ЗОНАДАҒЫ ТАҒДЫР

Оқырман қауымға аты-жөні беймәлім, бұрын кітаптары жарық көрмеген, бірақ, қарапайым халық атын естісе денесі тіксінетін темір тордың ар жағындағы өмір туралы қазақ тілінде жазылған осындай кітапты бұрын кездестірмеппін.
Автор Мұхадас Балажановтың «Зонадағы тағдыр» атты кітабын бірнеше қайтара оқып шықтым да сүйсіндім, әрі автордың қапастағы өмір туралы терең білетініне қайран қалдым. Осы уақытқа дейін бір де бір қаламгер лагерь, түрме, зона туралы осындай шынайы шығарма тудырмағаны көпке мәлім. Өйткені, екінші әлем «түрме» туралы жазу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Ендеше, зонадағы жазасын өтеп жүрген қазақ жігіті туралы көлемді шығарма жазуды ол қалай қолға алды екен деген ой мазалады мені. Сөйтсем, өмірінің ширек ғасырға жуық уақытын қылмыстың атқару жүйесінде, оның ішіндегі көп жылын батыс өлкедегі қатаң режимдегі колонияда бастық болған Мұхадас Балажановқа зона өмірі, ондағы сан түрлі тағдырлар, қолдарын қанға малудан бір шімірікпейтін ондағы аш арыстандар мен жүректі жолбарыстардың өмір сүру дағдысы оған әбден таныс екен. Мұның бар құпиясы осында жатқан болып шықты.
Мұхадас Балажанов көп адамға түсініксіз, бірақ, қорқынышқа толы абақты ішіндегі қатал, қатыгез, қауіпті өмірдің ащы шындығын көркем тілмен жеткізе білген. Қазақ оқырмандарына екінші бір «әлемнің» құпия-қалтарысы қыл қалам күшімен, суретімен жеткізе білген Мұхадастың бұл еңбегі ерлікпен тең. Ол қалың қауымға бұрын ашылмаған жаңа аралдың есігін ашты, тың дүниеге жол салды. Өйткені, орыс жазушысы сол Солжиницинның «Гулак», «Иван Даниловичтің бір күні» атты шығармасы әлем халықтары арасына кеңінен тарап, жазушы сол үшін Нобель сыйлығын алғаны белгілі. Дүние жүзіне жабық қоғам болған Кеңес үкіметінің түрмесінде болып, Карлактағы азапты өмірді қалам күшімен әйгілі шығармаға айналдырған. Солжиницин көп жылдарын шет елде өткізген жазушы. Оны әлемге әйгілі еткен де екінші әлем – зонадағы қауіп-қатері көп өмірдің құпия сырларын әдебиет тілімен жеткізе білуінде болатын.
Міне, бізде жазушы М.Балажановтың терең қатпарлы кітабын оқып шыққан соң зонадағы түрлі тағдырлы «зектердің» біз біле бермейтін терең сырлары мен қапастағы адамдардың өздеріне тән «түрме заңдарының» шым-шытырық қалтарыстарында өмір сүретін байқап, сездік. Автор сонымен бірге екі жан арасындағы шынайы махаббатты мөлдір сезімдермен ақ қағаз бетіне көркемдеп түсіре білген. Өйткені, сот процесі жүріп жатқан кезде жәбірленуші Сәнияның: «Мұхит, мен сенің көлеңкеңде өмір сүремін», – деп, кейін, ұзақ жылдар бойында өзі сүйген жанның жазасын өтеп жүрген колонияның маңайындағы қалаларда өмір сүріп, оның жанынан табыла білуі – бұл, қазақ қызына тән ерліктің, табандылықтың, өзі сүйген жан үшін жанын пида етудің керемет үлгісі. Сонау Гурьев қаласынан басталған ұлы махаббат сергелдеңінің жиырма үш жылға созылуы оқырмандарға үлкен әсер қалдырғаны анық. Он екіде бір гүлі ашылмаған нәзік бойжеткенді қорқау қасқырлардан қорғаймын деп, өзі де аяқ астынан қылмыскер атанған ол зонадағы қиын күндерде жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың, зорлық пен ізгіліктің, адамгершілік пен сатқындық қасиеттердің бір-бірімен үнемі айқас үстінде болатынын сезінеді. Ол зонадағы құмырсқаның илеуіндей құжынап жатқан адамдардың арасында қара ниетті қанішерлермен бірге адамдық қасиетін биік ұстайтын өр кеуделі асыл жігіттердің де бар екеніне қуанады, соларға арқа сүйеп, шындық үшін талай-талай қауіп-қатерлерге тәуекел етеді. Ақырында, биік рух пен ерік-жігер күші Мұхиттың беделін көтереді. Ағыны қатты тау өзенінде жүзу қандай қиын болса, адам өмірі түкке тұрмайтын зона ішіндегі өмірге әрбір адам өзін қайрат күші мен намыс отымен қамшылап отырмаса, тіршілік етуі екіталай» деп ой түйеді автор.
Кітап авторы Мұхадас Балажанов бұл шығармасында аяғын шалыс басқан адамдарға «үкім» шығарған кезде заң қызметкерлерінің әділ де білікті болуын меңзеп, «Адам тағдыры үшін абай бол» деген қағиданы ұстанады. Адамға жасаған жақсылық түбінде өзіне қайыр болып қайтатыны рас екен. Ауған соғысында ажалдан алып қалған майдандас досы Федя Яшин өзінің бір кездері қанды көйлек досы болған Мұхиттың өзі басшылық ететін түрмеде жүргенін көріп қатты қайран қалады. Әділет полковнигі Федя Яшин досы Мұхиттың қауіпті қылмыскер екеніне сенбей, қиын күндері қолтығынан демеп, оның сан түрлі ажал тырнағынан аман-есен құтылуына себепкер болып тұрады. Адал достық деген осы. Әсіресе, кітаптың мұқабасының ішкі беттеріне түсірілген сан түрлі суреттер (тотировка) мен түрме ішіндегі қылмыскерлердің өзіндік «жаргон» сөздері шығарма ішіндегі сөздің байланыстарды әсем өрнектеп, кітап мазмұнын ашып тұр. Бұл да кітап авторының шеберлігін айғақтап тұрғандай.
Қорыта айтқанда, жазушы Мұхадас Балажановтың «Зонадағы тағдыр» атты көркем туындысы қазақ әдебиетіне қосылған тың шығарма, көпшілікке қыр-сыры белгісіз өмірдің кескінін-келбетін ашып берген құнды дүние деп бағалауға болады. Оның үстіне бұл кітап кино түсірушілерге таптырмайтын дүние екен. Әлі түрен салынбаған зона, түрме туралы алғаш қалам тартқан жазушы М.Балажановтың бұл туындысы әлі талай әңгімелерге арнау болатыны анық.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*