Сақтанбаған сан соғады

Жыл сайын суға түсу маусымы басталысымен Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметі мәліметтерінде облыс су қоймаларында азаматтардың қаза болғандары туралы ақпарат көбейеді. Олардың қаза болу орындары мен жастары әртүрлі, қаза болғандар арасында балалар, жасөспірімдер, орта жастағы ер адамдар мен әйел адамдар, сондай-ақ, 60 жастан асқан адамдар да бар. Тек өлім себептері барлығында бірдей, яғни қайғылы жағдайлар судағы, әсіресе суға шомылу мен балық аулау кезінде сақтық ережелерін бұзумен байланысты.
Судағы ТЖ орын алу жағдайы жергілікті атқару органдары, қоғамдық ұйымдар, ІІМ ТЖ комитетінің аумақтық органдарының күнделікті бақылауында. Солтүстік Қазақстан облысында су қоймаларында орын алатын қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында жасалып жатқан шаралар жүйелі де жоспарлы жүргізілуде.
Биылғы мамыр айында облыс әкімі Құмар Ақсақалов 2018 жылғы судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша іс-шаралардың негізгі жоспарын бекіткен болатын. Осыған байланысты Петропавл қаласында және барлық аудандарда 2018 жылғы суға түсу маусымын өткізуге дайындық бойынша ТЖ комиссиясының отырыстары өтті. Осы кезден бастап тұрғындар арасында ақпараттық сипаттағы бірнеше бағыттан тұратын ауқымды жұмыс басталды. Сондай-ақ, негізгі назар – әрбір азамат үшін қолжетімді және түсінікті әдістерді қолдана отырып, тікелей жұмыс жасауға аударылды.
Күнделікті азаматтар демалатын жағажайлар мен қаупі басым орындарда, облыстағы су қоймаларында рейдтік іс-шаралар өтті. Жалпы саны 903 рейд, оның ішінде азаматтық қорғау органдары қызметкерлерімен – 503, жергілікті атқарушы органдармен бірігіп – 233, волонтерлермен – 104, облыстың оқу орындарының оқытушы құрамымен – 54 рейд ұйымдастырылды. Тұрғындар арасында, сондай-ақ, балалар арасында 30 701 жадынама үлестірілді. Облыстың мектептерінде 11 интерактивті сабақ пен «Судағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша 80 акция өтіп, әлеуметтік желілерде 88 бейнеролик таратылды.
Азаматтардың өздігінен тынығу орындарында 470-тен астам тыйым салынған белгілер мен 200 көрнекі қабырға орнатылды. Облыстың медицина мекемелерінде судағы қауіпсіздік ережелерін насихаттайтын ақпараттық материалдар жарияланғаннан бөлек, облыс орталығының басты көшелерінде Петропавл қаласы ТЖ басқармасы мен қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен бірге су маңындағы негізгі мінез-құлық ережелерін түсіндіретін, судағы адамдардың өлімі туралы статистикалық деректер келтірілген пилондар әзірленіп, орналастырылған. БАҚ-та белсенді жұмыс жүргізілді.
Қоғамдық орындарда жүріп-тұру ережелерін бұзатын (жағажайларға алкогольді ішімдіктерді ішу және онда мас күйінде болу) адамдарға жергілікті полиция қызметі офицерлерінің принциптілігін атап көрсету қажет. Оның ішінде 299 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл сайынғы талдамалық мәліметтерге сәйкес, шомылу кезінде қаза болғандардың 60- 70%-ы мас күйде болады екен. Балалардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында барлық аудандық және қалалық білім беру бөлімдеріне су қоймаларындағы қауіпсіздік шаралары бойынша ұсыныстар жіберілді.
Осы жылдың 16-26 шілде аралығында Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД қызметкерлері балалар сауықтыру лагерьлерінде Жастар ресурстық орталығы, «Күлкі» балалар қорының қатысуымен азаматтық қорғау саласындағы білім беруді дамытуға және көтермелеуге бағытталған үгіт-насихат шараларын өткізді. 5-16 жас аралығындағы 300-ден астам балаға жүріс-тұрыс ережелері, құтқару құралдары, жедел жәрдемге дейінгі алғашқы көмек көрсету мен суға батып бара жатқан адамды қалай құтқару керектігі туралы айтылды. Жедел-құтқару жасағы қалалық жағажайлар мен балалар лагерьлерінде жыл басынан бастап 571 баланы жүзуге үйретті.
Ауқымды үгіт жұмыстарына қарамастан, облыста 10 адам, оның ішінде 3 бала суға батқан. Барлық қайғылы оқиғалар жүзу үшін рұқсат етілмеген жерлерде орын алды және олардың себептері мас күйде суға түсу, балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау және балаларды ересектердің қадағалауынсыз су объектілерінің жанында қалдыру салдарынан орын алған.
Алдын алу шараларының тиімділігі туралы айтар болсақ, салыстырмалы түрде осыдан 15 жыл бұрынғы деректерді келтіруге болады. Осы кезеңде облыстың су қоймаларында 693 адам суға батқан, орташа есеппен жыл сайын Солтүстік Қазақстан облысының 69 тұрғыны судың құрбаны болып отырған. 2013 жылы – 35 адам, 2016 жылы – 27, өткен жылы суға батқан 24 адам тіркелген.
Айта кету керек, соңғы жылдары жүйелі және жоспарлы сипаты бар профилактикалық жұмыстар белсендірілді. Оған жауапты мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары, мүдделі азаматтар тартылған. Бұл жұмыс халықты кең ауқымды қамту арқылы мүмкін болатын барлық әдістер мен ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып жалғастырылуы керек.

Болатжан АСҚАРБЕКОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*