Жамбылдық полицейлер «Жакпен» жүреді

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен облыстық Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің кеңесі болып өтті. Жиын барысында Асқар Исабекұлына ІІД тарапынан атқарылған жұмыстар баяндалып, жыл соңына дейінгі жоспарлар айтылды.
Өз кезегінде облыс әкімі А. Мырзахметов жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар беріп, бастысы бөлінген қаржыны тиімді әрі жүйелі жұмсауды тапсырды.
Сондай-ақ, түн мезгілінде көшелерде болатын бұзақылық пен қылмыс тыйылмай тұрғанын ескертіп, құр статистикадан нақты жұмысқа көшетін уақыт келгендігін баса айтты.
Аймақ басшысы орталық «Достық» алаңында облыстық Ішкі істер департаменті құрылымдық қызметтерінің мамандарына жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті. Салтанатты шарада ең алдымен аймақ басшысы ішкі істер саласының жауапкершілігі ауыр жұмысын жоғары бағалай келе, қоғам қауіпсіздігі үшін аянбай қызмет етуге тілектестік білдірді.
– Бүгінде облыстық Ішкі істер департаментінің жұмысын жүйелеуге көп көңіл бөлінуде. Биыл салаға 7 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 миллиард теңгеге өсті. Осындай қолдаулардың жалғасы ретінде бүгін облыстық бюджеттен қаралған қаржыға 68 жаңа патрульдік автокөлігін беріп отырмыз. Жаңа темір тұлпарларыңыз Тараз қаласы тұрғындарының тыныштығын күзетуге қалтқысыз қызмет етеді деп сенемін. Барлықтарыңызды бүгінгі қуанышпен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі А. Мырзахметов.
Ал, өз кезегінде сөз алған облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы Арман Оразалиев қолдау білдіргені үшін өңір басшысына алғысын білдірді.
Бұдан кейін Асқар Исабекұлы 67 патрульдік автокөлік пен 1 шағын автобустың кілтін салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар, көліктерді аралап көріп, ішкі істер саласының қызметкерлері ұйымдастырған автошеруді тамашалады.
Жалпы, жаңа көліктерді сатып алу үшін облыстық қазынадан 447 374 950 теңге қаралған. Заманауи құрылғылармен жабдықталған темір тұлпарлар ескі көліктердің орнын алмастыратын болады. Ал, ескі көліктердің бірсыпырасы жарамсыз ретінде есептен шығарылса, екінші бөлігі аудандарға жөнелтіледі. Осылайша, сала қызметкерлерін автокөлікпен қамту көрсеткіші 81 пайызға жетеді деп күтілуде.
Тағы бір айта кетерлігі, «Jac S5» және «Jac S3» маркалы жаңа автокөліктердің жылдамдығы сағатына 185 шақырымды құраса, қала ішінде әртүрлі әрекет жасауға қолайлы. Сондай-ақ, Қостанай облысында құрастырылған отандық өнімнің «сүйегі» мықты. Яғни, қылмыскерлерді қуған кезде орын алуы мүмкін түрлі қақтығыстарға төтеп беру үшін көліктің қаңқасы арнайы ойластырылып жасалған. Осылайша, тараздық тәртіп сақшылары әрі жүйрік, әрі төзімді көліктермен қызметтік міндеттерін мінсіз атқара бермек.

Дәулет ТӨЛЕНДІ, Жамбыл облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*