ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: Тілдің мемлекетшілдік мүддесін ойласақ

Елімізде «Тілдер туралы» Заңның қабылданғанына биыл – 29 жыл. 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қол қойылған құжатта «қазақ тілі – мемлекеттік, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл» деп бекітілді. Отыз жылға жуық уақыт бойы бұл күнді тілдер мерекесі ретінде тойлап келдік. Тек соңғы бір жыл көлемінде бұл дата 5 қыркүйекке ойысты. Осының себебін сұрап, сондай-ақ, әңгіме барысында қазақ тілінің бүгіні мен болашағы, мұғалім мәртебесі, жастар мәселесі туралы ой-тұжырымын білмек ниетте Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫНА арнайы жолыққан едік.

Дихан Қамзабекұлы, мемлекеттік мейрам болмаса да көпұлтты еліміз үшін маңызы мен мәні бөлек мереке күнін ауыстырудың басты себебі неде?
– Мемлекеттігіміз бен елдік деңгейімізді анықтайтын Тілдер күні – белгілі бір деңгейде кәсіби мейрамға жақын халықтық мереке. Заң қабылданған күн 22 қыркүйекті «Қазақстан этностары тілдердерінің мерекесі» ретінде атап өту – қалыптасқан үрдіс. Ал 5 қыркүйек – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын Ақаңның өз қолымен жазған өмірбаяны табылып, сонда туған күні ретінде 5 қыркүйекті көрсеткен екен. Содан бастамашыл азаматтар шығып, «дәл осы күнді Тілдер мерекесі ретінде атап өтсек» деген ұсыныс жасады. Қоғам бұл осынысты түсіністікпен қабылдады. Қазіргі таңда бұл шешім тек министрлік деңгейінде ғана қабылданып отыр.
Рас, заң қабылданған күн бар. Ол – 22 қыркүйек. Сол уақыттың биігімен қарасақ, бұл да тарихи күн. Себебі, 1989 жыл – «егемен елміз» деп әлі азаттығымызды толық айқындамаған, аяғымыздан нық тұрмаған елең-алаң кезіміз еді. Сондықтан да еліміз үшін бұл заңның тарихи орны ерекше, құндылығы зор. Алайда, уақыттың заңы мен заманның талабы өмірде қатып қалған ешнәрсе жоқ екенін аңғартты. Бір өзі қазақ тілінің емлесін құрып, әліпбиін жасап, «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ұлты үшін тер төккен Ахмет Байтұрсынұлының есімі мен еңбегін дәл осы мереке аясында дәріптесек, ұтарымыз да, ұрпаққа ұқтырарымыз да көп. Жалпы, мейрамды қай күні атап өтсек те, ол күннің тағылымдық-тарихи мәні мен мазмұнына нұқсан келмейді. Сосынатаулы мейрам күнін көп ауыстыра беруге болмайды. Өйткені, мереке күндерін белгілеу – ұзақ кезеңдер мен сатылардан өтетін күрделі үдеріс.
Жалпы мұндай мереке кімдер үшін атап өтіледі? Неліктен жыл сайын бұл күннің тарихи мәнін дәріптеп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз? Әрине, бәрі – жастар, жас ұрпақ үшін істеліп жатқан шаруа. Себебі, ертеңгі ел тізгінін ұстар әр өреннің тарихи күндердің қадірін, қасиеті мен құнын бойына сіңіріп өскені өте маңызды.
Заң бекітілген отыз жылға жуық уақыт ішінде мемлекеттік тілдің қолдану аясы қаншалықты кеңейді? Жалпы Тілдер күні мерекесінің қазақ тілі үшін берері не?
– Егер зер салып қарасақ, мейрам атауының өзінде алогизм, логикаға қайшылық бар. «Қазақстан халқының тілдер күні». Соңғы жылдары біз үш тілділік, үш тұғырлы тіл туралы жиі айтып жүрміз. Сонда, тілдер мерекесінде қай тілге ерекше мән берілуі керек? Қай тілді меңзеп отырмыз? Атқарылып жатқан жұмыстар мен аталып өтілетін іс-шаралардан мемлекеттік тілге көп ден қойылатынын аңғару қиын емес. Алайда, мейрам атауының белгіленуі мен халықтың қабылдауының арасында алшақтық бар, бір қисынсыздық тұр. Осының аражігін ажыратып алғанымыз жөн.
Биыл да 5 қыркүйек күні бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Осындай басқосулардың бірінде ел азаматтары: «Бұл күнді неге «Ана тілі мерекесі» деп атамасқа? Қазақ үшін қазақ тілі өз ана тілі, орыс халқы үшін орыс тілі туған тілі, ағылшындар үшін де төл тілі қымбат. Ешкімді бөле-жарып, шетке итеріп тұрған жоқпыз», – деген ойларын ортаға салды. Зерделеп көрсеңіз, қисынсыз кеңес емес. Алайда, бізде қамытын шешсек те бұрынғы қоғамнан қалып қойған қымсыну, қымтырылу әлі де бар. «Ана тілім» деп қазақ тілін төрге оздырсақ, өзгелерді кеудесінен кері итеріп жібергендей күй кешеміз. Ал шындап келгенде, бұл жерде қаймығатын, кібіртіктейтін дәнеңе жоқ. «Ана тілі мерекесі» деген атау да ақылға сыйымды. Түптеп келгенде, қазақ жерінде аталып өтілетін кез келген мерекеде ең бірінші ұлттық, елдік мүдде айқын көрініп тұруы керек.
Жалпы мемлекеттік мереке тым көп болмауы керек. Мәселен, Германияда тойланатын оншақты мерекенің барлығы сол елдің дінімен тығыз байланысты. Бұл дегеніңіз – қоғамның санасына дін, дәстүр және мемлекеттік мүдде деген үш ұғымның бір-бірімен қабысып жатқанын табиғи түрде енгізу деген сөз. Ал бізде қалай? Тойлап жүрген мейрамдардың 60 пайызы кешегі кеңес заманынан қалған. Атауын сәл өзгерткенмен, заты сол күйі қалды. Мысалы, 8 наурыз, 1 мамыр, 9 мамыр, Жаңа жыл – осы мейрамдардың басым бөлігінде саяси сипат басым. Кәсіби мейрамдардың көбінен орақ пен балғаның табы байқалады. Азаттығымызды айшықтайтын, дәстүріміз бен тарихымызды дәріптейтін Тәуелсіздік күні – ата-бабамыздың арманы орындалған Ұлы күн. Ал бұл мереке әлі күнге дейін Жаңа жылдың шаужайында қалып қойып жатыр. Дәл осы күнді мерекелеуге қатысты халықтың сын-ескертпесі көп. Бұл бекер де емес. Елімізде санаулы өңірлерде ғана 16 желтоқсанға дейін шырша қондырылмайды, әлем-жәлем безендірулер жасалмайды. Ал елді-мекендердің басым бөлігі, соның ішінде, республикалық маңызы бар қалаларда желтоқсанның алғашқы күнінен бастап-ақ Жаңа жылға қызу дайындық жүргізіледі. Жас буын осының бәрін көріп, сезініп өсіп келеді. Қазіргі орта жасқа келген ұрпақтың санасында, ұятымызға қарай, Тәуелсіздік күнінен гөрі Жаңа жылдың бәсі басым. Шындап келгенде, туған топырағымызда елдің ең ұлы күнін өз деңгейінде ұлықтай алмау – айтуға ұят, арға сын.
Қазақ тілінің мәртебесі мен қолдану аясын айқындап берген Конституция, «Тіл туралы» Заң, қала берді «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бар. Алайда, шынайы өмірдегі ана тіліміздің тыныс-тіршілігі ресми құжаттағы жазбалардан алшақтау. Неліктен?
– Әр мемлекеттің өзіндік саяси ұстанымы, бағыты болады. Ресейдің қоластынан бөлініп шыққанымызбен біз әлі де оның «ықпалдық» ауруынан толық айығып кете қойған жоқпыз. Қазақ айтатын «Кесел батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деген сөздің жаны бар.
Шын мағынасында, «мемлекеттік тіл» және «ресми тіл» деген – бір сөз. Мемлекеттік тіл – әлімсақтан ресми тіл. Солай болған және болуы керек. Екі тілге екі «статус» беру арқылы заң қабылданған сол қиын кезде біз «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жол таптық» деп ойладық. 90-жылдары Парламент депутаттары Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев секілді мүйізі қарағайдай академиктер осындай шешімді орайлы деп тапты. Өйткені, сол жылдары «қазақ тілімен қатар орыс тілін де мемлекеттік тіл жасайық» деген ұсыныс қатты да қату айтылған. Дәл сол уақытта орыс тілін мүлдем ескермеуге де, оған мемлекеттік мәртебе беруге де болмайтын еді. Аға буынның қысылтаяң кезде тапқан ақылы осындай-тын. Олар ресми тілдің мәселесі мемлекеттің жүйелі де айқын ұстанымына, елдегі демографиялық жағдайға байланысты бірте-бірте реттеледі деп есептеді. Алайда, бұл мәселе қазіргі күнге дейін дүдәмал күйінде қалып отыр.
Заңда механикалық түрде кеткен қателіктер бар. Оған кей нормалардағы екіұштылықты, солқылдақтықты қосыңыз. Мәселен, «Тіл туралы» Заңда «мемлекеттік тіл және қажет болғанда жағдайда басқа тілдер қолданылады», «орыс тілінде жүргізілуі мүмкін», «құжаттама жүргізу мемлекеттік тілде және орыс тілінде қамтамасыз етіледі» деген сөздер бар. Ал «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңда өтінішке жауаптар «мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде» болуы тиіс деп жазылған. Заңдардағы осы «немесе», «мүмкін», «қажет болған жағдайда» деген сөздерден арылмайынша, заң нормаларында нақтылық, бірізділік болмайынша мәселе сол күйінде қала береді. Заң нақты, ұғынықты, әр сөзі тасқа қашалғандай анық болуы шарт. Ал шынайы өмірде қолданылмайтын заңнамалар елге де, болашаққа да қауіпті.
Қазақ тілінің мәселесін шешуде, түйінін тарқатар тұста неден ұтылдық деп өкінесіз?
– Тіл мәселесі әлемнің барлық елдерінде бар. Қазір Ресей халқы «тіліміз бұзылды, жастар сауатсыз, компьютерге байланған буын сөзді қалай естиді солай жазады» деп дабыл қағып жатыр. Бұл түйіткіл бізде де бар. Ұтылған тұсымыз – көп жерде асығыстық жасадық. Тілге қатысты істің барлығы, ол – заң шығару, сол заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оқулық дайындау болсын, сөздік әзірлеу, әдістеме дайындау, ғылыми жоба жасау болсын –барлығы тыңғылықты дайындық пен тиянақты зерттеуді, сосын халықтық талқылауды қажет етеді. Мықты маман дайындауда да «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз көп.
Елімізде басты бағытын «ұлттық білім берудің ғылыми-педагогикалық, оқу-әдістемелік базасын құру» деп жазып қойған Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы бар. Ал, бір ғана Беларусь мемлекетінде осындай үш ірі институт жан-жақты әрі жүйелі жұмыс істейді, Ресейде олардың саны 20-дан асып жығылады. Білім беру мазмұнын жаңғыртып, жаңартып отыратын мұндай мекемелерде мыңнан астам білікті маман қызмет атқарады. Мәселен, бір оқулық жазылса, ол білім стандартына сәйкес келе ме, баланың қабылдауына, физиологиялық дамуына сай ма, тіпті, әріптің көлемі дұрыс таңдалған ба – осындай сұрақтар сан сүзгіден өтіп барып қана, бір шешім қабылданады. Бұл – ұрпақ сапалы оқулықпен, мұғалім қолайлы әрі қажетті әдістемелікпен қамтамасыз етілген деген сөз. Ал қазір бұл академияның жұрнағы білім мәселесін зерттеу түгілі, әрең күн көріп отыр. Мұндайда мектеп те, мұғалім де, оқулық мәселесі де далада қалады. Жекеменшік баспадан екінің бірі оқулық немесе оқу құралын шығарады. Оның сапасы қандай? Ішінде балаға қажетті не бар, не жоқ? Тексеріп, сараптап жатқан ешкім жоқ. Күні кеше «Әліппеміздің» жоқ болып кетуі де білім беру саласына деген осындай немқұрайлылықтан.
Қазір мұғалімге көмекке келетін ешкім жоқ. Бүгінгі мұғалім қай жағынан алып қарасаңыз да қорғансыз, әлеуметтік, материалдық, ғылыми-әдістемелік қарулану жағынан да әлсіз. Кезінде мәртебелі мамандық саналатын бұл кәсіптің құны, бәсі құлдырап барады. Ал әлсіз мұғалім мықты ұрпақты қанаттандырып шығара ала ма?! Финляндияда ең жоғары жалақы алатын мамандардың алдыңғы қатарында мұғалімдер тұр. Әсіресе, бұл елде бастауыш сыныптың ұстаздарын ынталандыру ерекше. Ұстаз болам дегендерге талап та қатаң. Ал бізде бастауыш сынып мұғалімдеріне ҰБТ-дан аз балл жинағандар барады. Осыдан-ақ біраз нәрсені аңғаруға болады…
Ұлттық білім жүйесін қалыптастыруда ең маңызды қадам не?
– Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлының: «Ана тілін жақсы меңгеріп алмай, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес» деген сөзі бар. Бала әуелі өз ана тілінде білім алуы керек. Оның негізі, тамыры төл тілінде, туған халқының тәлім-тәрбиесінде қалыптасуы қажет. Отбасындағы бесік тәрбиесі, басқаша айтқанда, іргетасы мықты болса, баланың болашағы да берік қалыптасады. Ұрпағымызды кемінде 5-6 сыныпқа дейін таза қазақша оқытудың маңызы зор.
Қазір бізде үш тілдің күресі жүріп жатыр. Алдағы уақытта ағылшын мәдениетімен түйісеміз. Осы текетіреске төтеп беру, жаһандануға жұтылып кетпеу үшін ішкі иммунитетіміз мықты болуы керек. Ол үшін қазақ тілінің қайнарына қанық, ұлттық салт-дәстүрдің бесігінде тербеліп өскен, білімді де білікті буынды қазірден тәрбиелеуіміз қажет. Бүгінде «қала қазағы» деген ұғым шықты. Ол кім? Түрі, болмысы, тілі – қазақ секілді, бірақ дүниетанымы – дүбәра. Себебі, салт-дәстүрді, ұлт өзегін сіңірмеген. Әдеби кітапты қолына берсеңіз, бұрын ауыл баласы «оқып туған» көп сөздің мағынасын да, айтылу жөнін де түсінбейді. Мысалы, тап-таза қазақ тілінде шөжені – «тауықтың баласы» дейді, қымызды – «аттың сүті» дейді.
Сізді қазір қандай мәселе алаңдатып жүр?
– Соңғы кезде бір күрделі үрдісті байқап шошып кеттім. Осы бір аптаның ішінде маған 3-4 адам телефон шалып, қазақ мектебін бітіріп, қазақ бөліміне грантқа түскен балаларын орыс бөліміне ауыстыру мүмкіндігін сұрады. Бұрындары қазақ бөліміне мемлекеттік грантпен түскен студент бітіргенше сол бөлімде оқитын. Егер ауысса, гранттан айырылатын. Ал қазір министрлік пәрмені бойынша, студент орыс бөліміне ауысқысы келсе, гранттан айырылмай-ақ ауыса береді. Осылайша, мемлекеттік санатта қазақ тілінде маман болып даярлануға тиіс бала орта жолда өзіне ыңғайлы тілді таңдап, тәуелсіздік мұратын аяқасты ете алады. Біздіңше, бұл – шұғыл ойланатын мәселе.
Кезінде ұлт зиялылары «қазақтың ұл-қыздары тек қазақ мектебіне барсын» деген ұстанымда болды. Себебі, біз болашақтың мойнына проблема артпауымыз керек. Ертеңін айқындайтындай ақылы толық қалыптаспаған, естиярлық құқы жоқ баланың болашағын неліктен ата-анасының пендешіліктен арылмаған ұстанымына байлауымыз керек? Бұл мәселенің де бір нақты, мемлекеттік заңдық негізін таппай болмайды. Мысалы, Франция балаларының елеулі бөлігін ағылшынша немесе немісше оқытар ма еді? Ресми деректерге сүйенсек, биыл оқушыларымыздың 68 пайызы қазақ мектебіне барыпты, қалған 32-сі орысша білім беретін орындарды таңдаған. Ал, сол 32-нің әрі кеткенде 5-10 пайызы – өзге ұлт өкілдері, қалғаны – ата-анасы адастырғандар өз көгенкөздеріміз. Бұлардың обалын кім ойлайды?..

Қысқа қайырғанда…
Қазір бізге не жетіспейді?
– Қоғамдық талқылау. Кез келген мәселені (жастар, жұмыссыздық, тіпті қылмыс т.б. болсын) халықтың, қоғамның талқысына салып, себебін, түбін зерттеу, алдын алу аз.
Жастарға сенесіз бе, әлде, күдігіңіз басым ба?
– Сенімім көп. Жастарға сену керек. Қазіргі буынның көкжиегі кең. Зерек. Шет тілін және технологияны тез меңгереді.
Жас буынның бойындағы басты кемшілік не?
– Дәстүрге атүсті қарайды. Кітап оқымайды. Газет-журналға қарамайды. Өкінішке қарай, көбінің миын, жадын смартфон жеп қойған.
Жас буынға жиі айтатын кеңесіңіз қандай?
– Ар-ұятты ұмытпа! Отбасы, ел алдындағы жауапкершілікті сезін! Тілдің, мәдениеттің мемлекетшілдік мүддесін ойла! Сенің ең басты жұмысың – білім алу, намысты болу!
Ұстаздық қызметіңізде не нәрсеге көзіңіз жетті?
– Білімді, қолынан жазу келетін адамның жерде қалмайтынына.
Филологтарға ең алдымен қандай қасиет қажет?
– Логиканың мықтылығы, саналылық.
– Оқуға кеңес берер үш кітабыңыз…
– Абайдың қарасөзі, М.Әуезовтің әңгімелері, Ж.Аймауытұлының көркем шығармалары.
Әлеуметтік желілерден көрінбейсіз. Неге?
– Уақыт алады. Мұны басында «өз-өзін көрсетудің алаңы» деп қабылдай алмадым. Бірақ соңғы кезде оның да пайдалы, қажет тұстарын байқап жүрмін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*