Қоғамдық көліктен құт қашты

Қоғамдық көлікпен қатынау қиынның қиыны болып тұр. Халықтың қамы үшін деген желеумен жасалып жатқан жаңашылдықтар олардың жүйкелерін құртып, қалталарын қаққаны болмаса, бұдан олар жақсылық көріп жатқанға ұқсамайды. Себебі, елордамыздың автобустарында енгізілген картамен төлем жасау тәсілінің жетілдірілмеген тұстары көп. Артықшылығы басым болуы тиіс бұл жүйе халықты басы артық әуреге салып қойды.
Осы күндері елордамызда екінің бірі қоғамдық көлікпен қатынау мұң болып тұрғанын айтады. Бұл қоғамдық көлікте картамен төлеу жүйесіне көшіру үшін жасалып жатқандықтан, жолақыны қолма-қол төлейтін болсаңыз, екі есе құнын бересіз. Яғни картамен төлесеңіз бұрынғысынша 90 теңге де, ал қолма-қол 180 теңге. Әсте, 180 теңге кім-кімнің болсын қалтасына салмақ салады. Осы орайда жол ақысы қымбаттаған екен, қызмет көрсету сапасы жақсарды ма деген заңды сауал туындайды. Қала әкімі Әсет Исекешевтің сөзіне сүйенсек, төрт жылдан бері девальвация болып, жанармай қымбаттап, инфляцияның өскеніне қарамастан тариф көтерілмепті. Әкімнің сөзінше, Астана толықтай төлем картасына көшіп, кондукторлардан құтылса қоғамдық көлік саласындағы «көлеңкелі» табыстар су бетіне қалқып шығып, пайда арта түседі.
Технологиялар дамыған заманда қоғамдық көліктерде де цифрландыру жүйесін енгізіп, қағаз билетпен қош айтысқанның еш жамандығы жоқ шығар. Заманның көшінен қалмай, жаңашылдықты тез қабылдаған да жөн. Бірақ, жаңашылдықты енгізбес бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, кейін оның кесірі ешкімге тимеуін ойлау керек пе дейсің. Мысалы, автобусқа бір мінгеннен 180 теңгенің басына су құймас үшін картаны сатып алуға тура келеді. Оны ай сайын сатып алудың керегі жоқ. Бір реттік құны – 400 теңге. Бұл карталарды автобус кондукторларынан бөлек қаламыздағы 50-ге жуық сауда орталықтарынан да сатып алса болады екен.
Қала әкімі Әсет Исекешев бір айдың ішінде астаналықтар «Astra card»-пен толық қамтылады деп уәде еткен еді. Күн өткен сайын электронды төлем жасайтындар артқанмен, бұған толықтай өту әлі мүмкін болмай тұр. Айталық, «Астана LRT» компаниясы мамандарының мәліметінше, жыл басында бұл карталарды пайдаланушылардың үлесі 5 пайызды құраса, қазір 70 пайызға жеткен. Жолаушылар картамен толық қамтылып болған күні Астананың автобустарында кондуктор деген атымен болмайды. Автоматтандырылған жүйеге өтуге байланысты мыңнан астам кондуктор жұмыстан босатылмақ екен. Алайда, мәселе картаға қол жеткізуде емес. Қамтылуын қамтылып, оны толтыруға келгенде қиналып отырған да халық. Картамен жүріп тұру үшін оған ақша салу керек. Ал оған ақшаны кез келген терминалдан салсаңыз, бір күннің ішінде түспей дымыңды құртады. Ал «Астана LRT» терминалдарының алдында ұзын-сонар кезек. Кезек келіп жеткенше жүйкеңді жұқартады. Бұл терминалдардың түрін бірінші рет көріп тұрғандар қай тетігін басатындарын білмей дал болады. Әрине, оқып туған ешкім жоқ. Оның үстіне, бұл картаны алуға кезекке тұратындардың ішінде үлкені, кішісі де бар. Бәрі бірдей жаңа техонологияны жақсы меңгерген деуге болмайды.
Жә, картаға өйтіп-бөйтіп ақша салдыңыз делік. Бас ауруыңыз осымен бітсе жақсы ғой. Автобусқа кірген соң да шашыңыз ағарады. Кіре бергенде жолаушылар картаны валидацияға басу үшін сол жерде үймелеп тұрады. Автобусқа сырттан кіргендер ішке ене алмай, ал іштегілердің қозғалуы қиындап, сол үшін де бір-бірімен жанжалдасып жатады. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген валидацияны баспай өтіп кетуге тырысатындар да жоқ емес. Жетіскеннен сөйтеді дейсіз бе?! Қымбатшылық қос бүйірден қысқан заманда қулыққа басқан түрлері. Десек те, оларға қолданылып жатқан жаза да қатаң. Тексерушілер жолақыны төлемегендерді тезге салу үшін оларды сол арада полицияға тапсырып жатқандарын да көз көрді. Бір жағынан басқасына сабақ болсын дейтін шығар, бірақ тауық ұрлағаны үшін темір торға жапқанды көрдік, ал тоқсан теңге үшін осынша тергеу қаншалықты дұрыс?!
«Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, жолақы құнының қымбаттағанына емес, қоғамдық көлікке кіріп-шығу тәртібінің өзгергені де ел-жұртты күйіндіріп отыр. Жолаушылар бұрынғыдай емес, ендігәрі автобустың алдыңғы есігінен ғана кіреді. Үш есіктен бірдей кіргенде сыймай жататын жолаушыларды бір есіктен кіргізу қисынға келмейді. Ол аз десеңіз, жолақыны қолма-қол беретіндер кіре бергенде ақшаны жүргізушінің қолына ұстатып кетулері керек екен. Мұның барлығы жолаушылардың бір-бірімен жанжалдасуына, итермелесіп, жұлмаласып, кикілжіңге түсулеріне алып келіп отыр.
Шындығында, мұндай тәртіп орнатпас бұрын, мұның артықшылығы мен кемшілігін саралаған біреу жоқ сияқты. Ойлап қарасаңыз, Астанада тұрып жатқан миллионнан астам адам еліміздің әр түкпірінен келгендер. Сәйкесінше, олардың ішкі мәдениеттері, ойлау деңгейлері де әртүрлі болуы заңдылық. Қоғамдық көлікке мінгенде мейлінше мәдениетті болуға тырыспақ түгілі, белін таянып бет жыртысуға дайын тұратындар көп. Адамдардың автобусқа тез-тез мініп, тез-тез шығып кеткісі келетіндері түсінікті. Ал абажадай автобустың алдыңғы есігі ортаңғы есігі сияқты айқара ашылмайды. Ол есіктен елмен бірге кіру үшін деміңді ішіңе тартып, итермелесіп мінгеннен басқа амалың қалмайды. Бір есіктен кіргізіп, келесісінен шығару – бұл жаңашылдық емес. Еліміздің Қостанай, Петропавл, Өскемен сияқты қалаларында жолаушылар ың-шыңсыз артқы есіктен кіріп, алдыңғы есіктен шығарда жол ақыны жүргізушіге төлеп, тып-тыныш түсіп кетеді. Аялдамадан жолаушылар түсіп қалғанда бір-ақ артқы есік ашылып, сырттағылар ішке енеді. Америка ашпай баяғыдан бар осы әдісті Астанада енгізуге неге болмасын?! Сонда «құдаң да, құдағиың да тыныш» болар еді…

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*