Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын

Біз отбасында болып жатқан зорлық деректері тек сол отбасының ішіне қатысты деген қате пікірге кездесіп жатамыз. Күнделікті тәжірибеде байқағанымыздай, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әлсіз балалар, қарттар, мүгедектер, әйел қауымы көбірек ұшырайды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу бойынша елімізде сан алуан акциялар, кездесулер, семинарлар өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттар жарияланып жатады. Қазіргі таңда елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдерге психологиялық көмек көрсететін орталықтар бар. Дегенмен, отбасында күнде жәбір көріп жүрген әйелдердің тоқсан пайызы бұл орталықтарға баруға ұялып, өз проблемасымен оңаша қалады. Бұған себеп – ұрыс-керісті босағадан шығармау, балаларының әкесіз өскенін қаламау, материалдық тәуелділік, баспана мәселесі. Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген жақсы мақал бар. Күнделікті отбасында әкесінің ішіп келіп, жанжал шығарып, анасына қол көтеруін көріп өскен баланың психологиялық жүйкесіне зақым келеді. Болашақта өз отбасында ата-анасының осы қателіктерін қайталамасына кім кепіл?!
Жуырда Қарағанды облыстық ІІД және облыстың білім беру, денсаулық сақтау мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарының қолдауымен «Отбасындағы мейірім» атты кең көлемді акция өтті. Шараға қалалық Қарағанды қаласы әкімдігінің жанындағы отбасылық демографиялық комиссия мүшелері, білім беру, денсаулық сақтау органдары, еңбекпен қамту және мәдениет пен ақпарат ұйымдары, Қарағанды облысы бойынша Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай Қоғамы және БАҚ өкілдері белсене қатысты.
Қарағанды қалалық ІІБ ЖПҚ ұйымдастыруымен «Мейірімділік әлемі» кризис орталығында өмірдің әртүрлі қиын жағдайларына тап болған адамдарға психологиялық және құқықтық көмек көрсету үшін Қарағанды қалалық ІІБ ЖПҚ және «Мейірімділік әлемі» АҚ мүшелері қабылдау жүргізді. Сондай-ақ, шара ұйымдастырушылары отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыбында Қарағанды қаласының жалпы білім беретін орта мектептерінде және жоғарғы оқу орындарында дәрістер және дөңгелек үстелдер өткізді. Іс-шара ұйымдастырушылары Қарағанды қаласының Құрметті азаматтары, ерлі-зайыпты Татьяна Васильевна және Александр Балабастың отбасында болып, олар қырық жыл отасқан үлгілі отбасы ретінде тәжірбиелерімен бөлісті. Шара ұйымдастырушылары ардагерлерді құттықтап, бағалы сыйлықтар ұсынды.
Шараның соңғы күні Қарағанды қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша тобының аға инспекторы, полиция майоры Бақытгүл Қаржаспекова Қарағанды қаласы тамақтандыру және сервис колледжінің студентерімен және «Өзіңді зорлық-зомбылықтан қорға» ақпараттық компаниясының мүшелерімен бірлесе отырып, Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс және Михайлов секторларында флеш-моб өткізді.

Нағима ӘШІМҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*