Музей – патриоттық тәрбие мекені

Ақтөбеде «Оксана» украин этномәдени бірлестігінің жанындағы балалар полилингвистикалық лагерінің демалушылары облыстық ІІД мұражайына келді.
ІІМ жариялаған «Бақытты балалық шақты қорғау жылы» аясында Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің мұражайы балаларға арнап тәрбиелік мәні терең мазмұнды бастаманы қолға алды.
Мұражай меңгерушісі Айша Өтеулина келушілерге ішкі істер органдарының қалыптасу тарихын, тәртіп сақшыларының жұмысын құнды жәдігерлер арқылы қызықты етіп баяндап берді.
Мұражайдағы ескі заттар, байланыс құралдары, киім үлгілері, фотоқұжаттар, техникалар балалардың қызығушылығын туғызды. Әсіресе, ескі телефондар мен қару үлгілерін балалар таңданыспен тамашалап жатты.
– «Оксана» этномәдени бірлестігі әлеуметтік тапсырыспен осындай тегін жазғы лагерь ұйымдастыруды ұтып алған болатынбыз. Бірлестік төрағасы Валентина Моисеенко балалардың жазғы демалыстарын қызықты әрі ұтымды ұйымдастыруға көп көңіл бөледі. Біз 30 шақты оқушыны Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің мұражайына экскурсияға алғаш әкеліп тұрмыз. Бізге өте ұнады. Балалар полицейлердің қызметімен танысты. Меніңше, осындай шаралардың жас балғындарды патриотизмге тәрбиелеуде өзіндік рөлі айтарлықтай. Мұражайға жиі келіп тұратын боламыз, – деді лагерь жетекшісі Роза Долженко.
– Ішкі істер департаментінің мұражайына алғаш келіп тұрмын. Маған, әсіресе, ескі қарулар қатты ұнады. Олардың киім үлгісі маған ерекше ұнайды. Олар бізді қорғайды. Мен өскенде елімнің тыныштығын қорғайтын осындай тәртіп сақшысы болғым келеді, – дейді Ақтөбе қаласындағы №13 орта мектептің 4 «б» сынып оқушысы Алтынбек Әбілов.
Бұл шараның танымдық маңызы да зор. Балалардың азаматтардың қауіпсіздігі мен ел тыныштығын қорғайтын тәртіп сақшыларының қызметіне деген құрметі артты. «Өткенді білмей, ертеңіңді бағдарлай алмайсың» дейді даналар. «Өскелең ұрпақты елін сүйетін, ерлерін қадірлейтін, намысы мен ерік жігері мықты, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу үшін тарихты білудің орны ерекше» дейді шараны ұйымдастырушылар. Бүгінде Ақтөбе облыстық ІІД мұражайында 3 мыңға тарта жәдігер сақталған. Мұражай қоры жыл сайын толығып келеді.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*