Қайратына әдісін жолдас еткен

«Полицейлер – адамдардың құқығы мен бостандығын қорғай отырып, қылмысқа қарсы күрес жүргізуде алдыңғы қатарда тұратын адамдар»
                                                                                                                                                                                                                        Н.Назарбаев
«Қай жұмысты алып қарасаң да, әрқайсының өз қиындығы бар. Әсіресе, қылмыстық іздестіру саласында қызмет ету әркімнің қолынан келе бермейді. Жыл өткен сайын бұл сала өз қызметін жетілдіріп келеді. Бүгінгі қылмыстық іздестіру саласының қызметкерлеріне қойылар талап та жоғары. Қызметін мінсіз атқарумен қатар, жедел уәкіл адалдық, тапқырлық, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерді бойына жинай білуі қажет», – дейді бүгінгі біздің кейіпкеріміз, Қарағанды қалалық ІІБ Орталық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аймақтық-аумақтық тобының аға жедел уәкілі, полиция майоры Ринат Сейдаметов.
Ринат ішкі істер саласында 1998 жылдан бастап қажырлы еңбек етіп келеді. Осы жиырма жыл уақыт аралығында Ринат Рустемұлы өз біліктілігін көрсетіп, бүгінгі күні тәжірибелі қызметкерге айналған. Ішкі істер органында қызмет өткеру кезінде өзін кәсіби-сауатты, қызметіне адал қарайтын қызметкер ретінде жақсы жағынан көрсете білді. Бүгінде еткен еңбегінің, өзінің қызметтік міндетіне аса жауапкершілікпен қарағанының арқасында, кейіпкеріміз талай қылмыстың ашылуына өз үлесін қосып келеді.
Ринат Рустемұлы 1980 жылы қазан айында Атырау қаласында дүниеге келген. 1998 жылы Қарағанды қаласындағы №47 жалпы білім беретін мектепті бітіріп, ІІМ Қостанай заң институтына оқуға түседі. Кейін ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына ауысып, оқуын жалғастырады. 2002 жылы Қарағанды Академиясын «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша үздік тәмамдайды.
Еңбек жолын қазіргі уақытта қызмет атқарып жатқан Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасының Орталық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі лауазымынан бастап, аға жедел уәкілі лауазымына дейін көтерілді. 2009-2012 жылдар аралығында Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасының мүліктік қылмыстарды ашу бөлімшесінің аға жедел уәкілі болып қызмет атқарды.
Ринат Рустемұлы қызметтік міндеттерін атқару барысында кәсіби шеберлік танытып, қызмыспен күресу және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгені үшін 25 рет марапатталған. Ел тыныштығын, қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлердің қатарынан көріне білді. Жедел қызметтің қыр-сырын толық меңгерген Ринат Сейдаметов жас мамандарды дайындауда және олардың қалыптасуында өзінің тәжірибеге бай өмір жолдары мен қылмыстық іздестіру қызметінің қыр-сырларын жас қызметкерлерге үйретіп келеді. Өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, міндетін мінсіз атқаруға тырысады. Әріптестерімен қоян-қолтық қызмет атқарады. Ол қазіргі заманға сай техникаларды жақсы, әрі жетік меңгерген. Қазіргі таңда қоғам өзгерген сайын қылмыс түрі де өзгеруде. Ал, осы қылмысты ашуда, қылмыстың алдын алуда полиция майоры Ринат Рустемұлы сияқты қызметкерлердің еңбегі салмақты.
Отбасында жұбайы екеуі 2 ұл бала тәрбиелеп отырған бақытты, үлгілі жұп. Еліміздің берекелі отбасыларының бірі деп айтуға әбден лайық.
Ринат Рустемұлы қылмыстық іздестіру қызметінде қызмет атқарып келе жатқан 20 жылдың ішінде қызметтік міндеттерін атқару барысында ең қауіпті жағдайдың бірі – 2003 жылы 2 қылмыскерді ұстау болғанын айтады. Жанында жол-патрульдік полициясының қызметкері екеуі гараж тұрғын үй алабында 2 ұрлықшыны қылмыс үстінде кезіктіріп қалған. Қылмыскерлер қаруланған болып шығып, полиция қызметкерлеріне ұсталмас үшін оқ атып, араларында атыс болады. Сол атыста Ринат Рустемұлына оқ тиіп жарақат алады. Бірақ, ол жарақат алғанына қарамастан жанындағы жол-патрульдік полициясының қызметкері екеуі қандықол қылмыскерлерді ұстайды. Оқ атуды бастаған қылмыскердің біреуіне оқ тиіп, сол жерде жан тапсырады. Екінші қылмыскер қолға түседі. Міне, қызмет барысындағы жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін ауыртпалықтарға төтеп беріп, қызметін адал, үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқан полиция қызметкерінің бірі – Ринат Сейдаметов деп айтуға болады.

Айман ИСАБЕК, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*