Курсанттар қатары толықты

Таяуда ғана Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясына мақсаты зор, жанарында оты бар біраз үміткер жастар бақтарын сынап, оқуға түсуге келген болатын. Міне, енді сол талапкерлер бекітілген нормаға сай сынақтан өтіп, оқуға қабылданды.
Мандаттық комиссияның салтанатты жиынында Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов оқуға түскен талапкерлерді бүгінгі қуанышты сәттерімен құттықтап, оларға ақ жол тіледі.
«Құрметті талапкерлер! Сіздерді Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясына оқуға түсулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Аты аңызға айналған Ішкі істер министрі, ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаевтың атын алған Академияға оқуға түсу – бұл жаңа, керемет жолдың басы! Сіздер барлық түсу сынақтардан абыроймен өтіп осы оқу орнына түсуге лайық екендеріңізді көрсете білдіңіздер. Сіздер таңдаған абыройлы жолдағы тиянақты білім, жаңа әсерлер, адал достар – осы Академияда оқыған кездер туралы әдемі естелік болсын! Таңдаған бағытыңызда жақсы оқуға, нағыз шынайы кәсіпқой маман болуға тырысыңыздар!» – деді ол.
Генералдың тілегінен кейін, мектепті алтын белгіге бітірген Аружан Марат құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздар ұжымына алғысын білдірді. Ол өз сөзінде өзінің Ресей елінде білім алатынын естігендегі қуанышын толқыныспен жеткізді.
Академия қабырғасында болған күндер ішінде үміткерлер Тәрбие жұмысы бөлімінің жасаған жоспарына сәйкес, Академияның тарихи өмірімен етене танысып, мұражайларды аралады. Қолдары бос кезінде Академияға байланысты және аты аңызға айналған Шырақбек Қабылбаев туралы деректі фильмдерді тамашалады. Спортқа жақындары спорттық ойындар ойнап, білімпаздары Академияның жалпы кітапханасындағы кітаптармен танысты. Қысқасы бір күндерін де текке өткізбеген жастар бірі-бірімен танысып, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрді. Сол ұмытылмас қызықты уақыттары оқуға түсу қуанышымен жалғасын тапты.
Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов болашақ курсанттармен жеке-жеке кездесіп, олардың Академия туралы пікірлерін біліп, сөзге тартты. Кездесу барасында талапкерлер Мирлан Ахмедияұлына ұқсап генерал атанғысы келетіндерін де сөз арасында жасырмай айтып қалды.
Бір айта кетерлігі, биылғы жас талапкерлердің арасында спорттың әр түрінен спорт шеберлер мен үміткерлер көп. Спорт түрлерінен сынақ тапсыру кезінде талапкерлерді қолдау ретінде Академия бастығы, полиция генерал-майоры М. Қызылов арнайы барып, оларға күш-жігер берді. Генералдың қуатты сөзінен кейін барлығы спорттық сынақты жақсыға тапсырды. Өзара пікір алмасу барысында жас талапкерлер ел ертеңі үшін өздерінің де жауапты екендерін сезінетінін жеткізді.

М. ОСПАНОВ,
Академияның баспасөз хатшысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*