Е-қылмыстық істің ерекшелігі

Солтүстік Қазақстан облысында қылмыстық істерді электрондық форматқа көшіру жобасы іске асырылып келеді.
«Анықтаушылардың күнделікті қызметінен бейхабар адамға жаңа жүйенің басымдықтарын түсіну өте қиын», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Анықтау басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ербол Бектұров. – Әрбір іс бойынша ондаған құжат болуы мүмкін. Елу параққа дейін барады. Демек, елуге тарта қол жинау керек. Ал бұл кабинеттер арасындағы жүргісті көбейтеді. Оқиға барысы шиеленіскен кезде жұмыс тіптен қиындауы мүмкін. Енді электронды қол қою енгізіліп, уақыт үнемделеді. Бұл е-қылмыстық істің оң өзгешеліктерінің бірі».
Жаңашылдықтың ерекшелігі – жемқорлық қаупі төмендеп, құқықтық тәртіп органдарының ашықтығы артып отыр. Келешекте істі прокуратура қызметкерлері мен қатардағы азаматтар да көре алады. Мәселен, жәбірленушілерге «онлайн» түрде тергеу барысын қарап отыруға мүмкіндік пайда болады. Олар қылмыстың ашылуы үшін барлық шаралар қабылданып жатқанын біліп отырады.
Әзірше бұл шаралар келешекте қолға алынбақ. Әрбір жаңа бағдарламадағыдай, аталмыш жүйеде де кемшіліктер жоқ емес. Олар талданып, техникалық қолдау қызметімен шешіледі.
Бүгінгі таңда облыста «Е-қылмыстық іс» форматында 371 іс тіркелсе, 166 іс аяқталған (сотқа жөнелтілді немесе қылмыстың құрамы болмағандықтан аяқталды, тараптардың келісуі және т.б.). Тек Петропавл қаласында 43 іс бойынша процессуалдық шешім қабылданды.
Аудандық бөліністер арасында Жамбыл аудандық Ішкі істер бөлімі белсенділік танытып отыр. Бөлімде тергеушілер мен анықтаушылар іс жүргізу үшін арнайы 2 орын жабдықталды. Жамбылдықтар 17 қылмыстық істі аяқтады. Басқа аудандарда техникалық мәселелер қаралу үстінде. Аудандық бөліністер электронды форматта 123 қылмыстық істі аяқтады. Алғашқы кезде полицейлер істі аяқтау үшін облыс орталығына барып тұруға мәжбүр еді. Енді жақын уақытта барлық аудандық бөліністер қажетті компьютерлік техникамен жабдықталады.
Петропавл қаласында қылмыстық істі электронды форматта жүргізудің 10 жұмыс орны бар. Қазір екі арнайы орынды Аққайың ауданында жабдықтау жүргізілуде. Бұдан бөлек, осы сынды арнайы орындарды жабдықтау үшін жергілікті әкімдіктер де қаражат бөледі. Жыл соңына дейін барлық Ішкі істер бөлімдерін қажетті құрылғылармен жабдықтау жоспарланып отыр.
Анықтаушылар мен тергеушілерден бөлек, бұл жаңашылдықты басқа да мамандар игеріп келеді. Мысалы, Мағжан Жұмабаев ауданында алғашқылардың бірі болып табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері мүмкіндік алды. Олар Булаев орман шаруашылығында 33 көктеректі заңсыз кесіп алу фактісін тергеп аяқтады.
Қазір солтүстікқазақстандық полиция цифрлық форматқа толықтай көшуге дайындық үстінде.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*