Голливуд жүлдегері– Естайдың ұрпағы

АҚШ-тың «World Champions Olympic» байқауына қатысып, өз номинациясы бойынша алтын медальға ие болған «Бастау» домбырашылар тобының мүшесі – ақын, сазгер Естай Беркімбайұлының ұрпағы болып шықты.
Әлемдік шоу-бизнестің астанасы Лос-Анджелесте осымен 22 рет ұйымдастырылған олимпиадада 72 мемлекеттің өкілдері бақ сынасқан болатын. Қазақстан аталған жарысқа алғаш рет қатысып, алтын медальды олжалады. Байқау жүлдегері атанған «Бастау» дуэтінің құрамында екі жігіт бар – Ернат Наурыз және Темірлан Олжабай. Журналист, Естайдың шөбересі Фархат Әміреновтың айтуынша, Темірлан – павлодарлық ақын, әнші, композитор, атақты «Қорлан» әнінің авторы Естай Беркімбайұлының ұрпағы. «Менің атам Қыздарбек Әміренов – Естайдың інісі, – дейді журналист. – Темірлан – Қыздарбек ата мен Танкеш әженің үлкен қызының немересі. Темірланның атасының аты – Олжабай Арал. Ол – Екібастұз ауданының ең бірінші әкімі болған».
22 жастағы Темірланның анасы Арманның айтуынша, ол домбыра тартуды 5 жасынан бастап қолға алған. Қазір талантты жігіт Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқиды. Айта кету керек, биыл Павлодарда ақын, әнші-композитор, Қазақстан композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі, еңбегі сіңген өнер қайраткері Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы аталып өтті.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*