Ертеңге еркін рухтағы әліпбимен

Жаңа жиырма бірінші ғасырдың ағымы қарқынды дамып келе жатқаны инновация мен интеграциялардың жаңалықтар өлшеміне сәйкестенуі болмақ. Заман талабы да осы орайдағы жаңашылдыққа бағынып, өз талаптарын қоюда. Соған сәйкес әлем төңірегінде өз орнын айшықтаған елдер жаһанда бәсекелесу арқылы алдыңғы қатарға шығудың тұспа-тұс жолдарын ұстанып келеді. Сол себепті мәре жолында біздің басты мақсатымыз бүгінгі мен келер күннің нобайын жобалап, жарқын күндерге жан-жақты қамдануымыз болып отыр.
Қазақ халқы түп тарихынан белестер мен асау толқындардан тізе бүкпей ғұмырын ат үстінде кешкен көне ұлт. Белеңді кезеңдерде биік тұғырын ешбір жауға бермей, салты мен дәстүрін қатаң ұстанған. Өткеніне құрмет білдіріп, келер болашағына үміт артқан ел азаматтары түбірі бір тамырға қан жүгіртіп, күні бүгін келешек ұрпақтың ұлт санасын аталар салған сара жолға бұрмақшы. Яғни, қазақ тілінің ұлттық әліпбиі жарқын болашақтың алтын кілті болып қайта оралмақ. Бұл бастау қолында тәуелсіздік тізгіні бар жас Қазақстан үшін тарихи шешуші кезең деп әлеуметтік талқыда кеңінен танылады.
Ұлы дала ашық аспанында да жол бағдары іспеттес темірқазығы болған Рухани жаңғыру бағдарламасы Латын әліпбиіне өту кезеңді жолдарын әлеуметпен бірлесе талқылап, ортақ шешімін оңтайландырды. Сонымен ресми түрде Қазақстан Республикасы тарихының алтын беттерінің бірі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қоюымен толысты.
Ұлт көшбасшысы әр қазақстандыққа: «Латын әліпбиі қабылданған соң, мемлекеттің негізгі ресми әліпбиі ретінде жұмыс істейтін болуы тиіс. Алғашқыда бәрі тосын болатыны белгілі, ешнәрсе оңай қабылданбайды. Көш жүре түзеледі дегендей, бұл жаңа қазақ әліпбиіндегі 32 әріп енді 32 тістен шыққан соң, өмірде қолдану барысында сүзгіден өтетіні анық. Уақыт елегінен өтіп, өмір өз түзетулерін жасайтынын да ұмытпайық!» – деген сөздері арқылы бірлік пен ынтымақтастық қашанда танылуы қажеттігін меңзей түсті.
Қабылданып отырған жаңа мемлекеттік әліпби елдің ішкі тұтастығы мен мемлекеттік қазақ тілінің әлемде танымалдылығын арттыру үшін қызмет етуі тиіс. Ой орамдары мен дыбысталуындағы әуен ерекшеліктері қазақ тілін болашақтың тілі екеніне көз жеткізеді. Бұған Елбасының: «Бұл – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әрі әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам. Мұны айтып отырған себебім, қазір ТМД аумағындағы қазақтар кирилл әріптерін, Қытайдағы қандастарымыз төте жазуды, батыс елдеріндегі бауырлар латын әліпбиін қолдануда. Бәріміз сөйлескенде тіліміз бір болса да, оқығанда үш түрлі болып шығады. Ешбір кедергісіз түсінісетін бір қазақтың баласы бір-бірінің жазуын ұқпайтын күйге жетті. Жер жүзіне тарыдай шашылған қазақтың кейінгі ұрпағын бір-бірінен алшақтатуда. Көп ұзамай бұл олқылықтар біржола жойылады», – деген сөздері дәйек болмақ.
Қазақша сөйлеп, баршаға ортақ әліпби үлгісінде жаза білуі елдің қашанда бірлігін бекем етіп, бір шаңырақ астында тоғысқан түрлі ұлт өкілдерін рухани жақындастыра түсетініне кәміл сенемін.
«Тағы да қайталап айтамыз, латын қарпін талқылауда зор белсенділік көрсеткен халық енді жаңа әліпбиімізді өмірге енгізуде де қарқынды қайрат танытуы керек. Енді етектен тарта бермей, Ел болып, еңсе көтеріп, Еркін рухтағы әліпбиімізді өмірге енгізуде ерен екпінмен еңбек етуіміз керек! Кертартпалықтың тигізген кесір-кесепаты аз емес! Бірнәрсе біліп, сынаса, мейлі ғой, «Анау қарсы шыққан екен, мен де қарсы шықсам, қатардан қалмаспын» – деген тобырлық пиғылдың тобықтан қаққаннан басқа толық шешімін тапқан іске тигізер пайдасы жоқ екенін түсінуіміз керек» – деген халық жүрегіне жолдаған сөздері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, орасан күрделі құрылысқа бір адамдай атсалысып жұмылуға шақырады.

Ш. СМАҒҰЛОВА,
ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы
Ақтөбе заң институтының
РИР тобының инспекторы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*