Жол ережесін білу – парыз

Көше қиылысында жол қозғалысын реттеуші тұрған жағдайда жолдың арғы бетіне қалай өтуге болады? Анықталғандай, осындай жағдайды реттейтін жол қозғалысы ережелері туралы оқушылардың кейбірі білмейді. Сондықтан тәртіп сақшылары «Абайлаңыз, балалар!» акциясы аясында оқушыларға арнап ашық аспан астында сабақ өткізді.
«Іс-шараның басты мақсаты – балалардың жол-көлік оқиғаларында жарақат алуын болдырмау және балаларға көшелер мен жолдарда өздерін қалай ұстау керектігін үйрету. Оқу жылының басталуына байланысты мұндай профилактикалық жұмыстар күшейтілді», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Петропавлдық мектеп оқушылары жол қозғалысын реттеушінің белгілерімен танысты. Балаларға полиция қызметкерінің арқа тұсынан жаяу жүргіншілер қандай белгіде өте алатыны түсіндірілді. Ал, реттеушінің қолдары төмен түсіп тұрғанда көше қиылысын реттеушінің арқа және кеуде жақтарынан өтуге болады. Осы белгілердің барлығын пысықтау үшін сақшының сары жилеті мен қолғабын Бірінші гимназияның оқушылары киіп, жол қозғалысын реттеуді өздері меңгеруге кірісті. Сабақ ашық аспан астында бағдаршамдар, жол белгілері мен таңбалардың макеттері орналасқан орталық саябақта өтті. Мұнда көліктер жүрмейді. Сондықтан балалар жүргізуші мен жаяу жүргіншінің рөліне еніп, жол қозғалысы ережелерін меңгерді. Оқушылар тәртіп сақшыларына қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Алған білімдерін сақшылардың балаларға арнап дайындаған жадынамаларымен бекітті.
«Бүгінгі сабақ өте қызықты әрі танымдық сипатта өтті. Бұрын полиция қызметкері қандай белгіні көрсетіп тұрғанын білмеп едім. Ол тұрған көше қиылысын айналып өтіп, басқа көшемен өтіп жүрдім. Бұдан былай білетін боламын», – дейді реттеушінің белгілерін жылдам меңгерген Бірінші гимназияның 6 «Б» сынып оқушысы Всеволод Десятов.
Осындай сабақтарды тәртіп сақшылары барлық мектептерде өткізуді жоспарлап отыр.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*