Үкіметтегі жемісті жүздесулер

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Америка Сауда Палатасының атқарушы директоры Дорис Брэдберимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында зияткерлік меншікті қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау және тыю мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы жұмысының нәтижелері қаралды. Дәрі-дәрмектерді тіркеу кезінде «патенттік байланыстыру» принципін қолдану, АТ-шешімдерін патенттеу, авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ, зияткерлік меншік нысандарының құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтау және тыю мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2014 жылы құрылған.
Жұмыс тобының құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Қазақстандағы Америка сауда палатасының атынан Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің мүшелері, сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия бизнесмендері қоғамының, бағдарламалық қамсыздандыру, косметикалық және фармацевтикалық индустрия саласындағы шетелдік құқық иелері компанияларының өкілдері кірді.
Жұмыс тобы құрылған сәттен бастап АСП және Алматы қаласынан шетелдік құқық иелері компанияларының өкілдерінің қосылуымен бейнеконференция байланысы форматында 10 отырыс өтті.
Сонымен қатар, кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысын өткізді.
Отырыс барысында 2019-2020 жылдарға арналған жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары, сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Ыстамбұл жоспары аясында Ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қою мәселелері талқыланды. Бұған қоса, биыл қараша айында Парижде өтетін Еуразия апталығы-2018 шарасына Қазақстанның қатысу мәселесі қаралды.
Бүгінде ЭЫДҰ-мен ынтымақтастық бойынша 8 пысықталған жоба бар және 2 жоба дайындалу сатысында тұр. Олардың арасында бәсекеге қабілеттілікті арттыру және жер қойнауын пайдалану, цифрландыру, туризм және т.б. салаларға тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға бағытталған жобалар бар.
Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру және қабылданып жатқан шаралар аясында 2004 жылдан бастап ЭЫДҰ-ның субаймақтық бағдарламасы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Ыстамбұл жоспарына қатысады.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*