Ынтымақтастықтың ықпалы зор

7-8 тамыз күндері Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Ішкі істер министрліктерінің біріккен алқа мәжілісі өтті.
Төртінші рет ұйымдастырылып отырған алқа отырысына Ресейдің Ішкі істер министрі В. Колокольцев бастаған Ресей Федерациясы ІІМ-нің басшылары мен мамандары және ҚР Ішкі істер министрлігінің департамент бастықтары, Ресеймен шекаралас облыстардың Ішкі істер департаменттерінің бастықтары қатысты.
Мәжілісті ашқан Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымов көршілес екі елдің ішкі істер органдары арасындағы ынтымақтастыққа тоқтала келе, автокөлік ұрлығына қарсы атқарылып жатқан біріккен шаралар туралы жан-жақты баяндады. Соңғы бірнеше жылдың ішінде Қазақстанға көрші елден жалған құжатпен жүзден астам шетел автокөлігі айдап әкелінген. Министр олардың негізгі бөлігін табу мүмкін болмай отырғанын да тілге тиек етті.
Алқа мәжілісінде сөз алған Ресей Федерациясының Ішкі істер министрі В. Колокольцев екі елдің қылмыстың алдын алудағы өзара іс-қимылына тоқталды.
«Біз бүгін тілге тиек еткен қылмыстардың саны жылдан-жылға азайып келеді. Мұндай нәтижеге жетуімізге осындай алқа мәжілістерінде қабылданған шешімдердің тигізген ықпалы зор екені даусыз. Бұл біздің қызметкерлердің ақпарат алмасу және өзара тығыз қарым-қатынас орнату бағытындағы жұмыстарын жеңілдетіп, сол арқылы жемісті жұмыс істеуге кедергі келтіретін түйіндерді шешуде», – деді ол.
Екі елдің құқық қорғау органдары авкөліктердің есебі жөнінде ортақ ақпараттық база құру арқылы, автокөліктерді айдап кету санын азайтуға болатыны жайлы да кеңінен пікір алысты.
Сонымен қатар, алқа мәжілісінде Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтары ынтымақтастығының басты мәселелері, сондай-ақ, қылмысты алдын ала тергеуді жүзеге асыру кезіндегі екі елдің ішкі істер органдарының өзара ынтымақтастығын жетілдіру мәселелері де талқыланды.
Журналистерге берген сұхбатында генерал-полковник Қ. Қасымов оңтүстік астанадағы қылмыстық ахуалдың бүгінгі жағдайы туралы айта келе, жергілікті полиция жұмысының бүгінгі нәтижесіне де кеңінен тоқталды.
«2016 жылы біздің жергілікті полиция қызметін құрғанымызды білесіздер. Қала билігі қандай жерге және қанша камера қою керек екенін, патрульдеу бағыттарын анықтауы керек болатын. Әрине, шешілмей жатқан мәселелер де жоқ емес, бірақ оң істерді де айта кету керек. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі жергілікті полиция қызметін жарақтандыруды 23 пайызға арттырды. Жуырда Алматы қаласы Жергілікті полиция қызметінің басшылығы орнынан босатылды. Қазір біз Алмалы ауданы ЖПҚ басшылығын да лауазымнан босату мәселесін қарап жатырмыз, бір сөзбен айтқанда жалпы Алматы қалалық ІІД-нің қызметін зерделеудеміз. Ал, кадр мәселесін шешудің ешқандай негізін көріп тұрған жоқпын», – деді министр. Сұхбат барысында ішкі істер органдарында соңғы 4-5 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан реформалар жайлы да айтылды.
«Жол бойындағы полицейлерді азайту, керісінше оларды тұрғын үйлерге жақындату үшін біз жол полициясы мен патрульдік полицияны біріктірдік. Бұл реформа әлі де жетілдіруді талап етеді. Елбасы мамыр айында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында құқық қорғау жүйесінде, оның ішінде Ішкі істер министрлігі саласында реформа жүргізу туралы тапсырмалар берді. Осыған орай Президент Әкімшілігінде үш жұмыс тобы құрылып, реформалау бойынша ұсыныстар даярлауда, оның біреуі Ішкі істер министрлігіне бағытталған. Бұл оңтайландыру, қысқарту, сондай-ақ, полиция қызметін реттейтін заңнамаларға өзгерістер енгізу мәселелері. 1 қыркүйекке қарай біз Мемлекет басшысына келіп түскен барлық ұсыныстарды, оның ішінде Қоғамдық кеңестің ұсыныстарын да беруіміз керек», – деді Қ. Қасымов.
Алқа мәжілісі барысында министр Қ. Қасымовтан сұхбат алған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Денис Теннің өлімі жайлы да сұрақтарды қарша боратты. Чемпионды өлтірген күдіктілерді ұстауға ең білікті жедел қызметкерлердің жұмылдырылғанын, соның нәтижесінде үш күдіктінің де небәрі бірнеше сағаттың ішінде қолға түскенін айтқан министр, журналистерге күдіктілердің қылмыстық әрекеті жайлы жан-жақты баяндап берді. Үшінші күдіктіні ұстау кезінде Ұлттық ұланды да жұмылдыру қажет болғанын, өзінің Денис Теннің ата-анасына көңіл айтқанын және атақты чемпионның өліміне қатысты тергеу ісінің айрықша бақылауда екенін жеткізді. «Денис Тен бізге де жақын адам болатын. Ол біздің Ұлттық ұланда қызмет өткеріп, бізде спорт бойынша аға инспектор болып, спортшыларды жаттықтыруға да уақыт табатын», – деді ол.
«Еліміздегі жалпы қылмыстық ахуалға тоқталсақ, соңғы кезде ауыр қылмыстар 10 пайызға, орташа ауыр қылмыстар 11 пайызға азайды. Соның нәтижесінде сотталғандар саны да азайып келеді. Соңғы екі жарым жылда бізде 7 түзеу мекемесі жабылды. Сондай-ақ, соңғы 5-6 жылда есепті Бас прокуратура жүргізеді десек, соған қарап біз өзіміздің бөлімшелердің жұмысын ұйымдастырамыз», – деді министр Қ. Қасымов.
Ол өз сөзінде еліміздегі ең үлкен мегаполис – Алматы қаласының қылмыстық ахуалына тағы да тоқталды. Ұрланған автокөліктерді бөлшектеп сатудың да көлік ұрлығын көбейтіп отырғанын атап өтті. Автокөлік ұрлау мақсатымен көлік иелерін өлтіру фактілерін де тілге тиек етті. Еліміздегі ұрлық қылмысының етек алуына ықпал етіп отырған бір жәйт – ұрылардың ұрланған мүліктерді ломбардтарға кедергісіз өткізуі.
«Бізде ломбардтар ешқандай заңды негізде жұмыс істемейді. 1997 жылы Ұлттық банк қабылдаған ереже баяғыда ескірді. Соның салдарынан ломбардтар ұрланған мүліктердің қоймасына айналды десе де болады. Біздің зерттегеніміздей, мұндай жағдайға басқа елдерде жол берілмейді. Сондықтан да заңға өзгеріс енгізіліп, ол мамыр айында қабылданды. Осы заңға сәйкес Ұлттық экономика министрлігі ломбардтар туралы ереже әзірлеуде. Біз де оларды Германиядағыдай мүлік тапсырушы адамды және оның құжатын суретке түсіруге міндеттейміз. Сонда ұрылардың өрісі тарылатын болады», – деді ол.
Өз сөзінде министр еліміз бойынша ұрланған 452 көлік айналарының 90 пайызы Алматы қаласында орын алатынын атап өтті. «Тіптен базардағы айна алыпсатарларының ұрыларға қандай айнаның сұранысқа ие екені жайлы пәрмен беруге дейін жеткенін жеткізді. Базардағы жағдаймен қала әкімдігі айналысуы керек. Оларды тексерумен полиция қызметкерлері айналыса алмайды, тексеру үшін бізге прокурордың санкциясы керек», – деді Ішкі істер министрі.
Көлік ұрлығына қарсы біріккен іс-әрекеттер мен қылмыстарды ашуда және тергеудегі жедел-криминалистикалық бөлімшелердің өзара ынтымақтастығы жайлы мәселелер де талқылаудан тыс қалған жоқ.
Мәжіліс соңында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қ. Қасымов пен Ресей Федерациясының Ішкі істер министрі В. Колокольцев қаралған мәселелер жөнінде қабылданған шешімдерге қол қойып, біріккен алқа мәжілісінің кезекті отырысының жұмыс жоспарын бекітті.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*