Отбасы – Отанымыздың ошағы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні мерекесі ретінде тойланып келеді. Мерекенің мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту.
Президент өз сөздерінде мемлекет отбасыдан басталатынын, сол себепті де біздің қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңызы зор екендігін бірнеше рет айтқандығы белгілі. Ол: «ХХI ғасырдың ортасында ең дамыған мемлекеттерде отбасылардың басым бөлігі тыныштық пен молшылықта өмір сүретін болады. Бала тәрбиелеп, оларға сапалы білім береді, аға ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, саламатты өмір салтын ұстанады», – деп атап өткен болатын.
Осылайша, еліміз бойынша кеңінен аталып өтіп, халыққа ерекше көңіл күй сыйлап жүрген мейрамды ІІМ ұжымы да Астанадағы «Тайтөбе» демалыс орнында айрықша өткізді.
Іс-шараға Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесі төрағасының орынбасары, ІІМ Орталық аппараты Ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция полковнигі Берік Сүлейменов арнайы қатысып, тәртіп сақшыларын мерекемен құттықтады.
Милиция полковнигі өз сөзінде бұл мейрам отбасы үшін өте қажет екенін, Қазақстан халқы оны алғаш рет 2013 жылдың 8 қыркүйегінде атап өткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол: «Бүгін, өздеріңіз куә болып отырсыздар, күннің көзі де жарқырап тұр. Сіздерді Ардагерлер кеңесінің атынан құттықтаймын! «Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» деген, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін! Әр отбасының керегесі кең, шаңырағы берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, мерекелеріңіз құтты болсын!», – деді.
Бұдан соң полиция қызметкерлері бір сәт қарулары мен қызметтік киімдерін спорттық киімге алмастырып, өзара түрлі сайыстар ұйымдастырды. «Отбасылық спорт» номинациясы бойынша түрлі кедергілерден өту, нысанаға дәл тигізу, балық аулау бойынша жарысқа түсті.
Нәтижесінде Молдахановтар отбасы кедергілерден өту бойынша 1-орынды жеңіп алды. Ал Байәділовтер отбасы 2-орынға көтерілсе, Исақовтар отбасы 3-орынды місе тұтты.
Сонымен қатар, «Балық аулау» спорты түрінен Абылай Тахиров жеңімпаз деп танылды. 2-орынды Нұрәділ Манаш иеленсе, 3-орын Асқар Әбдірахмановқа бұйырды.
Ал «Нысана ату» спорт түрінен тәртіп сақшыларының 5-8 жас аралығындағы балалары сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Әділжан Ерасыл жеңімпаз болды. 2-орынға Серік Диас көтерілсе, 3-орынды Рамазан Асқарұлы иеленді. Ал 4 жастағы Алдияр Махамбетов «Жеңіске деген құштарлығы үшін» номинациясымен марапатталды.
9-12 жас аралығы бойынша күш сынасқан балалар ішінде Аружан Сүлейменова 1-орынды жеңіп алса, 2-орынға Иордана Молдажанова ие болды. Ал 3-орын Диана Бектұрға бұйырды.
Іс-шара соңында ҚР ІІМ Мәдениет орталығының өнерпаздары және балалар студиясының әншілері әннен шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ,
суреттерді түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*