Жабыққанға жәрдем – азаматтық іс

Облыстық ІІД-нің Ардагерлер кеңесі мұқтаж және мүмкіндігі шектеулі ішкі істер органдарының ардагерлеріне көмектерін көрсетуде.
Мұсылмандардың қасиетті мейрамында Ақмола облыстық ІІД Ардагерлер кеңесінің өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып қайтты.
Қайырымдылық көмекті өз әріптестеріне Ардагерлер кеңесі тұрақты түрде, соның ішінде айтулы мерекелерде көрсетіп отырады. Материалдық көмек ретінде сыйлықтар, ақшалай қаражат беру дәстүрге айналған. Тәртіп сақшылары бұған дейінгі мейрамдарда да ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Дәуітбек Нұрғалиевтің жетекшілігімен мүмкіндігі шектеулі әріптестеріне, сонымен қатар, тыл ардагерлеріне, ішкі істер органдары ардагерлерінің жесірлеріне барып, азық-түлік апарып, отын дайындап, көмектерін көрсетті.
90 жастағы Екатерина Шабанова қазіргі кезде қалалық емханада емделуде. Күтпеген жерден келіп, ықылас білдірген тәртіп сақшыларына дән риза болып қалды. Екатерина Яковлевна жұбайы Иван Максимовичпен 40 жылдан астам уақыт отасқан, төрт баласы бар. Иван Шабанов көп жылдар бойы қылмыстық іздестіру бөлімінде адал қызмет атқарды.
Хамидулла Масалимановичтің қызы Раушан қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі зейнеткер әкесін күтіп бағуда. «Ішкі істер департаменті әкемді, отбасымызды ұмытпай, ақшалай, азық-түлік түрінде көмек көрсетіп жатады», – деп алғысын білдірді Раушан Масалиманова. Хамидулла Масалиманович Қызылту ауылының учаскелік полиция испекторы, уақытша ұстау изоляторының бастығы лауазымдарында қызмет етті.
Ксения Тюменцева қазіргі кезде немересі және қызымен тұрып жатыр. Жұбайы Анатолий Тюменцев Жапон соғысына қатысқан. 1951 жылдан бастап Арықбалық аудандық ІІБ-де учаскелік полиция инспекторы болып, кейін тергеуші қызметін атқарған. Әңгіме барысында Ксения Петровна жұбайы қайтыс болғаннан бері Ардагерлер кеңесі моральдық және материалдық көмек көрсетіп келе жатқанын атап айтып, ризашылығын білдірді.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*