Ер шешуде, нар кешуде сыналар

Әлем елдеріндегі түрлі күрделі мамандықтар ішінде ең қиындарының қатарынан өрт сөндіру мамандығы ойып тұрып орын алатындығына ешкімнің таласы жоқ шығар. Себебі, жан баласы жақындай алмайтын ыстық, өте жоғары температурада өрт сөндірушілер өртті сөндіріп қана қоймай, қауіпті орында қалып қойған адамдарды құтқарып, құнды мүліктерді де қауіпсіз орынға шығарумен айналысады.
Алайда, өрт сөндіру саласының кез келген қайсар жігіттеріне атқарған істері ерлікке барабар екендігін айтып таңғалысыңызды білдірсеңіз, олар «бұл біздің жұмысымыз» деп сыпайы ғана жауап берер еді. Міне, бүгінгі әңгімемізге арқау еткелі отырған кейіпкеріміз де дәл осындай қарапайым жандардың бірі де бірегейі.

Ұранды ердің ұрпағы қайсар
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру мекемесінің кезекшілік қызметі өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары, азаматтық қорғау майоры Арман Сартаев 1974 жылы Талдықорған облысында дүниеге келгенімен, балалық шағының басым бөлігі Жамбыл облысы, Луговое ауданында (қазіргі Т. Рысқұлов ауданы) өткен. Әкесі Молдатай заң саласында қызмет атқарса, анасы Гүлдана ақ халатты абзал жандардың қатарында қызмет атқарып, ел игілігі жолында аянбай тер төккен еңбек адамдары.
Отбасында 2 ұл, 1 қыз болып ержеткен Сартаевтардың тұңғышы Арман 1989 жылы жергілікті жердегі Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепті тәмамдап, одан әрі білімін жетілдірмек ниетте Алматы қаласындағы әскери үгіт-насихат республикалық арнайы мектеп интернатын 1992 жылы аяқтап, одан әрі Алматы қаласындағы Өрт-техникалық училищесіне оқуға түседі. Мұнда Арман өзінің бала күнгі арманына бір табан жақындағандай болып, одан әрі өзін сымдай тартылған әскери киімде елестете бастайды. Десе дегендей, ол 1995 жылы аталған оқу орнынан өрт қауіпсіздігі технигі мамандығын игеріп шығып, алғашқы еңбек жолын Алматы қаласындағы №4 Өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымынан бастап, 1999 жылға дейін сонда қызмет атқарады. Одан әрі Жамбыл облысына ат басын бұрған Арман Шу қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы, 2009-2011 жылдар аралығында Оқыту пунктінде аға оқытушы лауазымдарында қызмет атқарып, 2011 жылдан қазіргі уақытқа дейін Кезекшілік өрт сөндіру қызметінде өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары лауазымында еңбек етіп келеді.
Қызмет барысында өзін жоғары деңгейдегі кәсіби маман ретінде таныта білген ол түрлі сипаттағы өр сөндіру жұмыстары мен төтенше жағдайлардың алдын алуға және апаттық құтқару жұмыстарына белсенді қатысып, бүгінде қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлерге өзінің бойындағы кәсіби білімін үйретуден еш шаршаған емес. Оның қызмет өткерген жылдарына шегініс жасап, көз жүгіртсек, бірнеше оқиғаның куәсі боларымыз сөзсіз. Соның бірнешеуіне тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз.

Ер жолдасы – тәуекел!
Мысалы, оның қатысуымен 2017 жылдың маусым айында Мойынқұм ауданы, Қосқұдық елді мекенінде табиғи өрт оқиғасы орын алды. Өрт кең ауқымға таралып, желдің қатты соғуына байланысты өртті өшіру барысында қиындықтар туды. А. Сартаев батыл және жедел шешім қабылдап, күштер мен құралдарды білікті басқаруының арқасында жеке құрамның нақты іс-қимылдарын ұйымдастырып, өрт сөндіру жұмыстары сапалы жүргізілді.
А. Сартаев 2015 жылдың 15-17 шілдесі аралығында Химиялық қаруларға тыйым салу жөніндегі ұйыммен Тараз қаласында өткен «Химиялық қауіпсіздік-2015» командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындалуға және өткізуге белсене қатысты. Оқу-жаттығудың практикалық бөлігін атқару барысында «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыштар зауытының аумағында өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің іс жүзіндегі әрекеттеріне басшылық етті, оқу-жаттығу барысында қойылған міндеттерді жетістікпен орындап, халықаралық бақылаушылардың жоғары бағасына ие болды.
2017 жылы Тараз қаласындағы Рахимова көшесінде орналасқан жатақханалардың бірінен өрт шыққанда күштер мен құралдарды өрт ошағына жұмылдырып, Тараз қ. №1 және №15 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамымен 50-ден астам адамды қауіпсіз орынға көшіруге атсалысады.
2017 жылғы қаңтар айының 7 жұлдызы 04 сағат 27 минутта Күштер мен құралдарды басқару орталығы өрт сөндіру байланыс орталық пунктіне Тараз қаласы Б. Момышұлы көшесі №52 «Б» мекен жайында орналасқан екі қабатты «Мыңбұлақ» шағын сауда орталығының өртенуі туралы хабар келіп түсті. Дабыл бойынша өрт орнына Тараз қаласының мемлекеттік өртке қарсы қызмет гарнизоны бөлімшелерінің шығу кестесіне сәйкес шақыртудың жоғары 2 нөмірімен (№2 рангалы) қалалық өрт сөндіру бөлімшелерінің күштері мен құралдарды және жедел топ қызметкерлері жіберілді. Оқиға орнына өрт сөндіру есептері жеткен уақытта ауысым басшысының жедел барлау жүргізуі барысында шақыртудың жоғары нөмірі расталып, «Мыңбұлақ» шағын сауда орталығының бірінші және екінші қабатында орналасқан сауда орындарының өртеніп жатқаны және 5 метр қашықтықта жақын орналасқан 5 қабатты тұрғын үйге және 10 метр қашықтықта орналасқан «Айрылмас» сауда орталығына таралу қаупі туындағаны анықталды. Өрттің жалпы көлемі 450 шаршы метрді құрады. А. Сартаев өрт орнына жете салысымен өрт сөндіруге жетекшілік етуді өз қолына алып, оның сауатты шешім қабылдауының және шапшаң әрекет етуінің нәтижесінде өрт қысқа уақыт ішінде ауыздықталып, толығымен жойылды.
Сонымен қатар, 2018 жылы Арман Сартаевтың кезекшілігі күні Тараз қаласы, Бөлтірік шешен көшесіндегі өртке оранған тұрғын үйдегі өртті №1 Өрт сөндіру бөлімі мен №1 және №15 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамымен бірлесе отырып сөндіріп, мас күйде қалып қойған адамды қауіпсіз орынға шығарып, оған алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетілуіне ықпал еткен. Нәтижесінде жақын орналасқан қос бірдей тұрғын үйді өртке оранудан аман алып қалады.

2018 жылдың 1 мамырында облыс жұртшылығы еліміздің Бірлік күнін тойламаққа мәре-сәре болып қызу дайындалып жатқанда 09 сағат 12 минут шамасында 101 телефон нөміріне Жамбыл ауданы, Түрксіб ауылы, К.Асабаев көшесіндегі №1 «б» мекенжайындағы тұрғын үйдің бірінен өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына қалалық №3 Өрт сөндіру бөлімінің 1 және 2-бөлімшесі шұғыл аттанады. Өрт сөндіру бөлімінен 8 шақырым қашықтықтағы өрт орын алған аумаққа жеткен өрт сөндірушілер жедел түрде барлау жүргізіп, нәтижесінде қалың түтін астында қалған тұрғын үйдің ішінде 3 адамның қалып қойғандығын және олардың 2-і балалар екенін анықтап, одан әрі бүркемелеу тәсілімен су бере отырып, үй ішіне еніп те үлгерген еді. Осы уақытта Кезекшілік өрт сөндіру қызметі де оқиға орнынан табылып, жағдайды басқаруды өз қолдарына алып, нәтижесінде есікті бұзып кірген өрт сөндірушілер өртке оранған үй ішінен кәмелетке толмаған екі бүлдіршін мен әйел адамды құтқарып шығарып, алғашқы көмек көрсетеді. Өрт 09 сағат 41 минутта оқшауланып, 09 сағат 45 минутта толық сөндіріледі.

Ұранды ердің ұрпағы қайсар
Міне, осы және өзге де өрт оқиғаларының басы-қасында жүріп, жиған-терген білімін өзінен кейінгі өскелең ұрпаққа үйретуден шаршамайтын Арман Сартаев секілді өз ісінің майталман мамандары, абзал ерлері барда өрт сөндіру саласы да дами бермек.
Өз ісінің үздігі Арман мұнан өзге түрлі сипаттағы дала өрттерін жою мен апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ, түрлі деңгейдегі оқу-жаттығуларға да белсенді атсалысып келеді. Бүгінде ұжымға сыйлы Арман ағамыз жұбайы Айсұлу екеуі Мадияр есімді ұл мен Дана атты қызды тәрбиелеп отырған ұлағатты әке.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, ұлы Мадияр өрт сөндіру ғимаратына әкесімен бірге серуендеп келіп, өрт сөндіру автокөліктерімен танысып, жауынгерлік киімдерін киіп көруді әдетке айналдырған. Бүгінде ол «өрт сөндіруші боламын» деп болашақ мамандығын таңдап та қойған. Ал біз өз тарапымыздан Мадиярға Төле бише «атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі, өзіне келер ұятты, өзі біліп тұрса игі» деген нақыл сөзді арнағымыз келеді.

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру мекемесі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*