Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жолында

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ-дағы Тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумда Қазақстанның мүддесін білдіріп, біруақытта Тұрақты даму мақсаттарын имплементациялау арқылы Орталық Азиядағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іс-шараға қатысты.
«Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру ісінде ұлттық деңгейде қол жеткізілген жетістіктердің барлығын сақтау және ұлттық ерікті шолулардың бірінші циклі аяқталғаннан кейін олардың имплементациясын Орталық Азия елдері арасындағы тығыз өңірлік өзара іс-қимыл жасау арқылы жалғастыру маңызды», – деп атап өтті Е. Ашықбаев. Сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Розмари Ди Карломен кездесу өткізіп, оған ағымдағы жылғы 5 қыркүйекте Астанада өтетін Ауғанстандағы әйелдердің құқықтар мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі халықаралық конференцияға шақыртуды табыстады. Тараптар жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысын, соның ішінде Ауғанстандағы жағдайды шешу бойынша қазақстандық тараптың күш-жігерін, сондай-ақ толығымен Орталық Азиядағы жағдайды талқылады.
БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Лю Чжэньминмен кездесуде әңгімелесудің басты тақырыбы, БҰҰ құрылымдары қатысуымен Орталық Азия елдеріндегі және Ауғанстандағы аймақтық ынтымақтастықтың жаңа серпінін беру болды. Орталық Азия бойынша сайд-ивентте БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Джихан Султаноглу, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан, БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерова, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері мен іс-шараның бірлескен орындаушысы ретінде Словакияның лауазымды өкілдері қатысты.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*