Шырайлы шығысқа шуақ сепкен топ

GVK_6087Елге құрмет, Отанға құрмет, Батырлар рухына тағзым – бәрі бір-бірімен тұтасып жатқан патриоттық ұғымдар. Сондықтан батырлықты дәріптеу – парызымыз, тағзым ету – міндетіміз. Тек осындай нақты мақсатты көздеген шаралар ғана патриоттық сана сезімнің қалыптасып, шындалуына септігін тигізбек. ІІМ-нің ақпараттық-насихат тобы Шығыс Қазақстан облысындағы сапарында қызмет бабында қазақ тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым жасады.
Шығыс Қазақстан облыстық ІІД-дегі ескерткіш алдында жеке құрам сап құрағаннан кейін ІІМ Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев, облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов, ақпараттық-топтың өзге де мүшелері салтанатты жағдайда гүл шоқтарын қойды. Алдымен сөз кезегін алған полиция полковнигі Руслан Құрымбаев бұл шараның маңыздылығына айырықша тоқталды. Отан алдындағы борышын өтеу кезінде қаза тапқан батырлардың рухына тағзым жасап, құрмет тұту, олардың есімі келешек жас ұрпақтың санасына сіңіріп, патриоттық тәлім-тәрбиеде үлгі-өнеге қылып көрсету бүгінгі қызметкерлердің парызы екенін тағы бір мәрте еске салды. Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер органдары және ішкі әскер ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев та өз кезегінде ІІМ басшы құрамының патриоттық бағытта үнемі тың жұмыстарды қолға алып жүргенінне ризашылығын білдірді. Жеке құрам алдында қызмет бабында қаза тапқан сақшылардың ерлік істерінен де естелік айтып өтті.
Қызмет бабында қаза тапқан полиция майоры Ерболат Сүбебаев, полиция капитаны Алибай Нұрбаев, полиция аға лейтенанты Ринат Исаев, полиция старшинасы Ерболат Көшембаев, полиция капитаны Жәлелхан Мұрымбаев және басқа да ерлердің есімдерін шығыстық сақшылар әрдайым құрмет тұтады екен. Олардың есімдері Ішкі істер департаментіндегі мұражайында алтын әріптермен жазылған. Шараға қатысушылар осы мұражайдағы құнды мәліметтермен де асықпай танысып шықты. Ақпараттық-насихат тобының Өскемен жеріндегі ең алғашқы үлкен шарасы – облыстық ІІД, ҚАЖД, МКҚБ, ЖІІБ, Өскемен қалалық ІІБ жеке құрамының қатысуымен өткен алқалы жиын. Бұл басқосу басталмас бұрын ақпараттық-насихаттық топтың басшысы Руслан Құрымбаев қызмет бабында қаза тапқан бірқатар сақшылардың отбасына ІІМ атынан арнайы сыйлықтар табыс етті. Бұдан соң үздік қызметкерлерді, ІІО ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті. Бұдан соң жиналған қауым алдында ІІМ Мәдени орталығы көркемөнерпаздар ұйымы мен Ішкі әскерлердің ән-би ансамблі жиналған көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Ән салды, би биледі. Негізінен патриоттық әндерге көп орын берілді.

GVK_6197«Нұр Отан» мен ІІМ:
қазақстандық патриотизм – киелі ұғым
Сол күні түстен кейін «Нұр Отан» ХДП Шығыс Қазақстан облыстық филиалында дөңгелек үстел салтанат құрды. Еліміздегі үлкен саяси құрылымда мұндай жиынның өтуі тегіннен тегін емес. Өйткені, халықтың сана сезімін арттыру, идеологиялық жұмыстарды жетілдіру тікелей осы саяси құрылымның мойнына жүктелген. Елбасымыздың Жолдауын насихаттап, патриоттық жұмыстарды иделогиямен байланыстыру арқылы оның ықпалын күшейтуді ІІМ жанынан құрылған ақпараттық топ жоғары деңгейде жүзеге асырып келеді. Міне, осы міндеттер, дәлірек айтқанда екі іргелі құрылымға ортақ міндеттер олардың дөңгелек үстелге басқосуына себепші болған сияқты. Жиынды ашқан «Нұр Отан» ХДП Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков әңгімені ең алдымен осы төңіректе өрбітті. Басқосуға ынта білдірген Ішкі істер министрлігінің өкілдеріне ризашылығын білдірді. Қонақ ретінде сөз алған ақпараттық-насихаттық топтың басшысы, ІІМ Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев Елбасымыздың Жолдауынан туындаған міндеттерді саралай келе, ішкі істер органдарының тәуелсіздік жылдардан бері қалыптасуы кезеңіне тоқталды. «Өздеріңізге белгілі, ел тыныштығын қорғауда ішкі істер органдарының алар орны ерекше. Біздің аға буын өкілдері өз кезегінде қазақстандық патриотизмнің үлгісін қалыптастырып, ел қорғауда ерен ерліктер көрсетті. Осындай ерліктің үлгісі бүгінгі қызметкерлердің бойында әуел бастан қалыптасып үлгерген. Бұл дер кезінде жүргізілген отансүйгіштікке баулу, патриотизмді насихаттау шараларының жемісі. Өйткені, біздің батыр ардагер ағаларымыз бен қызметтегі жеке құрам арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Олардың ерлік істері насихатталады. Біз өзінің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген, өмірін қатерге тігіп қылмыскерлермен аяусыз күресіп жүрген қызметкерлерімізді әрдайым мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік алғанымызға бар-жоғы жиырма жылдан сәл артық уақыт өтсе де, қазақстандық полиция тарихында ерліктің ерен үлгісі қалыптасып үлгерді. Сол уақыттан бері есептегенде бейбіт тұрғындардың тыныштығын қорғау кезінде 709 қызметкеріміз қаза тапқан. Олардың есімі ел тарихына ұмытылмастай болып жазылды. Бірқатар қалалардағы көшелер, ауылдар біздің батырлармыздың есімін иеленді. Көптеген ескерткіш, мемориал тақталар бой көтерді. Сегіз жүзден астам полиция қызметкері мемлекеттік наградаларға ие болды. Өкінішке қарай, олардың 87-не қаза тапқаннан кейін берілді. Біздің орган – осындай батыр ұландары, елі үшін әрқашан ерлікке IMG_0440әзір тұратын қырандары бар мәртебесі жоғары орган. Ішкі істер министрлігі өз кезегінде Жолдауды ғана насихаттап қоймай, жас ұрпақ өкілдерінің бойында патриоттық сана-сезімнің қалыптасуына да айырықша мән береді. Еліміздің әр өңіріне арнайы сапар шеккен министрліктің ақпараттық-насихаттық тобы идеологиялық, патриоттық бағытта да көптеген іс-шараларды жүзеге асырды. Біз, міне Шығыс Қазақстан өңірінде де осындай шараларды өткізуге арнайы келдік. Біздің бұл сапарымызда Шығыс Қазақстан облысының көптеген өңірлерін аралап шығатын боламыз», – деді Руслан Құрымбаев.
Дөңгелек үстелге жиналған жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де өз кезегінде Ішкі істер министрлігінің ауқымды іс-шараларына қолдау білдіретіндіктерін жеткізді. Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» ХДП Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков Ішкі істер министрлігінің қазақстандық патриотизмді, мемлекеттік идеологияны қалыптастыру бағытында осындай үлкен бағдарлама құрып, оны нақты істермен жүзеге асырып жатқанына ризашылығын жасырмады.
«Шыны керек, бірде-бір мемлекеттік орган Елбасы Жолдауын насихаттауда нақты істерге құрылған осындай ауқымды іс-шаралар жүзеге асырып жатқан жоқ. Әр органнан құрылған ақпараттық топ тек қана кездесулер өткізумен, Елбасы Жолдауын насихаттап, халыққа түсіндірумен шектеледі. Ал мынадай кешенді іс-шаралар, оның ішіне идеологиялық, саяси, патриоттық, көркемөнерді қамтитын үлкен бағдарламамен, үлкен құраммен насихаттауды Ішкі істер министрлігі ғана жыл басынан бері әр өңірлерде арнайы сапарлармен жүзеге асырып келеді. Сондықтан сіздерге зор алғыс айтып, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», – деді Түсіпхан Түсіпбеков.
Жиын соңында ІІМ Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыруға қосып жатқан үлесі үшін «Нұр Отан» ХДП Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Түсіпбековке ескерткіш сыйлықтар мен Ішкі істер министрі атынан арнайы грамота ұсынды. Сондай-ақ, ІІМ Ішкі әскерлері бас қолбасшысының әлеуметтік-құқықтық және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, ішкі әскер полковнигі Мұхаметқали Сатов та өз кезегінде партия өкіліне ішкі әскердің өмірінен түсірілген деректі фильмдердің бірнеше бейнетаспасын сыйға тартты. Оның ішінде Елбасының қолынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін алған ішкі әскердің кіші сержанты Ербол Отарбаев жөнінде де арнайы деректі фильм бар. Ербол Ақтау колониясынан қашқандарды ұстау кезінде ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Ауыр жарақат алып, үш рет күрделі операция өткерген. Мұндай құнды дүниелер еліміздің жас өскелең ұрпағын патриотизмге тәрбиелеуге айтарлықтай үлес қосары сөзсіз.

Қариялар көздеріне жас алды
18 қыркүйек күні ақпараттық-насихаттық тобы ішкі әскер майоры А.Романовтың отбасына бас сұқты. ІІМ Ішкі әскерінің бас қолбасшысы атынан арнайы сыйлықтар алған ішкі әскер майоры құрмет көрсеткен топқа жылы лебізін білдірді. Бұдан соңғы кездесу Өскемендегі қариялар үйінде жалғасты. Бүгінде мұнда 120 шақты қарт әже мен ата мемлекет қамқорлығына алынған екен. Қариялар үйінің директоры Баян Назбаев келген қонақтарды ықыласпен қарсы алды. Акт залға жиналған қарияларға ІІМ Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары Руслан Құрымбаев, ІІМ Ішкі әскерлері бас қолбасшысының әлеуметтік-құқықтық және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мұхаметқали Сатов жүрекжарды тілектерін жеткізді. Бір кездері мемлекетке үлкен еңбек сіңірген GVK_6696аға буын өкіллерінің ешқашан елеусіз, ұмыт қамайтынын айтқан М.Сатов қарттарға Ішкі істер министрі атынан бағалы сыйлықтар ұсынды. Ал ІІМ мәдени орталығының көркемөнерпаздар ұжымы мен Ішкі әскердің ән-би ансамблі тамаша әндері мен күйлерін тарту етті. Әнші Маржан Арапбаева, жас әнші Бауыржан Нұрымбетовтің әсем әндері көпшіліктің көңілін толқытты. Өздерін елеп-ескеріп, осындай әсерлі концерт тарту етіп, көңілдерін көтергендеріне толқыған қарттар көздеріне жас салды. Қариялар үйіндегі қамкөңіл жандар көркемөнерпаздар ұжымына, оларды бастап келген ақпараттық-насихат тобының басшыларына ризашылықтарын білдіріп, зор алғыс айтты. Сол күні түстен кейін осы құрам С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің профессорлық-оқытушы құрамы және студенттермен кездесті. Оларға да Елбасы Жолдауының басым бағыттары түсіндірілді. Кездесу соңында бірқатар ұстаздарға Ішкі істер министрі атынан грамота ұсынылды. Басқосудың соңы тағы да ІІМ мәдени орталығы мен ішкі әскердің ән-би ансамблінің көңілді кешіне ұласты.

Тарихи сананы сілкіндірген шара
Ал сағат кешкі 7-де облыстың басшылары, қала және облыс әкімдігінің қызметкерлері, «Нұр Отан» ХДП, прокуратура, «Шығыс» өңірлік ішкі әскерінің офицерлік құрамы, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері бас қосқан үлкен жиын өтті. Алдымен сөз алған ІІМ Кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары Руслан Құрымбаев еліміздің Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – GVK_6322қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының ел өміріндегі маңызына тоқталып, алға қойған міндеттерін саралады. Елбасының Жолдауына байланысты Ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша атқарылатын идеологиялық және тәрбие жұмыстарының нақты жоспары жасалғанын атап өтті.
«Бұл жоспар мынадай негізгі мәселелерді шешуді көздейді. Ең бірінші, тәуелсіз еліміздің дамуы мен қалыптасу жолындағы Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың тарихи ролін ашып көрсету бағытында арнайы іс-шаралар жүргізу. Сондай-ақ, жеке құрамның бойында жоғары тарихи сананың, қазақстандық патриотизмнің, тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің нығайып, Отан алдында берген антқа және қызметтік міндетке деген адал ар-намыстың қалыптасуына бағытталған шараларды жүзеге асыру міндеті қойылған. Бұған қоса, ішкі істер органдарында қоғамдағы қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды ұйымдастыруға да баса көңіл бөлінген. Мұның ішінде батырлықты, патриотизмді насихаттауды мақсат тұтқан жұмыстарды жүргізу өз алдына бөлек маңызға ие», – деді Руслан Құрымбаев. Оның айтуына қарағанда, биылғы жылдың ақпан айынан бастап осы жоспарды жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар атқарылып келеді. Алдымен Петропавл қаласында ІІМ Ішкі әскерінің Әскери институты базасында оқу-жаттығу жиындары өткізілген. Бұл шараларға ІІД, КІІД басшыларының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасарлары, ІІМ Оқу орталықтарының тәрбие жұмыстары жөніндегі бөлім бастықтары басшылық жасаған. Ал осы жылдың ақпан мен наурыз айында ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясында ІІД, ІІМ ЖОО-ның кадр жұмысы басқармасының тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі инспекторлар мен аға инспекторлардың, жалпы жеке құрам арасында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруға тікелей жауап беретін тұлғалардың біліктілігін арттыру курстары өткізілген. ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясындағы осы оқу курстары аясында жоғары оқу орындары арасында ішкі істер органдарында идеологиялық және тәрбие жұмыстарын жетілдіру жөніндегі өзекті мәселелерге орай ғылыми-практикалық конференция өткізілген екен. Бұл атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Алда атқарылуы тиіс бұдан да маңызды, бұдан да күрделі міндеттер жетерлік.

Зырян мен Риддерге сапар
Шығыстың сұлу самырсандары мен өр Алтайдың маңғаз таулары тазалықтың, пандықтың, асқақ рухтың символы іспеттес бір ғажайып әлем. Басына бұл шөгіп жатқан биік тауларда өрліктің, тектіліктің, пандықтың беглісі байқалатындай. Аспан әлемімен айқара құшақтасып жатқан алып шыңдардың арасымен, құз-жарлардағы өткелдерден қысыла-қымтырыла өткен автобус тура түс мезгілінде Зырянға келіп тұмсық тіреді. Ақпараттық-насихат тобы мұнда да үлкен жиын өткізіп, концерт берді. Соңында Зырян ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Ерембесов сөз алып, Ішкі істер министрінің арнайы тапсырмасымен қияндағы Зырян ауданына арнайы келіп, еліміздің саяси бағыты бойынша тұщымды әңгіме қозғап, Мемлекет басшысының Жолдауын нақты түсіндіріп берген, елге бір серпіліс сыйлаған топқа жергілікті халық атынан зор алғысын жеткізді. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа Зырян қаласы мен ауданы басшылары атынан алғыс хат табыс етті. Ал Риддер қаласында ақпараттық-насихат тобы әуелі өлкетану мұражайын аралып, аймақтың тарихына, табиғи ерекшеліктеріне қанықты. Содан соң «Светоч» балалар үйіне барып, Ішкі істер министрі мен ІІМ Ішкі әскері бас қолбасшысы атынан бағалы сыйлықтар табыс етті. ІІМ Мәдени орталығы мен Ішкі әскердің ән-би ансамблінің өнерін тамашалаған балғын көрермендер ерекше қуанышқа бөленді. Олар өздерінің мейрімді аға-апаларымен қимай қоштасты. Шығыс өлкесіндегі ақпараттық-насихаттық топтың сапары Риддермен ғана шектелмейді. Бұдан кейінгі осындай жарқын кездесулер, әдемі ән-би кеші Өскеменнен үш жүз шақырман астам қашықтықтағы Жанғызтөбе ауылында, Шемонайха ауданында, Семей және Курчатов қалаларында жалғасын табады. Бұл сапар қыркүйек айының 26 күні қорытындыланбақ.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ, Шығыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*