Қазақ ұлттық әскері Қызыл армия сапында

Осыдан жүз жыл бұрын құрылған Алаш милициясының жалпы саны 3 мыңнан асық еді. Ал 30 мыңнан астам әскері болған Мұсылман Қызыл армиясы хақында не білеміз?
Тарихшы ғалым Бейбіт Қойшыбаев Алашорда қайраткерлері «Кеңестік билік өкілдерімен азамат соғысының соңына қарай келісім жасап, күллі құрылымымен, әскери күшімен Совет өкіметі жағына өтті» дейді.
Біріншіден, аз ғана күшпен Кеңес билігіне төтеп беру мүмкін болмаған жағдайда, екіншіден, соғыс өнерін меңгерген Алаш милициясы босқа қырылып кеткенше, Қызыл армия сапына кіру арқылы осындай айла-тәсілге жүгіну де артықтық етпейді… Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Кім де кім Алашорданы жақсы көрсе, «коммунист» болуға тырысу керек…» депті, жарықтық.
Әлихан «Бар күшті ұлт әскерін жасауға салыңдар» деген болатын. «Әскер жасап алмасақ, осындай астаң-кестең аударыспақ заманда елімізді, жерімізді, мал-басымызды қорғап ала алмаймыз, көрінгеннің аузында кетеміз, жұрттығымыздан айырыламыз» (Жүсіпбек Аймауытұлы) деп түсінді. Милиция, әскер – халықтың қорғаны екенін олар жақсы түсінді.
Сондықтан да 1917 жылғы ІІ жалпы қазақ съезінде «мемлекет халі тайғақ кешуде, тар жолға душар болып тұрғанда жан-жақты қоршаған қалың бәледен сақтану үшін халық әскерін жасау керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды, қазақ милициясын құру жоспары жасалып, бекітілді».
Осы ІІ жалпы қазақ съезінде халық әскерінің әр облыс, уезд орталықтарындағы саны, оларға соғыс өнерін үйрету, қажетті қару-жарақ, қаржы, көлік және тағы басқа заттармен қамтамасыз ету тәртібі анықталып, «26 500 адам тіркелген халықтық милиция құру қажет» деген қаулы қабылданады. Бұл идеяны Жақып Ақбаев ұсынған болатын. Алайда, алаштықтардың бұл арманы орындалмай қалды.
Алаш әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әртүрлі атаулармен аталды. Әуелгі қолданыстағы «милиция» сөзінің астарында халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын әскер ұғымы жатқаны белгілі.
Ендігі мақсат – Алаш милициясы таратылған соң, қазақ жігіттерін Қызыл армия жасағының ішінде әскери өмірге әрі қарай бейімдей беру керек болды. Әйтпесе, тағы да ел басына күн туған алмағайып заман орнай қалса, қолына қылыштан басқа мылтық ұстап көрмеген елді, жерді кімдер қорғамақшы? Нағыз алашшылдар мен «ұлтшыл коммунистер» осы мәселеде үнсіз түсінісе білді деуге болады.
Бұл сөзімізге тарихшы Ордалы Қоңыратбаевтың мына бір уәжі дәлел бола алады: «Тұрар (Рысқұлов – ред.) Кеңес өкіметін ұлттық мүдде жолында пайдалану тактикасын ұстанды. Тұрар «Ұлт республикаларының ұлттық әскері болуы керек» деген талап қойған.
1920 жылы Тұрардың талап етуімен Түркістанда Қызыл армия қатарына 30 000 (!) мұсылман шақырылып, олардан жасақталған әскери бөлімдер жауынгерлік даярлыққа кіріскен болатын.
Бірақ, көп ұзамай мұсылмандарға қару ұстатудан қауіптенген Түріккомиссия оны таратып жіберді. Мәскеу эмиссарларының кесірінен таратылған Мұсылман Қызыл армиясының саны азамат соғысы жылдарында Алашорда өкіметі құруға кіріскен ұлттық милициядан екі есе көп еді». Көрдіңіз бе, коммунист болса да, бастарын бәйгеге тіккен ерлердің қарекетін?! Сондықтан да қазақтан шыққан коммунистердің бәрін біржақты қаралай беру де бекершілік.
Коммунист қазақтардың, оның ішінде, әсіресе, жоғарыда аты аталған «Тұрарлар өз мақсаттарына «коммунистік партияның формасы арқылы жетеміз» деп ойлады. Және олар бұл жолда көп нәрсеге қол жеткізді. Егер де ұмытпасаңыздар, сол 1920-жылдары Қазақ автономиясы құрылды. Ол 1936 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы болды. 1936 жылғы Конституция бойынша Қазақстан дербес республика болып шыға келді. КСРО құрамындағы республикалардың бірі болғанымыздың арқасында біз 1991 жылы Одақ ыдырағанда бұрынғы шекарамызбен тұтастай шығып кеттік» деп есептейді тарихшы Бүркіт Аяған.
Қазақ коммунистерінің ең бір игілігі осы болса, оның жемісі қандай болғанына бүгінгі күні сіз бен біз куәміз, ағайын. Тәуелсіздікті ұстап тұру үшін де бүгінгі ұрпақ терең біліммен қатар, мемлекетін ескі-құсқы «темір-терсекке» телміртпей, қару-жарақтың озық түрлерін ойлап табуға ұмтылуы керек. Бұл – бәсеке заманы. «Өмір үшін күрес – ерге тиеген үлес» (Мұзафар).
Тақырыпқа оралайық, әттең, қазаққа қару ұстатуға қорыққан Кеңес өкіметі Алаш әскеріне рұқсат бермегеніндей, Мұсылман Қызыл армиясына да сенімсіздік танытты. Шындығында, қорықты. Өйткені, мұның тарихы тереңде жатыр. Қазақ – жауынгер халық, батыр халық. Ең әуелі қазаққа деген сенімсіздік патшалық отаршыл империяның тұсында байқалған. Тарихтан белгілі, осыны жақсы білген патша қазақ даласына татар тыңшы-молдаларын арнайы жіберіп, шыбын өлтіру де зор күнә, патшаға қандай жағдайда да қарсы шығуға болмайды, айтқанын екі етпеу керек, бұл шариғат талабы деп уағыз айттырып, жігерін жасытуға, жауынгер қазақты момын халыққа айналдыруға, оған құлдық қамытын кигізуге күш салды.
Соғыс құралы – қару болса, соның оқуына түскен қазақтар да жасырын қатаң бақылауға алынды, жасырын сенімсіздік білдірілді. Мысалы, жастай қыршынынан қиылған Шоқан Уәлиханов Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адъютанты болып қызмет атқарды. Оның от-қару өнерін оқып-білуіне жол жабық болды, оның оқуын тоқуға толық мүмкіндік бермей тастады.
Хәкім Абайдың ұлы Әбіш те Санкт-Петербордағы Михайлов артиллерия училищесін бітірген. Унтер-офицер, портупей-юнкер, подпоручик деген әскери атақ алған. Бірақ, ол да қарудың қыр-сырын меңгермеген қалпында қапыда көз жұмды… Тіпті Екінші дүниежүзілік соғыста да қазақтарға қару дұрыс берілмеді, екі адамға – бір граната, үш адамға – бір мылтық дегендей жағдай болды.
Сөздің түйіні – ел санасқан іргелі мемлекет боламыз десек, рухани, экономикалық жағдаймен қатар, полициямызды да, әскерімізді де, қаруымызды да жаңартып, дамытып, өркениетті елдердің көшінен қалмауымыз қажет. Бұл – мәңгілік мәселе. Алашорданың да алдымен қолға алған қызметі осы – милиция, әскер һәм ұлт қазынасы болғанын ұмытпайық.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*