Мас күйде көлік басқарғандар…

Мас күйде көлік тізгініне отырған 800-ден астам солтүстікқазақстандық жүргізуші 3 жыл темір тұлпарларын айдай алмайтын болды. Дәл осындай мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру жазасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 608-бабында алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқарғаны үшін көзделген.
Облыстық ІІД ЖПҚ жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері бір түнде Тимирязев ауылында үш мас жүргізушіні құрықтады. 60 жастағы ауыл тұрғыны тәртіп сақшыларына 40 жылдық жүргізуші өтілі бар екенін айтып, рөлге ішімдік ішіп отыруға құқылы екендігіне сендірмекші болған және куәландырудан өтуден бас тартуға тырысқан. Сараптама оның орта деңгейде масаңдығын көрсетті, осы үшін ол үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылатын болады.
Тимирязев ауылында «Нива» автомашинасына мас күйде отырған тағы бір тұрғын бір сапты аяқ сыра ішкендігі туралы айтқанымен, куәландыру орта деңгейде мас екенін көрсетті. Ал Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны масаң күйде көлік жүргізгені үшін 500 мың теңгедей айыппұл төлеуі тиіс. Ол рөлге мас болып қана қоймай, жүргізуші куәлігінсіз отырған.
«Көбінесе масаң күйдегі жүргізушілер өздерін аз мөлшерде ішімдік ішкендерімен ақтауға тырысады. Көп жағдайда бір сапты аяқ сыра ішкендерін айтады. Бұлай ақтала алмайды, себебі заңнамамен масаюдың деңгейіне қарамастан, бұндай бұзушылыққа минималды жаза қарастырылған, яғни ол – үш жылға жүргізуші куәлігінен айыру», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Арыстан Сұлтанғазиев.
Жыл басынан облыста масаң күйде 800-ден астам жүргізуші ұсталды. Олардың кесірінен 9 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда екі адам қайтыс болды, 16 адам жарақат алды.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*