Әскери ант қабылдады

Жуырда «Отан Ана» Отан қорғаушылар алаңында жас шақырылым жауынгерлері салтанатты түрде Әскери ант қабылдады. Астана қаласында орын тепкен Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінің қатарын 91 жас сарбаз толықтырды.
Салтанатты Ант қабылдау шарасына Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, өзара іс-қимыл жасайтын органдардың, Астана қаласы әкімшілігінің жетекшілері, сондай-ақ дін өкілдері, ардагерлер және сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
Алдымен еліміздің Әнұраны шырқалып, 3660 әскери бөлімі командирінің міндетін уақытша атқарушы, подполковник Дмитрий Бастердің бұйрығымен ортаға әскери бөлімнің жауынгерлік Туы шығарылды. Әскери бөлім командирі жауынгерлерге ізгі тілектерін білдіріп, ақжолтай тіледі.
Осы күні Әскери антты Ұлттық ұлан сапына еліміздің Алматы, Қарағанды және Павлодар облысынан келген 91 жас жауынгер қабылдады.
Солардың бірі Алматы облысы Жаркент ауданынан шақырылған қатардағы Азат Ахметов.
– Мен Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы кезінде әскерге келіп, бүгін Отан алдындағы борышымды адал атқаруға Әскери ант бергеніме қуаныштымын. Астана бүкіл еліміздің орындалған арманы. Осы қалада қызмет атқару менің де арманым болатын. Осы күні ол арман орындалды. Онымен бірге мен біздің атақты спортшы, Ұлттық ұлан спорттық командасының мүшесі болған лейтенант Денис Тен қызмет еткен әскери бөлімде борышымды өтеймін. Ол маған екі есе жауапкершілік арттырады. Өйткені, Денис – ұлт мақтанышы. Жуырда біздің алдымызда келген сарбаздар Дениспен Отан қорғаушылар күні қарсаңында кездескенін айтты. Біз де бұл кездесуді армандап едік. Өкінішке орай, енді оның сәті түспейді. Бірақ, біз Денис Тен қызмет еткен әскери бөлімнің Жауынгерлік Туын жерге құлатпай, Отанға абыройлы қызмет етеміз. Отаныма адал қызмет етіп, Астананың қорғаушысы болатыныма сенімім мол, – деді жас сарбаз.
Ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа ақтық демің шыққанша адал болу, ел басына сын сағат түссе қорған болып, қиындық туса мойымай көтеру, қажет болса, жан қию деген сөз. Ант – адалдық рухы. Халқымыз «Анттан аттағаны – ардан аттағаны», – дейді. Яғни, адамзат нормаларының қалыптасқан шегі ар болса, оны бұзу опасыздыққа жатады
Баласының ер азамат атанып, Отан қорғаушылардың қатарын толықтыруына куә болған ата-аналардың бірі – Жанар Бақбергенова. Ол алыстағы Талдықорған қаласынан ұлы Дәулеттің Әскери ант қабылдау рәсімін көру үшін келіпті.
– Кеше ғана оқушы еді. Бүгін балам Отан қорғауға кірісіп тұр. Нағыз ер азамат атанды. Барлық жауынгерлер менің балам секілді. Мен балама және қаруластарының әскери қызметін мінсіз атқарып, үйлеріне аман-есен қайтуын тілеймін,– деп ағынан жарылды жауынгердің анасы.
Салтанатты шара оқу орталығы жауынгерлерінің қару-жарақпен көрсетілген дефилемен жалғасып, қоян-қолтық ұрыс әдісін көрсетуіне ұласып, жас жауынгерлердің орындауындағы «Мен қазақпын» әнімен аяқталды.

 

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*