Сотталғандарды әлеуметтендіру – маңызды стратегия

Ұлт жоспарының «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін құру» атты 33-қадамын іске асыру мақсатында Президент Жарлығымен 2017-2019 жылдарға арналған «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың Кешенді стратегиясы» бекітілді.
Мемлекеттің саясаты бірінші кезекте бүгінгі таңда орын алып отырған қылмыстылық деңгейін төмендету, яғни, қазіргі қылмыстық атқару саясаты екі кезеңмен өткізілетін сотталғандарды әлеуметтендіруге бағытталған бағыттың бірі болып табылады. Сол себепті әлеуметтік жобаны іске асырудың басты міндеттері –бірінші кезеңде түзелу жолына түсіру, яғни, сотталғандарды бостандыққа даярлау, екінші кезеңде жазасын өтеген соң, әлеуметтік бейімдеу және бұрынғы сотталғандардың қоғамдық көзқарастарын өзгерту.
Түзелу жолына түсіру мақсатында Қарағанды облысының мекемелерінде «Қақпа алдында кездесу» пилоттық жобасы табысты іске асырылуда. Бүгінде АК-159/18 және АК-159/20 мекемелерінде «оңалту түрмесі» пилоттық жобасы қолға алынған. Жобаның мәні – бас бостандығынан айырылған сотталғандарды даярлауды үздік әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізу, қайталанған қылмыстардың алдын алу саласындағы проблемаларды уақытылы шешу. Сонымен бірге, «оңалту түрмесінің» субъектілері «адам бостандығынан айырылса, ол жазаланған болып саналады» принципін түсінуі және ескеруі тиіс.
Бас бостандығынан айыру орындарында әлеуметтендіру мекемеге түскен алғашқы күннен басталады. Мұнда бірінші кезекте психологтың қызметімен әр сотталғанның жеке басын зерделеу арқылы психокорреция жүргізіліп, жаңа ортада бейімделу кезеңінен өтуіне мүмкіндік береді. Сотталғанның бұдан арғы жазасын өтеуінде еңбек, құқықтық, эстетикалық, адамгершілік, физикалық және ағарту сипатындағы процестер орын алады. Тәрбие аппараты туыстармен және жақын адамдарымен үзілген әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіру, тұрмыстық жадайларын түзеу (бостандыққа шыққан соң, мекенжайын анықтау, мекемеде алған мамандығы бойынша жұмыспен қамту) және сотталғанның бойында заңды сыйлайтын және азаматтық қоғамның нормаларына толық жауап беретін мінез-құлқын қалыптастыру міндеттерін орындайды.
Соған байланысты облыстық мекемелерде тұрақты түрде оң нәтижелерге жетуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп, оның көрсеткіштері құқық бұзушылықтың артуын төмендету және мекемелерде сотталғандарды жұмыспен қамтуды арттырудан көрініс тауып отырады.
Қазақстан Республикасы құқықтық саясатының концепциясына сәйкес, 2010 жылдан 2020 жылға дейін қылмыстық жазаларды орындау жүйесінде маңызды мәселелерінің бірі – бас бостандығынан айырылған сотталғандарды жұмысқа орналастыру проблемасын шешу. Жұмыспен қамтылған сотталғандар санын арттыру аясында жеке кәсіпкерлерді тарту жұмысы жүргізіліп, олар өз кезегінде жазасын өтеуші сотталғандарды өздерінің бизнестеріне тарту жұмыстарын жүргізеді. Бүгінде облыстық мекемелер аумағында 34 объект ашылған, оның 24-інде «Еңбек» РМК-нің «Еңбек-Қарағанды» филиалы және 10 сотталған ЖК-мен бірігіп жұмыс атқарып отыр. Осы айтылғандар сотталғандардың жұмыспен қамтылуын арттыру перспективасын көрсетеді және ерікті түрде теңбе-тең шаралар көзделген жағдайда сотталғандарға өздерінің еңбек қызметтерінің нәтижесінде қарыздарын да өтеуіне мүмкіндік беріп отырады.
Сонымен бірге, бір айта кететін жағдай, жергілікті атқару органдарымен өзара біріккен жұмысты жандандыру арқасында сотталғандарды әлеуметтендіру ісі де алға басып келеді. Бір сөзбен айтқанда, бас бостандығынан айыру орындарында бостандықта пайда болуы мүмкін перспективалы проблемаларды шешу кең ауқымды әлеуметтік-құқықтық көмектер көрсету спектрін туғызады. Бұл, әсіресе, бостандыққа шыққан соңғы алғашқы кезеңдерде көп көмегін тигізуі мүмкін.
Жоғарыда жазылғандар негізінде айтарымыз, әлеуметтендіру – бұрын сотталған адамдарды қоғамға заңды сыйлай білетін азаматтар ретінде кіріктіруге бағытталған кешенді шаралар болып табылады. Соған байланысты, мекемелердің әрбір қызметкерінің алдында әр сотталғанды жаңаша қырынан тани біліп, оның өзінің жеке басын қайта тәрбиелеуіне қол жеткізуге негізделген, адамды қайта тәрбиелеп шығаруға бағытталған күрделі міндеттер тұр.

Д. ҚАНАТБЕКОВ,
Қарағанды облысы бойынша
ҚАЖ департаментінің бастығы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*