Нар тәуекел – ер ісі

Адам өмірі – бұл қымбат сый, оның бағасын өлшеу мүмкін емес. Өкінішке орай, кейде табиғи апаттар, өрттер, жол-көлік оқиғалары және балалардың абайсыздығы сынды қауіпті жағдайлар туындап жатады. Осындай сәттерде ерлік көрсетіп, туындаған қатерден адам жанын арашалап қана қоймай, одан әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жандардың орны бөлек, олар әруақытта қадірлі.
Дәл осы себептен барша әлемге кәсіби құтқарушы маман ауадай қажет. Осы мамандық иелері өзгелерді құтқару жолында өз басын қатерге тігіп, құрбан болуға дайын. Құтқарушылардың қай заманнан болса да ауыздан-ауызға тарап, аңызға айналған ерлігі баршаға аян, алайда олардың қалай құтқарушыға айналғанын бірі білсе, бірі білмес.
Көптеген ересек адамдар балалық шағында әртүрлі мультфильм мен фильмдерді көргеннен әсерленіп, әділеттілік орнатып, әлемді құтқаруға құштар бас қаһарманын қызықтап, құтқарушы, өрт сөндіруші немесе полиция қызметкері болуды армандаған. Кейбіреуі өсе келе сол балалық шақта салған арман ізіне бағыт алады. Ал кейбірі ата-анасының ұрпақтан-ұрпаққа берген жолын жалғастырып, бір салада еңбектенуді жөн көреді.
Ал біздің бірегей кейіпкеріміз Болатбек Есқалиевтің бұл салаға келуінің өзіндік сыры бар, керек десеңіз, ол құтқарушы мамандығынан алыс өте қарапайым отбасында дүниеге келді. Балалық шағында құтқарушы болуды тіптен армандамаған ол мектеп бітірісімен Қарулы күштер қатарына кабылданып, құтқарушы-батальонына тап келеді. Кейін қоғамдық ортаға оралғаннан кейін құтқарушы болуды жөн көреді. Бүгінде Батыс Қазақстан облысы ТЖД ЖҚЖ бас құтқарушысы Болатбек Мәлікұлы бар болғаны 33 жаста болғанына қарамастан осы уақыт аралығында 1038 құтқару операциясына қатысып, 105 адамның өмірінің құтқарылуына атсалысқан, соның 18-і бала. Ерік-жігері мол, тәуекелдікті әрдайым мінезіне дарытқан Болатбек 2016 жылы «Ең үздік құтқарушы» деп танылды. Болатбек Есқалиевпен әңгімеміз төмендегіше өрбіді.
Болатбек, сізге құтқарушы болуға не әсер еткенін айтып берсеңіз?
– Әскерге кеткенге дейін мен тіпті құтқарушы болам деп ойламаған едім. Әскерде Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында болып, құтқарушылар батальонында Отан алдындағы борышымды өтеуге кірістім. Бұл жерде жүріп көмекке зәру адамдарға дер кезінде келу қаншалықты маңызды екенін ұқтым. Қандай жағдай болмасын, әлдебір қатерлі оқиға орын алса, ол жерде менің де туыстарым болмасына кім кепіл? Бұл ой мені көп мазалайтын, осы кезде мен қалай да құтқарушы болам деп шешім қабылдадым. Небір алапат жағдайларда туыстарыма, одан қала берді, елімнің тұрғындарына дер кезінде көмек қолымды созам деп серт бердім.
Сіз Батыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағына қызметке келгеніңізде неше жаста болдыңыз, өзіңіздің алғашқы жұмыс күніңіз есіңізде ме?
– Мен ол кезде 23 жаста едім, бұл 2007 жылдың 6 маусымы болатын. Алғашында Батыс Қазақстан облысы ТЖД Судан құтқару қызметінде құтқарушы-моторист, кейін 6 айдан соң сүңгуір-құтқарушы болдым.
Осы уақыт аралығында талай адамның өмірін құтқарған шығарсыз, қандай жағдай сіздің ерекше есіңізде қалды?
– Сын сағатта тез шешім қабылдайтын жағдайлар көп қой. Ең есімде қалғаны – біз әріптесім екеуіміз өзеннің арғы бетінен бергі бетке өз еріктерімен жүзіп өткісі келген екі жасөспірімнің өмірі құтқарып қалғанымыз. Олар өз күштерін есептей алмай, судың ортасында бата бастады. Біз ол кезде жағада тұрғанбыз, байқаған сәтте лезде суға секіріп, оларды құтқарып қалдық. Сол кезде олардың аяқтарының жаны кетіп, сіңірлері тартылып қалған еді. Бұл адамдардың көбінесе суға батуына негізгі себеп болып табылады.
– 11 жылдық еңбегіңіздің жемісі ретінде қандай марапатқа ие болдыңыз? Олардың ішіндегі ең бағалысы сіз үшін қайсысы?
– Сіңірген еңбегім үшін алған марапатым жетерлік. Батыс Қазақстан облысы ТЖД ЖҚЖ басшысынан, облыстық ТЖД басшысынан, тіпті ІІМ ТЖК төрағасы атынан да марапат алдым. Бірақ, мен үшін ең үлкен марапат – әріптестерімнің құрметі мен сыйластығы, балаларымның әкелеріне деген мақтаныш сезімі.
Сіздің отбасыңыз қызметіңізге қандай көзқараста? Сіз өз өміріңізді әр күні қатерге тігіп жүрген жансыз, сол жайында тереңірек айтып өтесіз бе?
– Менің отбасым жұмысыма қарсы емес, керісінше мені мақтан тұтады. Жұбайым үнемі мені қолдап, көмектесіп отырады, денсаулығыма әрдайым алаңдаулы. Ал екі балам әкелерінің ерлік істерін мақтанышпен айтудан жалығар емес. Мәселен, қызым Гүлназ үшінші сынып оқушысы, мектепте эссе не болмаса шығарма жазатын болса, үнемі мен туралы, менің жұмысым туралы жазады.
Қызметіңізде адам қазасын жиі көресіз, бұл кезде психологиялық тұрғыдан өзіңізді қалай ұстай аласыз?
– Иә, жұмыс расында да өте қиын, кей кезде өте қайғылы оқиғалардың куәсі болып жатамыз. Темір үйіндіге айналған көліктерден мерт болған адамдарды, су түбінен батып кеткен адамдарды алып шығамыз. Мұндай кезде біз психологиялық жағынан тұрақты, әрі бәріне дайын болуымыз керек. Жедел-құтқару жасағында психологтың арнайы кабинеті жұмыс істейді, олар мұндай кезде өз-өзімізді қалай ұстау қажеттігін түсіндіреді.
Құтқарушы қандай адам болуы керек, осы мамандыққа құштарлығы басым өскелең ұрпаққа не тілек айтасыз?
– Құтқарушы – бұл алдымен өзінің өмірін құрбан етуге дайын, адам өмірін құтқару үшін тәуекелге баратын адам дер едім. Ол психологиялық, физикалық жағынан өте мықты болуы, тез әрі дұрыс шешім қабылдап, ұжымда жұмыс жасай алуы керек. Ал өскелең ұрпаққа тілерім – ең алдымен денсаулықты күту керек, себебі біздің өміріміз өз қолымызда, ешқашан қауіпсіздік ережелерін ұмытпаңыз, алға қойған мақсатқа жетуге талпыңыздар. Елімізде жол-көлік оқиғалары, төтенше жағдайлар мен дүлей апаттар, тілсіз жаулардың мүлдем болмағанын қалаймын, тіпті біздің жұмысымыз тоқтап қалса да, адам өмірінің қиылуы мүлдем болмаса екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Р. МАШАРИПОВ, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*