Қылмыстық әділсоттың қос жобасы

Ішкі істер министрлігі нәтижелі және тиімді жұмыс тәсілін жасап шығару үшін Еуропалық Одақтың «Қазақстанда қылмыстық әділсот жүйесін жетілдіру» жобасы аясында ішкі істер органдарын модернизациялау жөніндегі «Жобалық кеңсені» іске қосты.
Жобалық кеңсе жұмысына Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің әртүрлі құрылымдық бөліністерінің мамандары мен құқық қорғаушылар, сондай-ақ, полицейлер жұмысын ұйымдастыру бағытындағы халықаралық мамандар мен сарапшылар, атап айтқанда, Германияның құқық қорғау органдарында еңбек еткен Барбар Энгерс, Ұлыбританиядан Билл Мейзер және Солтүстік Ирландиядан Томас Петерсон қатысты.
Кеңсе еліміздің ішкі істер органдарының қызметтік процестеріне ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау жүйесін модернизациялаудың шетелдік және отандық тәжірибесін зерделеді.
Қазіргі күні Кеңсенің 24 жобасы бар, солардың ішінен министрлік полиция фронт-офисінің «Азаматтар үшін қабылдау бөлмесі» жобасын және «Тиімді полиция: жұмыс уақытының рационалды регламенті» жобасын іске асыруға кірісіп кетті.
«Азаматтар үшін қабылдау бөлмесі» жобасының негізгі бағыты – ішкі істер органдары кезекші бөлімдерінің қызметіндегі клиентке бағдарлану және ол бүгінде аймақтық бөліністерде іске асырылу сатысында.
Биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындыларына арналған ІІМ Алқа отырысы нәтижесінде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ІІД бастықтарына осындай тапсырма берген болатын. Аймақтарда қосымша шығындардың қажеттігін ескеріп, жобаны жыл аяғына дейін енгізу тапсырылды.
Арыз түсіретіндердің үштен бірінен аз бөлігі құқық бұзушылықтар туралы шағым жасап, қалғаны әртүрлі консультативтік көмекке жүгінетіндіктен, бірінші кезекте жоба бойынша кезекші бөлімдерде азаматтарды қабылдау және оларға егжей-тегжейлі кеңес беру үшін қолайлы жағдай жасау жоспарлануда.
«Жұмыс уақыты регламенті» жобасы жұмыстың уақыт регламентін сақтай отырып, полиция қызметі функцияларын тиімді орындауға, адам капиталын пайдалануға теріс ықпал ететін себептер мен жайттарды жоюға бағытталған.
Осы жоба бойынша, сондай-ақ, қызметкерлердің жұмыс процесіне талдау жүргізіліп, олардың жалақыларын көтеру үшін шығындарды үнемдеу мүмкіндіктері қарастырылды.
Сонымен қатар, құжат айналымының кемшіліктері, ішкі істер органдарындағы әртүрлі есеп беру формаларының саны, уақыт регламентін сақтаудың экономикалық тиімділіктері, қызметкердің психологиялық күйініші мен отбасынан жырақта жүруі, т.б. мәселелер зерделенді.
Министрлік Ақмола облысында «Жұмыс уақыты регламенті» үш айлық пилоттық жобасын іске асырып, сол жаққа ІІМ Жобалық кеңсесінің өкілдерін жіберіп, сарапшыларды, жұмыс процесі бойынша мамандарды, аналитиктер мен экономистерді тартуды жоспарлауда.
Жобаны мониторингілеу және үйлестіру үшін облыстық ІІД құрған арнайы фокустық топ халық тарапынан түскен тиімді ұсыныстарды да қабылдайды.
Жобаны іске асыру нәтижелері бойынша жұмысты тиімді ұйымдастыру және уақыт пен адам ресурстарын пайдалану, полицияда құжат айналымы жүйесін қайта жасақтау, жұмыс уақытын бақылау жүйесін техникалық тұрғыда шешу және жобаны басқа да аймақтарда одан әрі масштабтау бойынша ұсыныстар жасалады.

ІІМ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*