«Үздік маман» Жамбыл облысында тұрады

Таяуда Астана қаласында ІІО Ақпараттық-аналитикалық бөлініс қызметкерлерінің арасында «Үздік маман» байқауы өтті.
Ішкі істер министрлігі Ақпараттық-аналитикалық орталығының бастығы, полиция полковнигі Роза Загаркеваның айтуынша, бас қалада өткен шараға облыстық ІІД-тер бойынша үздік деп танылған 17 қызметкер «Үздік маман» байқауына қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды. Сондай-ақ, алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл конкурс әрі қарай да өз жалғасын таппақ.
Шара барысында қазылар алқасы атынан ІІМ Бастауыш ардагерлер ұйымының өкілі Дайырбай Мыңбаев сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтап, барлық қатысушыларға сәттілік пен табыс тіледі.
«Үздік маман» байқауының негізгі мақсаты – ақпараттық-аналитикалық бөлініс қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдау, тәжірибе алмасу, олардың қызметтегі тиімділігін арттыру.
Байқаудың алғашқы күні полиция қызметкерлері экстремалды жағдайда дайындықтарын тексеру үшін атыс, дене дайындығы және күрестің жауынгерлік тәсілдері бойынша сынақ тапсырды. Сонымен қатар, олардың функционалдық міндеттеріне қатысты практикалық тапсырмалар беріліп, қатысушылар кәсіби біліктіліктерін көрсетіп, жұртшылықты өз шеберліктеріне тәнті етті.
Екінші күні байқау қатысушылары Қазақстан Республикасының заңнамаларын және ішкі істер органдарының қызметін реттейтін басқа да құқықтық актілерді меңгеруі бойынша тестілеуден өтті.
Жарыстың қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық ІІД-нің қызметкері, полиция капитаны Жансая Абдраемова жеңімпаз болып, «Үздік маман» атанды. Ал қалған 2, 3-орындарды қарағандылық Татьяна Березницкая мен қостанайлық Наталья Цой өзара бөлісті. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен мадақтау қағаздары табыс етілді.
Сондай-ақ, конкурсқа қатысушылар қала бойынша экскурсия жасап, ІІМ мұражайын тамашалады және шара соңында естелік суретке түсті.
– Бұл салаға келгеніме екі жылдан асты. Конкурс бойынша статистика, есеп, қысқасы барлық сынақтан сүрінбей өттім. Әуелі Жамбыл облысы бойынша бірінші орынды жеңіп алып, содан кейін республикалық конкурсқа жолдама алдым. Барлық заңдар бойынша тест тапсырдық. Шынымды айтсам, конкурсқа қатысарда қобалжыдым. Алайда, бұл сынақ мен үшін үлкен тәжірибе алмасу болды, – дейді байқау жеңімпазы Жансая Абдраемова.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Ғабит СӘКЕНҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*