Қырағылық қылмыстың жолын кеседі

Полиция қызметі – азаматтық парызды, үлкен төзімділікті, қоғамдағы кез келген жағдайларға төзім мен шыдамдылық белгілерін таныта алуды талап ететін, адалдыққа негізделген жұмыс.
Полиция старшинасы Біржан Жұмабаев ішкі істер органдарында Қазақстан полициясы құрылған кезден бастап жұмыс істейді. Ол 1973 жылы Павлодар облысы, Аққулы (Лебяжі) ауданының Майқарағай ауылында дүниеге келген. Әскерден келген соң, 1993 жылы Павлодар стансасындағы желілік милиция бөлімшесіне милиционер болып қызметке келді. Міне, сол уақыттан бері 25 жыл темір жол көлігінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға атсалысуда.
Темір жол вокзалдары – күн сайын сансыз адам жолаушылап келіп-кетіп жататын көпшілік орын. Жылдың қай мезгілі болмасын, бұл жер адамнан арылмайды. Содан ба, тіпті, көбіне ұрлықтың көп жасалатын орны деп те саналады. Жолаушы пойызға отырған кезде оның қауіпсіздігін көлік сақшылары қамтамасыз етеді. Олар әр вагонды бірден жіті бақылауға алып, ондағы тәртіп пен қауіпсіздікті асқан кәсіби шеберлікпен атқаруы қажет. Жолаушылардың және олардың жүктерін сақтауда полицейге артылар жауапкершілік зор. Ал, егер вагондарда ұрлық немесе басқа да қылмыстар орын алған жағдайда, оның ізін суытпай ашу қашанда полицейдің кәсіби шеберлігін сынға алады. Осы арада ол өте қырағы болуы қатаң талап етіледі.
«Полицейдің жұмысында маңыздысы – адамдармен тез тіл табыса білу», – дейді Біржан. Қызмет еткен жылдары Біржан көптеген қылмыстарды, соның ішінде есірткімен байланысы бар қылмыскерлерді анықтады. Мыңдаған жолаушылар арасынан қылмыскерді табуға оның «құпия қаруы» – ішкі интуициясы септігін тигізді.
Жұмыстан бос уақытында Біржан спортпен шұғылданады, өзінің сүйікті спорт снаряды – турникте түрлі жаттығулар жасауды ұнатады.
Павлодар стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің жас буынына үлгі болатын қызметкер, өзінің күнделікті жұмысында жас полицейлермен тәжірибесімен бөлісіп отырады, оларға практикалық көмек көрсетеді.
Жұбайы Балнұрмен екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкен қызы Павлодар мемлекеттік университетінде оқыса, кіші балалары мектеп оқушылары.
Қызметті адал атқарғаны үшін ІІМ, Көліктегі ІІД бірнеше рет марапаттаған. «ІІМ Үздігі», толық дәрежелі «ІІО-дағы мінсіз қызметі үшін» медальдары бар.
Елбасымыз айтқандай: «Полицейлер – бұл адамдардың құқығын және бостандығын қорғай отырып, қылмысқа қарсы күрес жүргізуде алдыңғы қатарда тұратын адамдар». Бүгінде Қазақстан полициясы ширек ғасыр ішінде еліміз бен жеріміздің қорғаны, тыныштығымыздың сақшысы, мемлекет қауіпсіздігінің кепіліне айналды. Расымен, 26 жылдық тарихы бар айбынды Қазақстан полициясының даңқын арттыруға бойындағы күш-жігерін сарп етіп келе жатқан осындай білікті мамандарымыздың арқасында ел іргесі мығым, бірлігі бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы бола түспек.

Анаргүл НҰРБАНОВА, Павлодар қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*