Кәсібіне берілген өжет жігіт

Әркімнің-ақ ер атанғысы келеді. Елім деп еңіреп туған асыл ер, азаматтардың ерекше еңбегі ғана ерлік болып бағаланады. Екінің біріне ер атағы берілмейді. Он мыңның бірі, миллионның жүзіне ғана тиеді ол құрмет. Ердің еңбегін ел бағалайды. Бір ердің ерлігі жүз жауынгерге үлгі, мыңға өнеге болады. Ердің ерлігін ер қайталайды.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ

Бүгінгі таңда құқық тәртібін нығайту жолында қылмыспен күресіп жүрген тәртіп сақшыларының алатын орны ерекше. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс» деген сөздерінде әрбір тәртіп сақшысына жүктелген үлкен жауапкершілікті байқаймыз. Бұған қоса, күнделікті қызметте адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге атсалысып жатады. Алайда, тәртіп сақшыларының алдында тұрған ең маңызды міндет – адам өмірі, халықтың тыныштығы, оған тәуліктің кез келген уақытында қол ұшын созуға даяр болуы. Ол үшін білім де, білік те, оған қоса, төзім мен қажыр-қайрат та керек. Осы бір қызығынан гөрі қиындығы басым мамандықты таңдап, батылдық пен табандылықты бойына сіңірген, адалдық пен әділеттілікті ту етіп ұстаған жандар құрметке лайық емес пе?! Әрине, лайық. Себебі, полицейлердің мәртебелі қызметі қай уақытта болмасын жауапты әрі қажетті мамандық саналған. Қиын-қыстау жағдайға тап болғанда қауіп-қатердің төнерін біле тұра, қылмыскерлермен шешуші шайқасқа түсіп, адамдардың ар-намысын қорғай алатын азаматтар дәл осы мамандықта еңбек етуде.
Егеменді еліміздің еңсесін көтеріп, мәртебесін асқақтату үшін қоғамымыздағы белең алған қылмыс атаулының тамырына балта шауып, азаматтарымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігін көзінің қарашығындай қорғап жүрген Қарағанды қаласының ішкі істер басқарамасы жол патрульдік полициясы полкінің қызмет инспекторы полиция лейтенанты Нұрбол Берікұлы.
Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшоқы ауылының тумасы Нұрбол Берікұлы №76 орта мектебіне барып, 2008 жылы аяқтайды. 2009 жылдың қыркүйегінде Қарағанды экономика, бизнес және құқық колледжіне «құқықтану» мамандығына түсіп, 2012 жылы тәмамдайды. Сөйтіп 2013 жылдың маусымында Тараз қаласына №5513 әскери бөлімінде мерген лауазымында әскери міндетін өтейді. Келісімен 2014 жылы Қарағанды қаласының ІІБ жол патрульдік полициясы полкіне орналасады. Жол патрульдік полициясында қызмет атқару өте ауыр, түрлі қылмыстар жасап, ізін жасыруға тырысатын әккі қуларды құрықтау аса сақтық пен қырағылықты қажет етеді. Күндіз жайбарақат жұмыс істеп, түнде тынығам деген болмайды. Себебі, қылмыс тәуліктің кез келген уақытында болады. Оның ізін суытпай ашу, ат үстінен түспейтін Нұрбол сияқты жігіттердің мойнында. Осыған дәлел, «ізін суытпай» ұрланған ұялы телефонды иесіне қайтарған және Бұқар Жырау даңғылында көлік құралын айдап әкеткен ұрыларды құрықтағаны. Осылайша, қылмыс жасаған 68 адамды қамаған.
Қылмыспен күресте бір кісідей үлес қосқан Нұрбол Берікұлының «Қылмыскерді ұстау және қылмысты ашу кезіндегі кәсіби-сауатты әрекеттері үшін», «Мүліктік қылмысты ашқаны үшін», «Қызметте жеткен жетістіктері үшін» алған алғыстары мен грамоталары да жетерлік. Ал, бәрінен маңыздысы – ел алғысы, ақ ниеті десек, Нұрболдың бұл жағынан да құр алақан емес екендігі белгілі болды. Өз кәсібіне шын берілген өжет жігітке асқар арманның биігіне өрлеп, өмір көшін алға сүйрей берсін дейміз.

Әсемхан САҒАТҚЫЗЫ,
Қарағанды қаласы ІІБ
МТАБ жетекші маманы

1 пікір

  1. Жаңадан қызметке тұрып жатқан қызметкерлер осы жігіттің жасап жатқан еңбегін бағалап, ой елегінен өткізіп əр қызметкер отанына адал еңбек етсе, қарапайым халықты өз елінде қорқынышсыз, ертеңге деген сеніммен қарап өмір сүре алатынын ойларына түйсe екен.
    Еңбегін жана берсін жас полицей!
    Халық жастардың арасында осындай азаматтардың барлығына қуанышпен қарайды деп ойлаймын.

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*