Сертификат – сенім белгісі

18 шілде күні ІІМ Оқу орталығында (Павлодар қаласы) ішкі істер органдарының орта басшы құрамының 54 тәлімгеріне ресми түрде арнайы бастапқы оқыту курсын бітіргені туралы сертификат тапсырылды.
Салтанатты жиында алғаш болып сөз сөйлеген Оқу орталығы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Ерболат Оразалин жас қызметкерлерді Оқу орталығының командалық-оқытушылар құрамы және тікелей өз атынан арнайы бастапқы оқыту курсының аяқталуымен құттықтады.
«Полиция қызметкерлерінің қиын да тынымсыз еңбегінің арқасында халқымыздың ұйқысы тыныш, көңіл жайлы, өмірі бейбіт! Осы міндеттеріңізді абыроймен атқарып, Отанымызға қызмет етеді деп сенемін. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, бақ-береке, бейбітшілік, ырыс пен ынтымақ, ерлік пен рухани күш-қуат тілеймін!», – деді Ерболат Абылайұлы құрылған сап алдында.
Оқу орталығында орта басшы құрамының тыңдаушылары екі ай арнайы бастапқы оқыту курсында мамандандырылған қүзет қызметі, қылмыстық атқару жүйесі және ішкі істер органдары желісі бойынша оқыды. Осы мерзімде арнайы дайындық, заң дайындығы және арнайы тактикалық дайындық пәндерінен білім игерді. Полиция қызметкерлеріне тән қатаң тәртіп пен жарғыларды сақтау, ҚР заңдарын жетік меңгеру, табельдік қаруды қолдану, т.с.с. кәсіби сабақтармен қатар, тыңдаушылардың қатысуымен танымдық дөңгелек үстелдер өткізу, пәндік олимпиадаларды ұйымдастыру, көпшілік мәдени мерекелік іс-шаралар өтті. Оқу барысында тыңдаушылар жинақтаған теориялық білімдерін практикалық сабақтарда ішкі істер бөлімдерінде және түзеу мекемелерінде жүзеге асырды.
Қазіргі таңда ішкі істер органдарының орта басшы құрамына кадрларды даярлайтын Оқу орталықтарының алатын орны ерекше, оларға артылған жауапкершілік те зор. Бұлай деуімізге бірден-бір себеп – бұл орталықтарда полиция қызметінің нағыз қайнаған қызмет ортасында жұмыс істейтін жол-патрульдік және учаскелік полиция, сонымен қаттар, тергеу, жедел уәкіл қызметкерлері әзірленіп шығарылады. Еліміз бойынша жұмыс істейтін сегізден астам орталықтың ішінде Павлодар қаласындағы Оқу орталығының да үлес салмағы басым. Ал тапсырылған сертификаттар полиция қызметі секілді күрделі саланың жас мамандарына артар сенімінің бір белгісі ғана болмақ.

С. РАХМЕТОВА, Павлодар қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*