Әйелін ұрған «әлсіздер»…

Петропавл қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жылдың басынан отбасылық-тұрмыстық салада құқыққа қайшы әрекеттер жасаған 429 адамды жауапқа тартты. Бұдан бөлек, 495 қорғау ұйғарымы шығарылып, құқық бұзушылардың тәртібіне қатысты 55 ерекше талап қойылды.
7 жанжалқой дене жарақаттарын келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әдетте мұндай қылмыстар ащы суды ішуден басталады. Кейін жанжалға ұласып, тіпті кей кездері пышақ сілтеуге дейін барады.
«Тәжірибе көрсеткендей, алкоголь мен тұрмыстық қылмыстар қатар жүреді. Оның соңы ауыр қылмыстарға апарып соғуы мүмкін. Негізінен, отбасындағы жанжал көп жағдайда спирттік ішімдіктер салдарынан орын алып жатады», – дейді Петропавл қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Асан Смағұлов.
Бірінші жартыжылдықта 28 адам маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. Олардың қатарында Петропавл қаласының 63 жастағы тұрғыны да бар. Мас күйінде бірнеше мәрте жанжал шығарғаны үшін ер адамды учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік жауапкершілікке тартыпты. Осыншама жасқа келгеніне қарамастан ащы суды ішуін тоқтатпай, ашуын жұбайынан алып отырған. Емдеу шараларынан өткен ол жақында үйіне оралып, ішімдіктен мүлдем бас тартқан. Полицияға хабарласып, жақсы өмірге оралуға көмектескені үшін алғысын айтыпты.
Сақшылардың жұмысындағы тағы бір бағыт – «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігімен әріптестік жүргізу. Осы жылы орталыққа отбасындағы жанжалқойлардан жәбір көрген 13 адам жүгінген (7 әйел мен кәмелетке толмаған 6 бала). Ал екі әйел білімдерін толықтырды. Олар орталықта болған 6 ай ішінде аспаздық кәсіпті меңгеріп, енді ерлеріне тәуелді болмай отбасыларын асырап жүр.
Полицейлер ескерткендей, кеңес пен қолдау алу үшін әрдайым «Әйелдерді қолдау орталығының» 52-98-86 не болмаса полицияның 61-25-30, 50-41-87 не 102 нөмірлеріне хабарласуға болады.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*