Кеше мен бүгін

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жарияланған Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Б. Ертаевтың кең де келелі сұхбаты бізге де үлкен ой салды. Сол кешегі Абай айтқан мәселелер…
Сенбесеңіз, һәкім Абайдың сөзіне жүгініп көрелік. Абайдың: «Адам баласын замана өстіреді, кім де кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» (37-қарасөз), – деп айтқан сөзіне бір сәт терең үңіліп қарайықшы. Қанша уақыт өтсе де, маңызын жоймаған сөз. Біз бір адам дұрыс жолдан тайып жатса, оны кінәлап жатамыз. Шынында да, тек бір адам ғана кінәлі ме бәріне?!
«Сақшы» газетіне сұқбат берген генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың: «Жастар қылмысқа барса, сол өренге дұрыс тәлім бере алмаған отбасы, туған-туысы, ауыл ақсақалдары, қала берді мектеп те, ЖОО да жауапты деген сөз. Болары болып, бояуы сіңген соң «полиция қол қусырып отыр» деп сан соғып, сын жебесін қадаудан еш нәтиже шықпайды», – деген сөзінің жаны бар. Жоғарыда келтірілген Абай сөзі өзінің құндылығын еш жоймағанын осыдан-ақ көруге болмай ма?!
Әрине, расында да мұның түбірі – жастардың жұмыс таба алмай жүруінде, тапса да, ретін таппай, жалақысы жетпей, бір басын тауға да, тасқа да соғуында, содан барып несие алып, оны төлей алмай, амалсыздан оңай олжаға үйірсектеп, теріс жолға қалай түскендерін өздері де аңғара алмай қалып жататын жәйттер аз емес.
«Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы» (42-қарасөз), – деп айтып кетіпті, Абай жарықтық.
Өкініштісі сол, біз Абайдың айтқан сөздерінің ақиқат екеніне көзіміз жете түссе де, одан ешқандай да қорытынды шығара алмай келе жатқанымыз жанға батады, көңілге қаяу түсіреді. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп қайғы жұтқан Абайдың зары әлі де құлағымызда ызыңдап тұрғандай, осындай мәселелерді бүгінгі ақсақалдарымыз да айтудай-ақ айтып келеді. Мәселен, Б. Ертаевтың аталмыш сұхбатта айтқан мына бір сөзіне де көз жіберіп, мән беріп қарайықшы: «Қоғамдағы күрделі мәселенің басы да осында – жұмыссыздықта жатыр».
Абай заманы мен біздің заманымыздың арасы – жер мен көктей. Десе де, әр замана заңғарларының көтеріп отырған жүгі, мұңы сол қалпы, өзгерген түгі жоқ екен.
Сондай-ақ, батыр ағамызды толғандырып жүрген және бір мынадай мәселе бар екен. «Тарихты білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Мектептегі білімнің деңгейін, отбасындағы тәрбиенің саяздығын осыдан-ақ аңғаруға болады».
«Ал енді не болдық, осы бетімізбен кете берсек, қайда барамыз?» деген ой толғандырады. Мектеп мәселесі, білім мәселесі деп халқы қараңғы заманда қан жұтты Абай. Ал біз қазір өркениетті қоғамда отыр емеспіз бе?! Не ішіп-жейміз деп бас қатырмаймыз, не қаласақ, бәрі бар. Бірақ, рухани құндылықтардан ажырап бара жатқанымыз көрініп қалғандай, оны жасырып-жамауға келмейтіндей хәлге түсіппіз. Ал тарихын білмейтін ұрпақ ертең Отанын қалай қорғамақ?! Ойлаудың өзі қорқынышты. Б. Ертаев ағамыз өте күрделі мәселе көтеріп отыр. Ойлансақ енді. «Қолымызды мезгілінен кеш сермеп жүрмейік», ағайын.
Ол үшін «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша» (38-қарасөз), – деген Абай сөзін басшылыққа алсақ та жетіп жатыр.
Әйтпесе, һәкімнің: «Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз» (7-қарасөз), – дегеніндей, біз де көзіміз көріп жүрген небір ғажаптың сыртқы келбетіне ғана қызығып, оны қалай жасау керектігіне бас қатырмай, еш үйренбеген қалпымызда көштен қалып қоюымыз бек мүмкін. Тығырықтан шығудың төте жолы – әрбір нәрсенің сырына, ішіне үңілуіміз керек-ақ. Сонда біз де өзге елдердей адамзаттық ортақ игіліктер жасап шығармақпыз.
Абай: «…қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен?» (24-қарасөз), – деп кетті. Абай арманы орындалар күн алыста емес, жақында.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*