Тұрмыстағы зомбылықтың түп себебі неде?

Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдерге қиянат көрсету сияқты сорақылықтардың жиілеп кеткені жасырын емес. Тіпті ол ең өзекті мәселелердің біріне айналды деуге болады. Осы проблеманың алдын алу мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында 1999 жылы 19 ақпанда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Ішкі істер министрлігінің құрамында арнайы бөлімше құрылып, 19 жыл қызмет атқарып келеді. Қай заманның болмасын өзекті мәселесіне айналған тақырып аясында пікірлесу үшін Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторларымен әңгімелескен болатынбыз.
Қазіргі таңда тіршілік тірегі – әйел теңдігін, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандылардың құқығын қорғау қай қоғамда болмасын басты мәселе саналады. Соған қарамастан әйелдер қауымының 40-60 пайызы отбасында, сонымен қатар, кездейсоқ жағдайдағы озбырлыққа ұшырайтынын әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің күнделікті сандық мәліметтеріне қарап білуге болады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң зорлық-зомбылықтан зардап шегушілерді қорғауды, заң мен құқыққа қарсы мінез көрсететіндердің жазасыз қалмауын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауыр салдарын азайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктердің барлық түрін жою» және «Балалар құқығы туралы» Конвенцияларындағы Қазақстанның халықаралық міндеттерін қамтамасыз етудегі маңызды қадамы болып табылады.
Бүгінде 19 жылдан бері әйелдердің құқығын қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғау мақсатында жұмыс атқарып келе жатқан бөлім мен осы сала қызметкерлері көп тәжірибе жинақтаған. Солардың бірі – Астана қалалық ІІД ЖПҚ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Ақмарал Абзалқызының айтуынша, олар көмекке келетін әйелдерге барынша құқықтық және психологиялық көмек көрсетеді. Семинарлар өткізіп, жоғары және орта оқу орындарында студенттермен және мектептерде жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалардағы өзгерістер мен толықтырулар туралы уақытында жеткізіп, ақпараттандырып отырады екен.
Аға инспектор Ақмарал Абзалқызы тәжірибесі мол, қаншама әйелдің құқығын қорғап келе жатқан жан ретінде:
– Полиция – әйелдерге отбасында зорлық-зомбылық көрсетуші (агрессор) тұлғалармен де, сондай-ақ, күш көрсетулердің құрбандарымен (зардап шегуші) де бірлесіп әрекет ететін ең бірінші, көп жағдайда жалғыз ғана әлеуметтік институт екені анық. Дегенмен, көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары полицияға тығырыққа тірелгенде ғана жүгініп, ұзақ уақыт отбасындағы келеңсіздіктерді сыртқа шығармай көніп жүре береді. Біздің мақсатымыз – отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ, жалпы әйелдерге қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың ауыр салдарын болғызбай, анықтап, олардың алдын алу, – деді.
«Анаңды Меккеге үш рет арқалап алып барсаң да, оның алдындағы борышыңды ақтай алмайсың» деген сөз бар дана халқымызда. Өмірдегі ең ұлық, ең нәзік жаратылысты осылайша бағалап, қадір тұтқан адамзат баласы сонау ерте заманнан бері анаға деген құрметін айрықша танып білген. Қай халық болмасын әйел затына ықыласпен қараған. Қазақ халқында әйелдің орны ерекше, ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған, азаматтарына қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу бола білген. Демек, атқамінер ер азаматтарымызға айтарымыз – отбасының ұйытқысы, берекесі, қамқоршысы әйел затын аялауымыз қажет», – деп өз қызметіне деген ерекше ықыласын білдірді. Одан өзге елордамыздың аудандарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен айналысатын инспекторлардың да қызметтері туралы сұрастырған болатынбыз.
Сарыарқа аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің ӘЗЗҚ тобының инспекторы, полиция капитаны Дана Тайғожина:
– Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғауда ішкі істер органдарының жұмысын ұйымдастыру бөліністерінің басты міндеттерінің бірі – отбасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасалудың себеп-салдарын анықтап, сараптама жасау. Сараптаманы профилактикалық әңгіме жүргізу барысында агрессорға немесе зардап шегушіге қарапайым психологиялық сұрақтар қою арқылы жасаймыз. Сол сараптама қорытындылары арқылы агрессорлардың басым бөлігі, яғни 80-90%-ы бала күнінде өз отбасыларында, аналарына әкелерінің тарапынан зорлық-зомбылықтың жасалғанын көріп өскен балалар екені анықталады, – дейді.
Ал Есіл аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің ӘЗЗҚ тобының инспекторы, полиция майоры Айнаш Жиенбекова:
– Біздің бөліністердің ең басты міндеті – әйелдерге қатысты қылмыстық қол сұғушылықтар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, әйелдердің конституциялық құқығын қорғау. Күнделікті қызметімізде, көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына көмек көрсетуге тура келеді, – дейді.
Психологтардың мәліметтерінше, бала күнінде отбасындағы әлімжеттікті көріп өскен бала болашақта өзі агрессорға айналады екен. Тағы бір айта кетерлік жайт, зардап шегуші әйелдердің өздері де бала күнінде үнемі анасының отбасындағы зорлық-зомбылыққа көнгенін көрген қыз балалар. Олар отбасында мұндай әрекеттің орын алуын қалыпты жағдай ретінде қабылдап, ұзақ уақыт бойы қатыгездікке көніп жүре беретін көрінеді.
Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басты себептері: зардап шегушінің агрессормен бірігіп спиртті ішімдікті ішуі, маскүнемдік әсерінен өзара ұрыс-керіс, жанжалдың шығуы, тұрмыс қиыншылықтарын дұрыс түсініп, бірігіп шешім табу жолын білмеуі, ер мен әйел адамдар арасындағы бірін-бірі жек көрушілік сезімінің басым болуы, агрессордың әйел затына айуандық көзқарасы, өзімшілдік сезімінің жоғары болуы, зардап шегуші агрессорға заттай тәуелді болуы, әйелдердің өз құқығын дұрыс білмеуі, алдын алу, сақтық шараларына мән бермеулері секілді жағдайлардан туындайды екен.
Полиция майоры Ақмарал Абзалқызы бізбен сұхбаттасу барысында қызмет барысындағы тәжірибесімен де бөлісті.
– Мен Қостанай облысында дәл осы салада 8 жылдан астам қызмет атқардым. Сол уақытта зардап шегушілердің өздерімен күнделікті қызмет барысында жұмыс істеуге тура келетін. Мен қызмет атқарған қалаға қарасты бірнеше елді мекен бар. Ауыл-аймақтардағы әйелдер заңды жете білмегендіктен, көбі тұрмыстық-зорлық зомбылыққа көніп жүре береді, – дейді ол. Инспектордың сөзінше, әйелдер көп жағдайларда өздерін емес, ерлерінің абыройын ойлайды екен. Әйелдер ер азаматтарының достарының арасында ар-намысын ең басты орынға қойып, төзімділік танытып жүре беретін жағдайлар да кездеседі. Сондай мәселелердің соңы ауыр жағдайларға әкеліп соғады.
Бұдан бөлек, инспекторлар:
– Біздің мақсатымыз – әйелдерді «өз құқықтарыңды таптатпай, арызданыңдар» деп үгіттеп, отбасыларды айыру емес, керісінше жүргізілетін алдын алу жұмыстары, сондай-ақ, тәрбиелік мәні бар кешенді іс-шараларымыз арқылы отбасы құндылықтарын арттыру, балалардың толыққанды отбасында бақытты өмір сүрулерін қамтамасыз ету, қоғамдағы әйелдерді кемсітуге қатысты стереотиптерді азайту, – дейді.
Қазір заман өзгерді. Бұрынғыға қарағанда, ғаламтордың дамыған заманы, барлығы заңды біледі. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Дегенмен де, бүгінгі күні әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық азаймай келеді. Бүгінде барлығы да ашық жарияланады. Тіпті танымал тұлғалардың өздері де зорлық-зомбылыққа ұшырап жатса, оны жасырмайтын болды.
Жалпы көп жағдайда зорлық-зомбылыққа 28 бен 35 жас аралығындағы әйелдер ұшырайды екен. Зардап шегетін әйелдердің көбі жұбайымен отасқандарына 10-15 жыл немесе одан да көп уақыт болғандар.
Қорытындылай айтқанда, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөліністері әйелдерге қарсы жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмай, жолын кесу, алдын алу және сақтық шараларын барынша жүргізіп, оларға сараптама жасап, себептерін анықтайды. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы үшін әрбір әйел азаматы өзінің құқығын біліп, алдын алу, сақтық шараларына жете көңіл бөлсе, құба-құп.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ, Сурет кейіпкерлердің жеке мұрағатынан алынған

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*