Жемқорлық жойылса екен…

Алғашқыда «сыбайлас жемқорлық» сөзі құлаққа түрпідей тиіп, жағымсыз естілетін. Кейін жемқорлыққа жол бергендердің тағдыры және онымен күресу жолдары теледидар мен баспа басылымдарында жарыса айтылып, халықтың біртіндеп еті үйренді, әрі үйреншікті сөздер қатарына қосылды.
Себебі, дамушы елдердегідей түп тамырын тереңге жайған қоғам індеті біздің жас мемлекетімізде өз дәуірін құрды. Ең сорақысы – заман ағымымен бірге өсіп-өркендей бастады. Халықтың көкейінде жемқорлық көріністерін қашан жоямыз деген сұрақтар мазалап, қоғам қасіретіне соңғы нүкте қойылса деген тілек бар.
Елбасы алға қойған басты тапсырмаларында сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділікті қалыптастыру қажеттігін айтты және сыбайлас жемқорлықпен күрес барлық деңгейде жүргізілсін деген тапсырма берген болатын.
Осы бағыттағы Төтенше жағдайлар департаментінің де мақсаты айқын. Өзге мемлекеттік органдар секілді, департамент өз алдына әрі басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптарды орындауда.
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мақсатқа жетуге бағытталған жұмыстарды үнемі жүргізетінін атап кеткен жөн. Осы бағытта мекеме «Нұр Отан» партиясының филиалымен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментімен, прокуратурамен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жеке құрам арасында дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, семинарлар мен дәрістерді жиі өткізеді, парақшалар мен брошюралар таратады, фильмдер мен бейнероликтер көрсетеді.
Бұл өз кезегінде жеке құрамның санасында оң пікірдің қалыптасуына септігін тигізіп қана қоймай, параның жетегінде, тура жолдан тайғандардың тағдырын қайталамас үшін әзірленіп көрсетілген бейнероликтер қызметкерлерге үлкен рухани ой салды.
Әрине, сыбайлас жемқорлық – дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке ел болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.

Нұргүл МҰҚАНОВА,
Батыс Қазақстан облысы ТЖД бас маманы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*