Дойбы – ойшылдардың ойыны

Әскери өмірде сарбаздардың жауынгерлік қызмет атқаруынан бөлек демалысына да ерекше көңіл бөлінеді. Демалыс күндері сарбаздар тынығумен қатар спортпен шұғылданып, түрлі ойындар мен сайыстарға қатысады. Бұл әскери бөлімдердегі дәстүрге айналған мәдени іс-шаралар десек те болады.
Ұлттық ұланның 28237 әскери бөлімінде өткен демалыс күндері дойбы турнирімен есте қалады. Бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Талғат Тушибаевтың бастамасымен ұйымдастырылған бұл турнирге бөлім бөліністерінің барлық сарбаздары қатысып, ойын тартысты өтті. Турнирге бөлімнің спорт және денешынықтыру бастығы, майор Мұрат Парманов төрелік етті. Турнир қорытындысы бойынша қарсыластарынан озып шыққан жүйрік дойбышыларды бөлім командирі, подполковник Дулат Мақсұтов грамотамен марапаттап, сарбаздардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытатын ойлылар ойынына ерекше ынтамен қатысқандығын, бұл ойын түріне де қызығушылықтарының артқаны қуантатын жайт екенін атап өтті. Турнир жайында бөлімнің бас тәрбиешісі подполковник Т. Тушибаев: «Бұл турнир саламатты өмір салтын насихаттауға, сарбаздарды баулу мақсатында өткізіліп отыр. Өйткені, дойбы ойыны – ғылыми ақыл-ой және халық шығармашылығы негізінде пайда болған ең танымды да, қызықты спорт ойыны. Спорт ойынының бұл түрі адамды жылдам ойлауға, дұрыс шешім қабылдауға және нық қадам жасауға үйретеді» – деді. Осындай дәстүрлі мәдени іс-шаралар әскери бөлімде үнемі өткізіліп келеді. Алдағы уақытта футбол, волейбол ойындарынан бөлек әскерилендірілген эстафета, «Кім мықты, кім күшті?» секілді танымдық спорт ойындарынан да осындай турнирлер ұйымдастырылатын болады.

Айдос БАЙШАҒЫРОВ, 28237 әскери бөлімі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*