«Батыл жүрек» батырларға беріледі

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру мекемесіне қарасты Байзақ ауданы №8 Өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Жақсылық Бекбергенов 2018 жылдың 12 тамызында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Жомарт жүрек» байқауында «Батыл жүрек» номинациясын иеленді.
Жалпы аталған шараға аудандық мекемелер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысып, нәтижесінде ортақ шешімге келген қазылар алқасының құрамы күнделікті қызметі тікелей тілсіз жаумен бетпе-бет арпалысумен басталатын, өрт сөндіру саласының жас офицері Жақсылық Бекбергеновті аталмыш құрметке лайық деп тапқан. Грамотаны Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Айдос Тойбаев тапсырып, Жақсылықтың жастығына қарамай білдей бір мекеме бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарып, адам өмірі мен құнды мүліктерді өрттен сақтауға үлкен үлес қосып жүрген адал еңбегі үшін алғысын білдірді. Ал Жақсылық өз кезегінде қолына берілген сый-сияпатты ерекше ықыласпен қабыл алып, «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп халық алдында нық жауап берді.
Еске сала кетсек, Көкшетау техникалық институтынан түлеп ұшқан жас өрт сөндіруші-құтқарушы Жасқылық Бекбергенов бұған дейін қарауыл бастығы лауазымын абыроймен атқарған. Қызметке келгеннен бел шеше кіріскен ол бұған дейін бірнеше өрт оқиғасы мен түрлі сипаттағы апаттық-құтқару жұмыстарының бел ортасында жүрді. Мысалы, 2017 жылдың 14 наурызында Тараз қаласы, Абай көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің бірінен өрт шыққанда кезекшілікте тұрған Жақсылық Бекбергенов бастаған өрт сөндірушілер шақырту бойынша оқиға орнына жедел жетіп, подъезді тұмшалаған қою түтін ішіне кіріп, пәтер есіктерін қағып, өрт сөндірумен қатар пәтерде қалып қойған 2009 және 2014 жылғы балаларды ата-анасымен бірге өрттен құтқарып, өртті дер кезінде сөндірген болатын.

Жамбыл облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*