Еңбек қауіпсіздігі басты орында

Жақында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкері, азаматтық қорғау лейтенанты Ә. Қадыровтың қатысуымен «БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар координациясы басқармасының Орал арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ ғимаратында «Еңбек қауіпсіздігі – еңбектің шарты және еңбекті қорғау» тақырыбындағы семинар өтті.
Семинардың басты тақырыбы – ел азаматтарының еңбек қарым-қатынасы болса да, өрт қауіпсіздігі тақырыбы да тыс қалмады. Себебі, жұмыс орнында техника қауіпсіздігі ережесі сақталмаса, жазатайым оқиғалар әрқашан және кез келген жерде орын алады.
Аудитория алдында баяндама оқыған Әміржан Қадыров өрт-техникалық іс-шараларының ұйымдастырушылық, техникалық, эксплуатациялық және режимдік болатынын айтып өтті.
– Кәсіпорындағы өрттің негізгі себептері 2 түрлі болады: электрлік және электрлік емес. Электрлік өрт себептеріне қысқа тұйықталу, аса көп жүктеме, оқшаулаудың бұзылуынан ұшқын ату, сымдардың жалғанған жерлеріндегі байланыстың қанағаттанарлықсыздығы, электрлі аппараттардағы және машиналардағы ұшқындау және басқалары жатады. Электрлік емес себептерге қазандықтардың, желдеткіштердің, жылыту жүйелерінің және басқа да технологиялық жабдықтардың дұрыс жұмыс істемеуі және қозғалтқышты басқару механизмдеріндегі қуат беру және майлау жүйелерінің бұзылуы, газ дәнекерлеу, металл кесу, соққы шамдарын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігінің талаптарын бұзу, отқа салдыр-салақ қарау – шылым шегу, жылыту құралдарын қараусыз қалдыру және т.б. жатады, – деді Ә. Қадыров.
Сондай-ақ, ол семинар қатысушыларының қаперіне өрт кезіндегі жүріс-тұрыс ережелерін де жеткізді. Әміржан Жасқайратұлының айтуынша, өрт кезінде ешқандай дүрлігуге болмайды, ал эвакуациялауды осыған арналған жолдармен жасап, ТЖ кезінде жиналуға қарастырылған орындарда ғана жиналу керек.
– Қызметкерлердің денсаулығы мен өміріне қауіп төнген жағдайда оларды тағдыр талқысына қалдырмай, көмек көрсету керек. Өз денсаулығы мен өміріне, сондай-ақ, қызметкерлердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін жағдайларды өршітпеу керек, – деді маман.
Семинар соңында қатысушыларға БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар координациясы басқармасы атынан сертификаттар табыс етілді.

М. ЖҰМАҒАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*