САПАСЫЗ ҚҰРЫЛЫС – САЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫС

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуының басым міндеттерінің қатарында «отандық экономиканың толық драйвері болуы тиіс құрылыс секторын дамыту қажеттілігі» көрсетілді. Осы бағыттағы жұмысты орындау үшін әртүрлі инфрақұрылым объектілерін, оның ішінде тұрғын үй саласындағы объектілерді салу жоспарлануда.
Бұл ретте, ғимараттарды жобалауға, жоспарлауға, құрылыс әдістеріне және қазіргі заманғы материалдарға жаңа тәсілдерді қолдануға, сондай-ақ, қолданыстағы үйлер мен инфрақұрылымдарды зияткерлік басқару жүйелерімен жабдықтауға ықпал ететін ғимараттардың сапасына, экология және энергия тиімділігіне қойылатын талаптар артатын болады. Құрылыс саласындағы нормативтік-техникалық құжаттар әлемдік тәжірибені есепке ала отырып, тұрақты негізде жаңартылып отырады.
Салынып жатқан объектілерге мемлекет тарапынан аса назар аударылуы кездейсоқтық емес. Құрылыс саласындағы нақты нормативтік-құқықтық тәртіпке және экономикалық өзгерістерге қарамастан, елімізде адал құрылыс фирмаларымен қатар, құрылыс қызметтерін тиісті сапада көрсетпейтін компаниялар бар. Соның салдарынан, адамның өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін құрылыс объектілері пайда болады.
Бұрынғы Кеңес Одағының кеңістігіндегі елдер үшін де сапасыз салынған құрылыс объектілерінің проблемасы өзекті болып отырғанын атап өткен жөн. Сонымен, қазір Еуразиялық экономикалық одақтың «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің жобасы әзірленіп, талқылануда. Аталған жоба Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кеден аумағында ғимараттар мен құрылыстар, құрылыс материалдары мен бұйымдарды пайдалану және орындау үшін бірыңғай міндетті қойылатын талаптарды және оларға қойылатын талаптармен байланысты ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу, пайдалану және жою, айналымға шығарылған құрылыс материалдары мен бұйымдардың Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағында еркін ауысуын қамтамасыз ету, құрылыс жұмысын орындау және құрылыста қызмет көрсету рәсімдеріне қойылатын талаптарды белгілеу мақсатында әзірленді.
Тұрғын үй ғимаратының сапасыз салынуы, оның ішінде оларды сапасыз жөндеу фактілері, өкінішке орай, бірлі-жарым емес. Алайда, қылмыстық-құқықтық статистикада қоғамдық қауіпті салдарға әкеп соққан және тиісті қылмыстық-құқықтық бағаға ие болған сапасыз салынған құрылыс жағдайлары ғана көрініс табады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2012 жылы әртүрлі объектілердің сапасыз салынуының 6 фактісі, 2013 жылы – 5, 2014 жылы – 3, 2015 жылы – 7, 2016 жылы – 7 және 2017 жылы 3 фактісі тіркелді. Сапасыз салынған құрылыс пен жөндеу фактілеріне тұрғын үйлерді, сондай-ақ, құрылыстың басқа да объектілерін (көпірлерді, авокөлік жолдарын және т.б.) салу кезінде де жол берілді.
Отандық қылмыстық заңнамада сапасыз салынған құрылыс үшін жауаптылық алғаш рет «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 8 қаңтардағы № 210 Заңымен енгізілді. Осы заңмен Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шілдедегі Қылмыстық кодексі сапасыз салынған құрылыс үшін жауаптылық белгілейтін 245-1 баппен толықтырылды.
Қолданыстағы қылмыстық заңнамада сапасыз салынған тұрғын үй ғимараты мен басқа да құрылыс объектілері үшін жауаптылық ҚК-нің 278-бабында реттелген. Аталған баптың диспозициясында сапасыз салынған құрылысты және сапасыз салынған ықтимал құрылыс объектілерін құрайтын іс-әрекеттер көрсетілген.
Сапасыз салынған тұрғын үйлер туралы сөз қозғай отырып, оның қоғамдық қауіпсіздігі сапасыз салынған, аяқталмаған немесе шарттың және жобалау құжаттамасының талаптарына сәйкес келмейтiн ғимараттар мен құрылыстарды, тұрғын үйлердi немесе өзге де құрылыс объектiлерiн пайдалануға тапсыруы немесе пайдалануға қабылдауы, сол сияқты, оларды сапасыз жөндеуi олардың қирауына, салдарынан адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру мен күрделі материалдық залал келтіруге әкеп соғатынын атап өту қажет.
Қылмыстық кодекстің 4-бабына сәйкес «Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау, яғни осы Кодексте көзделген қылмыс не қылмыстық теріс қылық құрамының барлық белгiлерi бар іс-әрекеттер қылмыстық жауаптылықтың бiрден-бiр негiзi болып табылады».
Ал «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі №94-1 Заңы 2-бабының 39-тармағына сәйкес, тұрғын үй – негізінен тұрғын үй-жайлардан, сондай-ақ, тұрғын емес үй-жайлардан және ортақ мүлік болып табылатын өзге де бөліктерден тұратын құрылыс.
Көппәтерлі тұрғын үй ғимараттарын пайдалануға тапсыру немесе пайдалануға қабылдау орындаушы мердігер салған немесе қайта салған тұрғын үйді тапсыру мен оны арнайы уәкілетті тұлғалардың заңмен белгіленген қатаң тәртіпте қабылдауын білдіреді. Ал тапсырыс беруші (инвестор, құрылыс салушы) техникалық және авторлық қадағалаулармен бiрлесiп, белгіленген тәртіпте пайдалануға қабылдамаған және бағыты бойынша, оның ішінде тұру үшін пайдаланылмаған тұрғын үй аяқталмаған құрылыс болып танылады. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242 Заңы 73-бабының 2-тармағына сәйкес, тапсырыс берушi салынған тұрғын үй ғимаратын пайдалануға қабылдау мен берудi бекiтiлген жобаға сәйкес, ол толық әзiр болған және сәйкестiк туралы декларация, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың бекiтiлген жобаға сәйкестiгi туралы қорытындылар болған кезде жүргiзедi.
Тұрғын үй ғимараттарын және құрылыстың өзге де объектілерін, сондай-ақ, олардың кешендерін салу (реконструкциялау, қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу) белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына, елді мекеннің бас жоспары негізінде орындалған құрылыс салу жобасына сәйкес әзірленген жобалау-смета құжаттамасы бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы көлемдiк-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлiк, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешiмдердi қамтитын құжаттамасын, сондай-ақ, құрылысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, аумақты инженерлiк жағынан дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулердi қамтиды.
Сәйкесінше, заңнамамен бекітілген және белгіленген құжаттамадан ауытқумен немесе оған бекіткен инстанцияның рұқсатынсыз өзгертулер енгізумен салынған тұрғын үй ғимараты шартқа және жобалау-смета құжаттамасына сәйкес келмейтін тұрғын үй деп танылуы тиіс.
Тұрғын үйді жөндеу оның бастапқы эксплуатациялық қасиеттерін сақтауға немесе қалпына келтіруге бағытталған техникалық іс-шаралар кешенін жүзеге асыруды білдіреді. Жөндеу толығымен немесе ішінара (мысалы, қандай да бір конструкцияларды – сатыларды, төбелерді, есіктерді, терезелерді және т.б.) жүргізілуі мүмкін.
Сапасыз салынған құрылыстың және тұрғын үй ғимаратын жөндеудің субъектісі құрылыс ұйымының басшылары, жұмыс өндірушілері және құрылыс сапасын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар (мысалы, сәулет-құрылыс бақылау мен қадағалау, жоба, құрылыс өнімдерін стандарттау және сертификаттау сараптамасының өкілдері, тапсырыс берушілер, құрылыс салушылар және т.б.) болуы мүмкін.
Субъективті жағынан кінәлі адамның ҚК 278-бабының диспозициясында көрсетілген әрекеттерге қатынасы саналы әрі санаға салынбаған болуы мүмкін. Пайда болған салдарға қарай, абайсыздық нысанында (менмендік немесе немқұрайдылық) қылмыс абайсызда жасалған деп танылуы тиіс.
Қарастырылып отырған іс-әрекеттің міндетті белгісі сапасыз салынған құрылыс пен пайда болған салдардың арасындағы себепті байланыстың бар болуы болып табылады. Заңнамалық конструкцияға сүйенсек, сапасыз салынған құрылыстың құрамы материалдық болып табылады, яғни ол денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтірілген кезден бастап аяқталған болып танылады. Талданып отырған норманың диспозициясында көрсетілген салдар болмаған жағдайда әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық жауаптылық туындайды. Осы санаттағы қылмыстық істер бойынша техникалық, құрылыс-монтаждық және өзге де сараптамалар тағайындау және жүргізу міндетті.

Л. АВХАДЕЕВА,
ІІМ Б. Бейсенов атындағы
Қарағанды Академиясы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*