Әрі әнші, әрі батыр

Кеше Ұлттық ұланның əскери қалашығында 8 тамыз күні Астанада суға батқан адамды құтқарып қалған жауынгерді құрметтеу жəне марапаттау кеші өтті.
Қызметтен тыс уақытта қайсарлықтың айқын үлгісін көрсете білген ұландық Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының және Астана қалалық Ішкі істер басқармасы бастығының бұйрығымен марапатталды. Шараға əскер басшылығы, жедел құраманың жеке құрамы, марапатталушы мен құтқарылған азаматтың жақындары қатысты.
Оқиға 8 тамыз күні сағат 05:50 кезінде Хазірет Сұлтан мешіті артындағы Есіл өзені бойында орын алған. Ұлттық ұлан 5573 әскери бөлімінің қызметшісі, ефрейтор Денис Яковлев таңғы жаттығу кезінде өзен бойын жағалап жүгіріп келе жатады. Оны тоқтатқан ер кісі полиция бөлімшесіне су бетінде біреудің денесі жатқанын хабарлау үшін телефон таппай тұрғанын айтады. Денис дереу көзімен көру үшін сол жерге жүгіріп барады. Жақындап, анықтап қарағанда әлгі азаматтың басын қимылдатып, белгі бергенін байқайды. Сұрақ қойғанда, жауап қатпайды, әбден тоңса керек, дауыс шығармайды. Азаматты тез арада құтқаруды ойлаған ефрейтор Яковлев не де болса, тәуекелге бел буып суға сүңгіп кетеді. Елуді алқымдап қалған ер кісі екен, ыңғайлап, әупірімдеп бірде аяғынан тартып, бірде иығына салып жағаға алып шығады.
Жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келгенше, аяқ-қолын уқалап, құрғақ киіммен орап, алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Денис судың терең екенін айтады. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлеріне жапа шегушінің құжаттары мен жеке заттарын табыстады. Құжатынан оның 1969 жылы туған Қасқырбай Қажығалиев есімді Қостанай облысының азаматы екені белгілі болды. Бүгінде азамат Қ. Қажығалиев Астана қалалық темір жол ауруханасында ем қабылдап жатыр. Денсаулығы қалыпты, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Айта кетейік, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін Денис Яковлевтің Ұлттық ұландағы қызмет өтілі – 6 жыл. Ол Ән-би ансамблінің концертмейстері болып қызмет етеді, отбасылы, екі қызы бар.

Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*