Полицейлер жаңа әліпбиді үйренуде

Жыл басынан бері өңірлік полиция қызметкерлерінің арасында латын графикасына көшу мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарды белсенді түрде жүргізілуде.
Полицейлерді жаңа әліпбиге тез бейімдеу мақсатында ағымдағы жылы олар үшін 4 кездесу, 3 семинар ұйымдастырылып, қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің мақсаты мен тиімді тұстары толық түсіндірілді.
Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі мамандарының айтуынша, бүгінгі күні қазақ тілін латын әріптеріне көшіру оны әлемдік деңгейге жақындатуға себеп болатыны әрбір полицейге жеткізілуде.
Қазіргі таңда құқық қорғау саласы қызметкерлерін жаңа әліпбиге көшу бойынша толғандырып жүрген негізгі мәселелер қатарын «латын әліпбиін үйрету курстары қашан басталады?», «ұзақтығы қанша уақыт?», «жаңа әліпбиді өз бетінше үйренуге арналған әдістемелік құралдар бар ма?» деген сауалдар құрайды.
2018 жылдың шілде айында Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінде «Латын әліпбиі – өркениет жолы» тақырыбында өткен кезекті кездесу кезінде полицейлер жаңа әліпбидің бекітілген нұсқасымен толық танысып, Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының мамандарына көкейдегі сауалдарын қойды. Кездесу барысында құқық қорғаушылар жаңа әліпбидің мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесіне қаншалықты ықпал ететіні, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдау кезінде тіл таңдау құқығына әсері, оның ішінде орыс тіліндегі арыз-шағымдардың үлесіне ықпалы турасындағы өзекті сұрақтарды да назардан тыс қалдырған жоқ.
Емле ережелері бекітілгеннен кейін әрбір полицейдің курстармен қамтылатыны, курстардың ұзақтығы шамамен 2 аптаны құрайтыны, латын әріптерін үйрену ешбір қиындық тудырмайтыны тәртіп сақшыларына толық түсіндірілді.
Бүгінгі күні полиция қызметкерлері жаңа әліпбидің қазақ тілінің жаңғыруына алып келетін қадам екенін түсінетіні және тезірек үйренуге ынта білдіретіні байқалып отыр.

Бекзат ЖАЛҒАСБАЕВА, Ақтөбе облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*