Күнбағыс майын өндіретін зауыт

Павлодар қаласының маңындағы Жетекші ауылында күнбағыс майын өндіретін зауыт салына бастады.
Құрылыс алаңына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов барып қайтты. Май зауыты құрылысын қытай инвесторлары қаржыландырды. Биыл олар жобаның жүзеге асырылуына 1,5 миллион АҚШ долларын бөлді. «Гринланд Инвест» ЖШС бас директоры Чжан Янь Цю мырзаның айтуынша, кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылмақ.
«Шикізат өндіру қуаты тәулігіне 300 тоннаны құрайды, жыл сайын 30 мың тонна май шығару жоспарланып отыр, – дейді ол. – Күнбағысты біз Павлодар облысынан сатып аламыз, ал өндірілген өнімді Қытайға жеткіземіз. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін штат 50 адамға дейін көбейеді. Жұмысқа жергілікті тұрғындарды жұмылдырамыз деген ой бар». Кәсіпкерді қолдау мақсатында мемлекет қаражаты есебінен кәсіпорынға жалпы сомасы 150 миллион теңгені құрайтын электр байланыс желісі тартылып жатыр. Болашақта инвесторлар ауданы 12 мың шаршы метрді құрайтын, қияр мен қызанақ өсіруге арналған жылыжай салуды жоспарлап отыр.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*