Ұлттық құрамадан үміт зор

Өрт-құтқару спорты бойынша 12-17 қыркүйек аралығында Словакияның Банска-Бистрица қаласында кезекті XIV әлем чемпионаты өтпек. Дүниежүзілік додада еліміздің намысын қорғайтын ерлер ұлттық құрамасы бүгінде Астана қаласындағы «Құтқарушы» спорт кешеніне дайындық жасауда.
Құрамада барлығы 12 адам болса, Словакияға соның 10-ы бармақ. Өткен апта біз барған кезде жігіттер жеке сайыс түрінен, яғни кедергілі 100 метрлік жолақтан уақытқа жүгіріп өту бойынша қорытынды өлшем жасау сынақтарын өткізіп жатыр екен. Олардың жетістіктері мен дайындық барысы туралы бізге ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы, азаматтық қорғау майоры Сәкен Орынбаев айтып берді.
Сөз басында Еуропада ел намысын қорғайтын ұлттық құрама мүшелерін таныстырып өтелік. Олар – команда капитаны, Батыс Қазақстан облысы ТЖД №27 ӨСБ қарауыл бастығы, азаматтық қорғау лейтенанты Дмитрий Агафонов, Астана қаласы ТЖД №9 ӨСБ бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Мирас Дүйсеков, №16 МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Нұралы Мағау, №16 МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Николай Буторин, Алматы қаласы ТЖД №14 МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Ислам Духанбаев, Ақтөбе облысы ТЖД Аймақтық оқу орталығының оқытушысы, азаматтық қорғау лейтенанты Махамбет Сатыбалдиев, Шығыс Қазақстан облысы ТЖД №11 ӨСБ өрт сөндірушісі, қатардағы азаматтық қорғау қызметкері Дмитрий Снегирев, №62 ӨСБ тылдық қамтамасыз ету жөніндегі аға шебері Ержан Шәріпханов, Маңғыстау облысы ТЖД №1 ӨСБ технигі Асылзат Ілиясов және Шымкент қаласы ТЖД №4 МӨСБ-нің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Вахиджан Қазақбаев. Әлем чемпионатына баратын құрамаға іріктеу Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан чемпионаты кезінде жүргізілген.
«Төтенше жағдайлар комитетінің денешынықтыру, көпшіліктік-сауықтыру шаралары және негізгі республикалық, халықаралық жарыстар бойынша күнпарақтық жоспарының 3.3 пунктіне сәйкес Словакияда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз. Жігіттердің дайындығы, көрсеткіштері жақсы. Осы турнирде Қазақстанның бірнеше көрсеткіштері жаңарады деп айтуға негіз бар. Өйткені, осының алдында мамыр айында халықаралық федерация кубогы өткен болатын. Осы турнирде жігіттердің көрсеткіштері жаман болған жоқ. Қазақстанның екі рекордын жаңартты. Бұл өрт сөндіру эстафетасы мен екі сайыс түрі болатын. Сонымен бірге, шабуылдау сатысымен көтерілу және 100 метрлік жүгіруде бұған дейінгі ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Сол себептен де, болжам айтып асылық жасамай-ақ қояйын. Бірақ, ұлттық құрамаға үмітіміз зор. Басты мақсатымыз – лайықты өнер көрсетіп, Қазақстанның абыройын әлем алдында асқақтатып қайту», – дейді бас бапкер Сәкен Төлеубекұлы.
Биылғы Ақтөбе қаласында өткен жазғы чемпионатта ұлттық құрама іріктеліп, бұрынғы құрамның 40 пайызы жаңарған болатын. Сол жаңадан құрамаға алынған төрт жігіттің үшеуі әлем чемпионатына ең бірінші рет бара жатыр. Олар – Нұралы Мағау, Ержан Шәріпханов пен Ислам Духанбаев. Әлем біріншілігінде жүлделер шабуылдау сатысымен көтерілу, кедергілі 100 метрлік жолақпен жүгіріп өту, 4х100 м өрт сөндіру эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю сынды төрт сайыс бойынша сарапқа салынады екен. Білетін болсаңыздар, жауынгерлік қанат жаюдан Қазақстан құрамасы екі мәрте әлем чемпионы. 2014 жылы Алматы қаласында және 2015 жылы Санкт-Петербор қаласында өткен әлем чемпионаттарында біздің жігіттер алтыннан алқа тағынған болатын. Сондықтан да осы сайыс түрінен бұл жолы да жоғары жетістіктер көрсетеміз деген үміт басым.
«Дүниежүзілік дода Еуропада өтетін болғаннан кейін оған қатысатын елдер саны да өте көп болады деп ойлаймын. Өйткені, ондағы елдердің арасы жақын, бір-біріне бару үшін виза қажет емес. Менің ойымша, 20-дан астам ел келіп бағын сынайтын секілді. Ал жалпы қарсыластарға келетін болсақ, бұл спорт түрінен Ресей, Украина, Беларусь және Чехия мемлекеттері өте мықты болып келеді. Ал біздің ел үздіктер бестігіне батыл енеді. Тіпті, негізгі тартыстар осы бес елдің арасында өтеді деп те айтуға болады. Сол себептен осы алпауыттардан озбасақ, қалып қоймауға тиіспіз», – дейді азаматтық қорғау майоры.
Сәкен Төлеубекұлы жігіттердің ішінен ардагерлермен қатар жаңа спортшыларға да үлкен үміт артып отыр. Солардың бірі – астаналық Нұралы Мағау Ақтөбеде өткен ел біріншілігінде шабуылдау сатысымен оқу мұнарасының 4-қабатына шығу сайысында Қазақстан рекордын жаңартқан екен. Сонымен бірге, биыл екісайыс бойынша астаналық Николай Буторин де ел рекордын жаңартыпты. Шымкенттік Вахиджан Қазақбаевқа да артылып отырған үміт зор. Жалпы жігіттердің қай-қайсысы да осал емес. Бақ шаба ма, бап шаба ма, оны уақыт көрсетеді.
«Николай Буторин Алматы қаласында өткен халықаралық жарыста екісайыс түрінен 29,65 секундпен рекорд орнатқан болса, Нұралы Мағау ашық ғимаратта шабуылдау сатысымен оқу мұнарасына көтерілуде 14,51 секунд көрсеткішімен рекорд жаңартты. Өрт эстафетасы бойынша Қазақстан рекорды – 56,41 секунд. Бұл көрсеткішті биыл Алматыда өткен халықаралық турнирде біздің жігіттер көрсетті. Жауынгерлік қанат жаюда да құрама командамыз рекорд орнатады деп сенеміз. Өйткені, әлем чемпионатының орны бөлек. Спортшыларымыз оған толықтай дайын. Сенім үдесіне шыға білеміз деп сенемін», – дейді Серік Орынбаев.
Біз барған күнгі өлшем жасау сынақтарының қорытындысы да көңілге қонымды екен. Көрсеткіштер жаман емес. Вахиджан Қазақбаев екісайыс түрінен рекорд көрсеткен, 100 метрлікте де алдыңғы орында. Басқа жігіттер де одан қалысайын деп тұрған жоқ. Бас бапкердің ендігі ойы – командалық сайыс түрлерінен де осындай қорытынды сынақтар жасаған соң, спортшыларға жол жүрер алдында бір-екі күн тынығып алуға мүмкіндік беру. Өйткені, осының алдында Алматыда, Ақтөбеде өткен турнирлер бар, әлем чемпионаты қарсаңындағы оқу-жаттығу жиынының өзі де 20 тамыздан бері жалғасып келеді. Сондықтан жігіттердің бабын жоғалтып алмауымен қатар, титықтап қалмағаны дұрыс. Ұлттық құрамамыздың осы күнгі жылдамдығы мен дайындығына тәнті болып, дүниежүзілік додада жеңіс тілеп қоштастық.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ, суреттерді түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*