тамақтағы каллорияны санау қашаннан әдетім. Азиаттықтардың тері күтіміне жақын болғандықтан корей және жапон косметикасының сапалысын таңдаймын. Сән салонына айына 1-2 рет барып тұрамын. Сән қумаймын, киген киімімнің өзіме жарасымды болғанын ғана қадағалаймын. Ең бастысы, Ғабит Мүсіреповтің «Әйел ашуланса жеңіледі, Еркелесе жеңеді» деген сөзін өмірлік ұстанымым етіп алғанмын. Негізі, шын мәнінде де қыз баласына күліп жүрген жарасады. Күлкі тұрған жерден қайғы-мұң қашады. Адам әрбір сәттің қадірін біліп, шүкірлік ете білуі керек деп ойлаймын. Шынайы күле білу де рухани жан тазалығына тікелей байланысты.

Айгүл ӘЖІБАЕВА

1 пікір

  1. Лайла тате менин иним бар ол балапан арнасын коргенди унатады типти менин озимде кейде кызык мультфильм болып жатканда корип каламын бирак кей мультфильмдер инимнин ой орисинин дамуына кери асерин тигиземе деп катты аландаймын онда болатын мультиктердин кобиси атыс шабыс болып келеди бирак сондай мультиктерди корсетпеу керек деп ойлаймын ертенине иним соны кайталап атыс ойындарын ойнап журеди бул тек кана менин иниме гана емес баска балаларга да кери асерин тигизеди сондыктан тарбиелик мани бар мультиктерди гана корсетулеринизди сураймын не дегенмен келешек урпак осы арналарга карап та бой тузейди гой

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*