Госпиталь – денсаулық сақшысы

Ақмола облыстық ІІД емханасы бар госпиталі 1950-жылдары құрылған. Бүгінгі таңда емхана стационары облыстық ІІД ардагерлері, зейнеткерлері, полиция қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне білікті көмек көрсетеді.
Қабылдау 10 мамандық түрі бойынша жүргізіледі: терапия, хирургия және травматология бойынша аралас қабылдау, отоларингология, тіс емдеу, дерматовенерология, неврология, психиатрия, кардиология, сонымен қатар, клиникалық-биохимиялық зертхана, рентгенологиялық кабинет, процедуралық кабинет, физиокабинет, функционалдық диагностика кабинеті, УДЗ диагностика кабинеті сияқты көмекші қызметтер қызмет етеді.
Қазіргі таңда емханасы бар госпитальда жоғары және бірінші санатты, білімді, өз ісінің мамандары еңбек етеді: жоғары санатты невропатолог-дәрігер, госпиталь бастығы Анаргүл Мұқашева, ОӘДК төрайымы Бақыт Жолдаспаева, стационар меңгерушісі Айнагүл Жаманбаева, терапевттер Г. Макушева, Р. Үшкелбаева, Е. Калинина, хирург О. Жетеев, рентгенолог К. Нұрахметов, невропатолог К. Рахымжанов, тіс дәрігері Г. Захарчук, психиатр А. Хасенова, окулист М. Илюбаева, аға мейірбикелер Д. Баирлинова, М. Мусина, тағы басқалары.
Госпиталь ІІД және аудандық ІІБ жеке құрамының денсаулығын тексеру жұмыстарын жыл сайын өткізеді. ІІМ зейнеткерлері, ҰОС мүгедектері мен қатысушылары үшін жеке терапевтік учаске қызмет етеді. «Д» есебінде тұрған қызметкерлер мен зейнеткерлер үшін жеңілдіктер ұйымдастырылған. «Госпитализациялау бюросы» порталы арқылы жоғары сапалы медициналық көмекті қажет ететін науқастарды госпитальдау қызметі енгізілген.
Госпитальдың өз ісіне адал қызметкерлерінің бірі – стационар меңгерушісі Айнагүл Жаманбаева 28 орындық терапевтік учаскенің күнделікті жұмысы жайлы әңгімелеп берді: «Стационар тамағы – диеталық тағам болып табылады. Госпиталь ешқашан бос болған емес. Соңғы кездері пациенттеріміз арасында пневмония және туберкулез ауруларының саны азайды. Бұған тексеру, науқастарды анықтау, диспансерлеу жұмыстарымен шұғылданатын мамандардың еңбегі зор».
Ішкі істер органдарына қызметке тұрарда, ІІМ-нің ЖОО-на оқуға түсерде, сонымен қатар, мекеме ішінде басқа лауазымға ауысарда медициналық іс-шаралардан өту қажет, соның нәтижесі бойынша округтік әскери-дәрігерлік комиссия куәгерлік жасайды. Денсаулығында ақаулары барлар анықталғанда жұмыс орнынан босатылады. 2018 жылы округтік әскери-дәрігерлік комиссия госпиталь құрамынан шығарылып, Ақмола облыстық ІІД штатына енгізілді. Комиссия төрайымы – жоғары санатты дәрігер Бақыт Жолдаспаева.
«Мен 2004 жылы округтік әскери-дәрігерлік комиссияға жұмысқа келгенде қабылдауда артериялық гипертензия, ишемиялық жүрек аурулары, жүрек-қан тамырлары жетіспеушілігі аурулары бар қызметкерлер біраз болатын. Емхана дәрігерлері аталған ауруларды емдеуде көп жұмыс жасады. Бұл өте ұзақ әрі тер төгетін жұмыс. Бүгінгі таңда айтарлықтай жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз», – деп еске алады округтік әскери-дәрігерлік комиссияның сарапшысы, медицина саласының маманы, жоғары санаттағы терапевт Елена Калинина.
Күнде өткізілетін отырыстарда комиссия сарапшылары актілерді қарап, оны қаралушылармен таныстырады. Елена Вениаминовнаның айтуынша, күнделікті орташа есеппен 15-30 адам тексеріледі.
Психиатр дәрігер Әсемгүл Хасенова медицина саласында 1996 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын тәмамдаған. «Психиатр жүріс-тұрысты, эмоцияны бақылайды, көзқарасқа, ым мен қимылға назар аударады. Зерттеліп жатқан адамның қойылған сұраққа дұрыс жауап беруіне, эмоциясына, шыдамдылығына баға беріп, талдау жасаймыз», – дейді психиатр мамандығының қыр-сырымен бөліскен Әсемгүл Шәкірқызы.
«Сұрақтар әңгімелесу ағынына байланысты, жұмысқа қатысты сұрақтар қоямын, жеке-психологиялық ерекшеліктерді зерттеймін», – дейді өз қызметі жайлы психолог Роза Мажикеева.
«Ішкі істер органдарының ЖОО-на оқуға түскісі келетін жастар арасында бүгінгі таңда майтабандар көп. Мұндай жағдайда біз жастарды травматолог, ортопедке жібереміз. Сонымен қатар, сколиоз, остеохондроз, жамбас сүйектерінің ақаулары секілді омыртқа аурулары да көбейіп барады», – дейді Ақмола облысы округтік әскери-дәрігерлік комиссияның сарапшысы, хирург Өтеген Жетеев.
Ақмола облысы ішкі істер органдары жүйесінде қызмет ететін медициналық қызметкерлер жеке құрамның әскери дайындығына тікелей жауапты. Барлық медициналық қызметкерлерге адал еңбектері, кәсібилігі үшін алғысымызды білдіреміз.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*