Күрең берет – қайсарлықтың нышаны

Жуырда Ұлттық ұлан Батыс өңірлік қолбасшылығының 6655 әскери бөлімінің «Ақжар» оқу орталығында Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы «Бүркіт» бөлінісі әскери қызметшілері күрең берет кию және «Бүркіт» төсбелгісіне қол жеткізу үшін біліктілік сынағын тапсырды.
Қайсарлық пен өжеттілікті, шыдамдылық пен төзімділікті ту еткен 102 үміткер сынға түсті. Шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Маткаримов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, еліміздің арнайы күштік бөлімшелерінің, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Сынақтың мақсаты – жауынгерлердің дайындығын барынша шыңдау, тапсырмаларды атқаруға қажетті арнайы білім мен әдіс-тәсілдерді үйрену. Осы квалификациялық сынақты сапалы өткізу мақсатында және күрең беретке үміткерлердің нормативтерді орындауын бақылау үшін оның барлық кезеңінде «Күрең берет» орталық кеңесінің мүшелігінде тұрған 49 нұсқаушы және аға нұсқаушы тартылды.
Үміткерлер жауынгерлік және арнайы дайындық бойынша бас-аяғы 20 нормативті орындады. Оның ішінде жиынтық қару-жарағын арқалап, 75 шақырымдық қашықтықты жүгіріп шығу, оның арасында дене дайындығы, ату, инженерлік-топографиялық дайындық, су өткелден малтып өту, төбесінен оқ борап, іргесінде граната жарылған кедергілер жолағынан өту сынды бірнеше бағыттағы нормативтерден құралды.

68 үміткер жорыққа шықты
Сынақ тапсыруға ынта білдірген 102 үміткерлердің 68-і жорыққа шықты. Тәулік бойы ұйқы көрмей, ас-сусыз қиын тапсырмаларды орындау кезінде, «Тездет! Жүгіре бас!» деген сияқты бұйрықтар берумен болған күрең берет иегерлері үміткерлерге бір сәтке де дамылдауға мүмкіндік бермеді. Шайқас кезінде санаулы уақыт ішінде қарулас досын жау қолына тастамай алып шығу, жер қазу секілді тапсырмаларды жауынгерлер ептілікпен орындады. «Жарайсың!» деп командирінің риза болғаны сол екен, «Сендердің тағдырларың өз қолдарыңда! Сендерге енді ешкім көмектеспейді!» деп келесі бұйрық берілді.
Тек түс уақытында уланған аймаққа жеткен кезде ауа қысымы жетіспей, жауынгерлердің көбісі жолдан шығып қалды. Көпдеңгейлі 75 шақырымды өткелдерді 30 сағатта жүгіріп, 16 нормативті еш іркілместен орындаған үміткерлердің 9-ы ғана ақтық мәреге жетті. Ұзақ жолдан шалдығып жеткен үміткерлерге енді арнайы операцияларды орындауға бұйрықтар берілді. Денесін жау оғына тигізбей, асқан ептілікпен олардың бетін қайтарғаннан кейін ғана, үміткерлер бір-бірімен 6 минут бойы жұдырықтасты. Артынша 3 минут күрең береттің иегерлерімен қоян-қолтық төбелесіп, өздеріне тиген соққыға қасқая тұрып, ақырына дейін шыдады.
Қоян-қолтық ұрыста болған төрешілердің бірі, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімнің арнайы мақсаттағы бөлінісінің нұсқаушысы Арман Ахашев аталған сынақтың әскери қызметшінің мінезін, табандылығын, батылдығын байқататын маңызды бір бөлігі екенін атап айтты. Егер үміткерлер барлық сынақты тапсырып келіп, қоян-қолтық сынағынан өте алмаса, бұған дейінгі сынақтары бекер болуы әбден мүмкін.
– Ел бойынша Ұлттық ұлан «Бүркіт» арнайы жасағының күрең берет иегерлерінің саны бүгінгі таңда 100-ден асады. Олардың алғашқылары он жеті жыл бұрын мәртебелі сынақтан өтіп, қазіргі уақытта полковник шенінде ел тыныштығын күзетіп, өз міндетін абыроймен жалғастырып келеді. Тіпті, күрең беретті кигеннен кейін де оларға кез келген уақытта өзіне тағайындалатын сынаққа сай екендіктерін дәлелдеуі керек. Жуырда ғана арнайы мақсаттағы жасақтың бірқатар сардары Қытай елінде болып, жинаған тәжірибелері мен білімдерін көрсетті, – дейді ол.

Мақсат – жеңу емес, шыдау…
Жалпы, еліміздің барлық өңірінде күрделі жауынгерлік операцияларды орындауға міндеттелген арнайы мақсаттағы «Бүркіт» жасақтары – Ұлттық ұланның алдыңғы шепте жүретін элитасы болып табылады. Қызметте оларға қойылатын басты міндет – экстремизм және лаңкестікке қарсы күресу, мемлекет мүддесіне және адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге қарсы жедел әрекет ету, адам өмірін қорғау.
Аталған сынақта үміткерлер арасында он жыл бойына маңызды сынаққа қатысып келе жатса да, әлі күнге дейін күрең берет кию арман болып жүргендері бар. Дегенмен, Орал қаласы, 5517 әскери бөлімдегі арнайы жасақ жауынгері, 41 жастағы лейтенант Нұрлыбай Аманқұлов маңызды сынаққа биыл бесінші рет қатысып, мақсатына жеткен:
– Біз үшін мәртебелі болып табылатын сынаққа мен ең алғаш рет 2014 жылы Шымкент қаласында қатыстым. Негізі сол кезде өзіммен бірге үміткер болып барған жігіттерге: «Бір рет тапсырып көремін, егер өте алмасам, қалады», – деп айтқанмын. Бірақ, сынақтан өтіп, күрең берет киіп жатқандарды көріп, қызығып, бойымда бір сілкініс пайда болды. Содан кейінгі жылдары екі жыл қатарынан Алматы, Астана қалаларындағы базада өткен сынақтарға үміткер болғаныммен, жеңіске жете алмадым. Енді, міне, көп жылғы арманым туған жерімде бұйырып тұр.
Ер адам болғасын, әрине, ерлік істеу керек қой. Биыл мен моральдық тұрғыда өте жақсы дайындалғандықтан, күрең берет киетініме сенімді болдым. Оған бір жағынан еркектік намыс және үйде күтіп отырған жұбайым мен қызымның қолдауы да өз септігін тигізді. Сондықтан тапсырмаларды орындау кезінде барынша сабырлы болуға тырыстым.
«Осынша жыл армандаған мәртебеге қол жеткізгенде қандай әсерде болдыңыз?» деген сұраққа: «Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Жоғарыда айтқанымдай, моральдық тұрғыда өте жақсы дайындалғаным соншалық, бұған дейін сынақтарда тапсыра алмаған қиындықтарды «бұл маған қиын емес!» деп, өзімді іштей жігерлендірумен болдым. Сынақ тапсыруға аттанарда да «Күрең берет алған кезде киемін ғой» деп, парадтық киімімді өзіммен бірге алып кеткенмін.
Бастысы, біз осымен тоқтап қалмаймыз. Ізімізден ерген арнайы жасақ сардарларын да осындай сынаққа дайындап, ел тыныштығын күзету жолында қиын операцияларға қатыса беретін боламыз. Әрине, өз кезегінде, осыншама күреспен қол жеткізген күрең беретке кір келтірмеуге, намыспен қорғауға уәде береміз», – деп жауап берді.

Міндеттің жүгі де ауыр
Сынақ тапсыру кезінде күрең берет иегері сөз қылған моральдық тұрғыдағы дайындықтың маңыздылығын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Маткаримов те растады:
– Сынақтың алғашқы кезеңінде арнайы жасақ жауынгерлерінің физикалық дайындығы сыналды. Әрине, үміткерлердің әртүрлі кедергілерге толы 75 шақырымдық өткелдерді артқа тастап, діттеген жеріне жетуі үшін ең алдымен моральдық-психологиялық тұрғыда дайын болуы маңызды рөл атқарады.
Күрделі тапсырмаларды демалмастан орындап, ақтық мәреге жеткен 9 жауынгер күрең берет кию құқығына ие болды. Сонымен қатар, «Күрең берет» кеңесінің шешімімен арнайы операцияға қатысу кезінде өздеріне қойылған тапсырманы тиісті деңгейде орындаған тағы екі арнайы жасақ жауынгеріне «Бүркіт» төсбелгісі тағылып, олар да күрең берет киюге құқылы деп танылды.
Атап өткім келетіні, күрең беретке қол жеткізгендер оны кию мәртебесіне өмірінің соңына дейін ие болады. Тек, жұмыстан тыс уақытта әскери қызметшіге тән емес әрекетке барғандар «Күрең берет» кеңесінің шешімімен оны кию құқығынан айырылады.
Сонымен қатар, әрбір өңірдегі әскери бөлімде «Жас бүркіт» бағдарламасы бойынша әскери қызметшілердің балалары жастайынан арнайы бөлініс жасағына қатысып, картамен жұмыс істеуді, мылтық атуды, т.б. үйренеді. Біз жас өрендердің бойына патриоттық сезімді осылайша орнату арқылы, бүгіннен бастап Отан қорғауға дайындап келеміз, – деді.
Жалпы, күрең берет – қайсарлықтың белгісі болса, кеуде белгісі – өзінің кәсіби шеберлігінің нышаны болып табылады. Сондықтан бұл екеуіне қатар қол жеткізу – жасақ жауынгерлері үшін үлкен абырой! Әрине, барлығына қойылатын талап бірдей болғандықтан, күрең берет киген және кие алмағандардың барлығы да бірдей қиын операцияларға қатысады. Ерекшелігі – күрең беретке қол жеткізгендер командирлері мен жоғары бас қолбасшылықтың алдында жоғары лауазымға ие болады.
Түйін сөз. Біздің осы сапардан бір түйгеніміз, сайдың тасындай сарбаздарымыз қандай сынақ болса да төтеп беретін нағыз ержүрек жігіттер екендіктерін дәлелдеп берді. Ел қауіпсіздігі жолында аянбай қызмет ететін сарбаздарын Қазақ елі әрдайым мақтан тұтары ақиқат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өз Жолдауында: «Құқық қорғаушыларда алдымен төзімділік пен әділдік, қызметіне деген адалдық болуы шарт», – деген болатын. Ендеше, жұмысқа деген адалдығымен көзге түсіп, қызметін абыроймен атқарып жүрген сарбаздар «еңбегім – елім үшін, қызметім – халқым үшін» деген қағиданы естен шығармайтынына сенім білдіреміз.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА, Ақтөбе қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*