Онлайн-агробиржа іске қосылды

Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастамасымен ауылшаруашылық өнімдерін, тұқым, ауыл шаруашылығы техникаларын, тыңайтқыштарды, химиялық заттарды сатып алуға, сатуға немесе айырбастауға және қызметтерді пайдалануға болатын «Агробиржа» интернет-ресурсы іске қосылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның айтуынша, Қызылорда облысының Агробиржа құру тәжірибесі барлық өңірге ұсынылады. Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Бақыт Жаханов мәлім еткендей, көп жағдайда тауар өндірушілер нарыққа тікелей қол жеткізе алмайды. Өндірілген тауарды қайда, кімге және қай бағада сататынын білмейді. Бұл – тек аймақта ғана емес, республикада да шешімін таппай отырған проблемалардың бірі. «Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – делдалдардың көптігі. Бұл ешкімге жасырын емес, сарапшылардың пікірінше олардың үлесі 65-85%-ды құрайды. Бұл бұрмаланған баға мен бағаны негізсіз көтеруге алып келеді, ал тауар өндірушілердің өзі аз пайдаға қанағат етіп отыр. Осы мақсатта біз «Агробиржа» электронды платформасын құрдық. Ол сатылым нарығын кеңейтуге, сатып алушы мен сатушы арасында тікелей байланыс орнатуға, экспорттық операцияларды арттыруға мүмкіндік береді», – дейді Бахыт Жаханов. Еске салайық, www.agrosauda.kz веб-сайтындағы ақпарат қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде ұсынылған. Болашақта оған парсы тілін қосу жоспарланып отыр. Айта кетейік, қызылордалық аграрлар өз өнімдерін экспорттайтын елдердің бірі – Иран. Қазіргі уақытта интернет-ресурсты жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Жақын арада «Агробиржа» мобильді қосымшасы іске қосылады.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*